МЕНІҢ ЕСЕПШОТЫМ (әңгіме)

Айлық жалақым 50 долларға көбейгендіктен, банкте есепшот аштырып, артық ақшамды ай сайын аударып отырмақ болдым.

Банк табалдырығынан аттап, ішке кіргенімде, белгісіз бір үрей бойымды билеп алды. Қызметкерлер де, үстелдер де, ақша да – бәрі де мені үрейлендірді. Өзімді-өзім билей алмай, мәңгірген бір күй кештім. Банк қызметкерлеріне құбыжық көргендей шошына қараған мен есепшот аштыру үшін міндетті түрде менеджерге жолығу керек деп ойладым. Жүрегім дүрсілдеп, қол-аяғым дірілдеген күйде «Есепші» деген жазуы бар үстелге таяндым. Есепші ұзын бойлы, өзін сенімді ұстайтын адам екен. Оның кербез болмысы менің ішкі қобалжуымды арттыра түсті. Көрден шыққандай боп өңім қашқан мен даусым дірілдеп:

– Менеджермен жолыға аламын ба? – деп сұрадым да, «Оңаша әңгімем бар» дегенді және қосып айттым. Неге оңаша жолығуды қалағанымды өзім де білмеймін.

-Әлбетте, – деп жауап берген есепші менеджерді ертіп келді.

Менеджер салмақты, байсалды адам екен. Мен сөмкемдегі 56 долларды ойыншығын қызғанған баладай қысып ұстап алыппын. Есепші ертіп келген адамның менеджер екенін біліп тұрсам да:

-Сіз менеджерсіз бе? – деп сұрадым.

-Иә, – деп жауап берді ол.

-Мен сізбен сөйлесуім керек, – дедім де, тағы да «Оңаша» дегенді қосып айттым. Бұл жолы да неліктен оңаша сөйлесуді қалағанымды өзім де түсінбедім.

Аса құпия бір әңгімесі бар деп ойлаған болуы керек маған қобалжи әрі мазасыздана бір қарап алды. Содан соң «Маған еріңіз» деп, жеке бөлмесіне алып келді де, есікті іштен кілттеп қойды.

-Мархабат, мырза, отырыңыз. Мұнда біздің сөзімізді ешкім де бөлмейді, – деді менеджер.

Біз біраз уақыт бір-бірімізге үнсіз қарап отырдық. Мен сөзді неден және қалай бастарымды білмедім.

– Сіз Пинкертонның (Пинкертон – Америкадағы детективтердің танымал бірлестігі) детективісіз-ау деймін?

Жұмбақ мінез-құлқымнан мені детектив деп ойлап қалса керек. Іштей өзімді одан бетер жайсыз сезіндім.

-Жоқ, Пинкертоннан емес, – деп жауап бердім (Пинкертоннан емес, басқа бірлестіктің детективімін дегендей сыңай танытып). Бірақ әңгімені жұмбақтап одан әрі соза беруді жөн көрмедім.

-Шынымды айтсам, мен ешқандай да детектив емеспін. Өзіме есепшот аштыру үшін келдім. Бар ақшамды осы банкте сақтағым келеді, – дедім.

Менеджер арқасынан ауыр жүк түскендей жеңілденіп қалса да, сабырлы қалпын бұзбады. Мені өте бай адам деп ойлаған ол Росчайлд әулетінің мүшесі деп жорамалдады.

-Көп мөлшерде салым салмақшысыз-ау деймін? – деп сұрады.

  • Әрине, көп мөлшерде, – мен сыбырлай сөйледім, – бұл банкке дәл қазір 56 доллар және ай сайын 50 доллар салым салып тұрмақшымын.

Менеджердің түсі бұзылып кетті. Орнынан тұрып, есікті ашты да, дауыстап есепшіні шақырды.

  • Монтоголери мырза, – деді ол қатқыл да ашулы дауыспен, – бұл кісі есепшот аштырғысы келеді. 56 доллар салым салмақшы.
  • Қайырлы таң!

Мен орнымнан тұрдым. Бөлменің түкпірінде үлкен темір есік ашық тұр еді. «Қайырлы таң» дедім де, сейфтің ішіне кірдім. Менеджер суық үнмен:

  • Шығыңыз, – деді де екінші есіктің бағытына нұсқады.

Мен қайтадан есепшінің үстеліне жақындадым да, сөмкемнен 56 долларды шығарып, есепшіге бердім. Өңім өліктей бозарып кеткен еді.

  • Мұны менің есепшотыма салыңыз, – дедім жалынышты үнмен.

Есепші ақшаны алып, басқа бір қызметкерге берді. Ол ақшаның сомасы мен аты-жөнімді жазу үшін маған бір құжаттар ұсынды. Одан әрі не болып жатқанын жөнді түсінбедім. Көз алдым сағымдай бұлдырап кетті. Ақырында дірілдеген үнмен:

  • Есепшот ашылды ма? – деп сұрадым.
  • Иә, – деді есепші.
  • Онда мен 6 долларды аламын.

Әлдекім маған чек беріп, әлдекім қалай толтыратынын түсіндіріп жатты. Мен мең-зең күйде қажетті соманы жаздым да, чекті қызметкерге бердім. Ол чекті көрді де:

  • Бұл не мазағыңыз?! Сіз бүкіл 56 долларды қайтадан алмақшысыз ба?! – деді даусы қатты шығып.

Мен алтының орнына елу алты доллар деп жазып қойғанымды сонда ғана ұғындым. Алайда сыр бермей, әпенділігімді бүркемелеуге тырыстым. Банктегі бар қызметкерлер жұмысын қойып, маған аңтарыла қарап қалыпты. Шұғыл шешім қабылдауға тура келді.

  • Иә, бар ақшамды қайтадан аламын.
  • Есепшотыңызды жауып, ақшаңызды қайтып алғыңыз келе ме?!
  • Иә, әр центіне дейін.
  • Бұдан кейін мүлде салым салмайсыз ба сонда?! – деді есепші таңданып.
  • Ешқашан.

Маған қызмет көрсетіліп жатқанда, бір нәрсеге көңілім толмай, сол олқылықтың кесірінен шотын жауып жатыр деп ойлайды ма деген ақымақ үмітім бар болатын. Қызуқанды, қызба мінезді адам болып көрінуге барымды салдым. Қызметкер ақшамды қайтарып бергенде, барынша маңғаздана басуға тырысып, сыртқа беттедім. Тысқа шыққанымда, ашық қалған есіктен қыран-топан күлкіні естідім. Міне, содан бері мен банк қызметін мүлде пайдаланбаймын. Артық ақшам болса, шалбарымның ішқалтасында, ал күміс долларымды шұлығымда сақтаймын.

                                                                                СТИВЕН ЛИКОК, Канада мемлекетінің жазушысы, экономист

Ағылшын тілінен аударған Алпамыс ФАЙЗОЛЛА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті