Мектепте жүріп «мама», партада отырып «папа»

немесе Жамбылда үш айда 91 оқушының жүктілігі анықталды

Бүгінде мектепте жүріп «мама»,  партада отырып «папа» атанып жатқан оқушылардың саны артқаны жасырын емес. Бір ғана Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылы Әбдір Сағынтаев атындағы орта мектептің оқушысына қатысты жыл басында орын алған оқиға дүйім жұртты дүр сілкіндірген болатын. Небәрі 16 жасар қаршадай қыз тоғыз айлық толғағы келгенше жүктілігін жасырып, соңы қайғылы оқиғаға ұласқан-ды. Міне, осы жағдайдан  кейін талайлар етек-жеңін жиып, жөнге келеді деп пайымдағанбыз. Алайда ағымдағы жылдың үш айлық көрсеткішіне көз жүгіртсек, аяғы ауыр болған мектеп оқушыларының саны әлі де болса азймай  тұр.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, үстіміздегі жылдың есепті кезеңінде 91 оқушының аяғы ауыр екені анықталыпты. Оның 71-і ауданда тіркелсе, 25-і қалаға тиесілі. Ал мектептегі «мамалар» саны бойынша Қордай ауданы 20 фактімен көш бастаса, Меркі ауданында 15 мектеп оқушысының жүктілігі анықталған. Десе де, басқарманың ана мен балалар денсаулығы жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Гүлсім Жақсыбекованың айтуынша, бұл көрсеткіштер алдыңғы жылға қарағанда азайған көрінеді.мектеп мама222

-Негізі өткен жылдың осы кезеңінде  облыс бойынша 132 кәмелетткі жасқа толмаған қыздардың жүктілігі тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 41 фактіге азайып отыр. Бұл дегеніңіз денсаулық, білім басқармасы мен ішкі істер департаментінің бірлесе жұмыс жасауының нәтижесі болып  жатыр деген сөз.

Жалпы мұндай үшжақты күшті жұмылдыра жұмыс жасау Талас ауданында орын алған оқиғадан кейін мықтап қолға алынған болатын. Содан бері, апта сайын әр мектептегі жағдайды жеке-жеке зерделеп, қорытындысын шығарып отырмыз. Десе де, біз мектеп оқушыларын жүктілікке тікелей тексере алмаймыз. Ол заңға қайшы. Бірақ, жоспарлы медициналық тексеріс кезінде осы мәселеге жіті көңіл бөліп, аяғы ауыр қыздар анықталса бірден шаралар қолданудамыз.

Тағы бір айта кетерлігі,негізі  жүкті болған мектеп оқушыларының дені тұрмыс құрғандар. Мәселен, мұндай жағдай Қордай ауданындағы дүңген ұлттарында көп кезігуде. Әрине, бұл заңға сай болмағандықтан, бұл бағытта да түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз, — дейді Гүлсім Қалдарбекқызы.

Иә, басқарма басшысының орынбасары үстіміздегі жылдың үш айында  жүргізілген тексерістердің қорытындысы  бойынша  осындай ақпар берді. Оның айтуынша, мектеп оқушыларының жүктілігі алдыңғы жылға қарағанда биыл айтарлықтай азайған көрінеді. Алайда, небәрі үш айдың ішінде тіркелген 91 фактінің өзі аз ба, көп па?

Өткен жылғы сандарды сөйлетсең, төбе шашың тік тұрады. Ресми мәліметке сүйенсек, былтыр 372 оқушы мектеп қабырғасында жүріп «мама» атанған екен. Оның ең көбі Тараз қаласында 94 факті тіркелсе, Қордайда – 92, Байзақ пен Шуда – 36, Меркіде – 31, Жамбылда – 26, Мойынқұмда – 11, Сарысуда – 9, Жуалы мен Талас ауданында – 6 оқиға орын алған. Жас ерекшелігіне келсек, 17 жасар 299 оқушының аяғы ауыр болса, 16 жасар 63, 15 жасар 10 қаршадай қызымыз ерте жастан ана атанған. Байқап тұрсаңыз бесіктен белі шықпай бала босанған  оқушыларымыздың саны жаға ұстатар күйде. Егер басқарма басшысының орынбасары айтқандай үш ай сайын 91 мектеп оқушыларының жүктілігі тіркелетін болса, онда жыл соңына дейін 364 мектеп жасасындағы «мамалар» шығуы бек мүмкін екен. Сонда өткен жылғы көрсеткішті межелеп қалуымыз да ғажап болмай тұр.

Енді бұл ерте жастан ана атанған оқушылардың санын азайтуға не істемек керек дегенге келер болсақ, облыс әкімдігінің білім басқармасы бірқатар шаралар жүргізген екен. Нақтырақ айтсақ,  биыл басқарма тарапынан «Кәмелеттік жасқа толмаған қыз балалар арасында ерте жүктілігінің алдын алу мәселері», «Балалар мен жасөспірімдерге отбасы, адамгершілік және жыныстық тәрбие беру мәселелеріндегі отбасы, мектеп және социумның өзара қарым-қатынасы», «Әрбір бала өз отбасымен бірге тұруы тиіс» сынды жиындар мен акциялар ұйымдастырылып, ұстаздар мен ата-аналарға  түсіндірме жұмыстары жүргізілген екен. Сондай-ақ, басқарма мамандары жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жүргізілетінін айтады.

Әрине, мұндай жиындардың өткені дұрыс  шығар? Алайда құр бас қосып,  ақпарақтағы ақпаратты баяндап  шыққаннан айтарлықтай  пайда бар ма? Әй, қайдам. Жоғарыда айтылғандай үш айдың өзінде 91 факті тіркеліп жатқанда, бұл жиындар өтті-кетті, есеп үшін ғана ұйымдастырылып жатқан басқосулар сияқты.

Қалай дегенде де, мектеп жасындағы оқушылардың жүктілігі қоғам үшін ғана емес, жас аналардың денсаулығына да  қауіп төндіріп тұрғаны анық. Гүлсім Жақсылықованың айтуынша, 18 жасқа толмаған қыздардың жүкті болуы  көп жағдайда баланың да, ананың да өміріне қауіпті екен. «Ана болуға психологиялық және физиологиялық тұрғыдан дайын емес қыздардың бала көтеруі оның денсаулығына көп зиянын тигізетіні сөзсіз. Оған қоса, нәресте де сау тумауы бек мүмкін. Сол үшін қазір оқушыларға да, ұстаздарға да, ата-анағада осы жағын жақсылап түсіндіру қажет», -дейді маман.

Иә, басқарма басшысы орынбасарының сөзін орынсыз дей алмаспыз. Өйткені өзі бала болып тұрып, бала көтеру  жас ананың денсаулығына кері салдарын қалдырмай қоймайтыны  анық.

Негізі қазір мектеп оқушыларының жүктілігіне көпшілік   ата-аналар мен мектеп мұғалімдерін кінәлап жатады. Әрине, буыны қатпаған балаға күндіз мектеп, түнде ата-ана жауапты. Десе де, мойындайтын бір факты — осы мектеп оқушыларына жау алыстан келіп жатпағаны анық қой. Көп жағдайда мектеп жасындағы қыздарымыз қарсы партада отырған сыныптасынан немесе жоғары кластың оқушысынан  жүкті болып қалып жатады. Оған қоса, колледж студенттерінен жастай бала сүю сорына кенеліп жататындар да бар. Оған  жыл басында Талас ауданы Үшарал ауылының  қаршадай қызының арнайы орта оқу орнының студентінен аяғы ауыр болып қалғаны анық дәлел бола алады. Сондықтан бұл мәселеге әркімді кінәлай бергенше ең алдымен бала психологиясымен жұмыс жасау керек сияқты. Ол үшін мектепте саны бар сапасы жоқ тәрбие сағаттарын өткізгенше, қыздарға жастай босанудың қияметін ащы да болса көздеріне шұқып тұрып көрсету қажет. Сондай-ақ, мектеп жасындағы балаларға кәмелеттік жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу заңмен қудаланып, соңы темір тормен аяқталатынын жіті ұғындыру керек. Олай дейтініміз бүгінгі жастар заң мен абақтыдан қорықпаса,   басқасынан қорықпайтыны анық. Ал қыздарымызға нақты факті мысалдармен, қала берді арнайы видеолармен  бала көтерудің  ауыртпалығын түсіндірмесең, құр айтқан ақылыңды құлақтарына ілмейтіні белгілі. Сондықтан бүгінгі билік мектеп қабырғасында аптасына бір мәрте дәріс оқитын құқық саласы мен медицина, оның ішінде  гинекология  мамандарын белгілеп,  осындай батыл қадамдар жасау қажет сияқты.

Мүмкін сонда мектепте жүріп «мама», партада отырып «папа» атанатындардың саны азаятын болар.

Саятхан Сатылғанов