Мейірімді Алланың мейірі тұнған Рамазан

Ей, иман еткендер үнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей, ораза парыз етілді.  («Бақара» сүресі, 85-аят)

Алла тағала адам баласын қасиетті Құранда «инсан» деген атпен атаған. Бұл сөздің қазақша мағынасы ұмытушы дегенді білдіреді. Ендеше, біздер ұмытушымыз. Ақылымыз да шектеулі. Сол себепті бір-біріміздің есімізге салып отыру — мұсылмандық міндетіміз. Ардақты ағайын, «бейнеттің де зейнеті бар» деп атам қазақ айтқандай, Алла жолында төгілген тер, көрген бейнет ақталады. Ал дүние үшін қайрат жұмсау маңдайыңыздан шыққан бір тамшы терге татымайды. Бүгін бар да, ертең жоқ. Дүние — алдамшы нәрсе. Сол үшін бабаларымыз «дүние жалған» деп тамаша тәмсіл қалдырған. Алланың разылығы үшін жасаған жақсы амалдарыңыз бен құлшылығыңыздың қайтарымы сіздің еншіңізден ешқайда кетпейді. стеген ізгі  ісіңіз, өзіңізден басқа ешкім ала алмайтын банкоматтағы жеке шотыңызға салған ақшаңыз сияқты. Сізден басқа ешкімнің еншісіне бұйырмайтын сауапты амалыңыз ақыреттегі азығыңыз болып қала бермек.

Алла Тағала пенделерінің істеген ізгі істерінің қарымтасын  он еселеп қайтаратыны жайлы қасиетті Құранда былай деп уәде берді: «Кім жақсы амалмен келсе, оған сондайдың оны еселеніп беріледі…». («Әл-Әнғам» сүресі, 160-аят). Ал Жаратқанға жағымды, жақсы істі Рамазан айында жасап жатсақ, сауаптың тіпті сан еселенетіні сөзсіз.     Себебі бұл ай — мейірім айы. Бұл ай — істеген әрбір жақсылығымыз бізді Жәннатқа жетелейтін айлардың сұлтаны. Алла ұлы. Алла шексіз құдіретті. Алла шексіз мейірімді. Алланың әділдігін айтып тіліміз тіптен жетпесі анық. Ал соншалықты әділ болған ұлық Алла Өзі берген уәдесін бұзбайтыны бәрімізге белгілі. Ендеше, Алланың ұлы уәдесінің бірі — осы Рамазан айы. Алла тағала қасиетті Құранды осы Рамазан айында түсірді және сол қасиетті Құран түскен Қадыр түнін мойнын иген мұсылманға мың айдан да қайырлы етіп қойды. «Негізінен Құранды Қадыр түнінде түсірдік. Қадыр түнінің не екенін білесің бе? Қадыр түні мың айдан да қайырлы». («Қадыр» сүресі, 1-2-3-аяттар). Ойлаңызшы, мұнан басым түсер басқа бақыт бар ма?  Әлбетте, жоқ. Әрбір пенде үшін Алланың сауабын алудан асқан бақыт болуы мүмкін емес. Мейірімді Алланың мейірімін мұсылмандарға сыйлаған Рамазан айының қасиеті жөнінде Ибн Аббас (р.а.) келтрген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егерде менң үмбетм Рамазан айының шнде қандай қасиеттер бар екендігін білсе ғой, онда жылдың барлығы рамазан айы болса екен деп үміт еткен болар еді», — дейді. Рамазан айының қадірі туралы Хақ елшісі (с.ғ.с): «Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза — Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлден аузынан шыққан исі мен үшін миск әтірінен де тамаша», — дейді.

Имам Тобарани және имам Ибн Нәжжәр риуаят еткен бұл хадисте Буба ибн Әс-Самит (р.а) айтады: «Рамазан таяп қалған болатын. Расулуллаһ (с.ғ.с) бір күні: «Береке айы болған Рамазан жақындап қалды. Бұл айда Хақ тағала сендерге назарын салады. Әрі рахметін түсіріп, күнәларды кешіріп, дұғаларды қабыл етеді. Алла тағала сендердің игілік істеуге жарысқандарыңды көріп, оны періштелерінің алдында мақтаныш етеді. Ондай болса, Хақ тағалаға жақсы амалдарыңды көрсетіңдер Тіпті, осы айдың өзінде Алла тағаланың рахметінен мақұрым қалған пенде ақиқатында бақытсыз»,— деді». Егер Алла тағала пендесін жақсы көрмесе, пендесінің істеген болмашы ізгі ісін періштелер алдында  мақтан етер ме еді? Бұл Алланың пендесіне деген пейілінің, нағыз мейірімнің керемет көрінісі емес пе? Аса мейірімді Алланың рақметінен алыс қалған адам, шындығында шынайы бақытсыздықтың бұлты басына төнген бейбақ болмақ. Ал бұл дүниедегі Құдайға қылған құлшылығыңыз, қияметте қыл көпірден қиналмай өтуіңіздің кепілі еді. Осы кепіл болар керемет мүмкіндікті мейірімді Алла Рамазан айының еншісіне жазып қойыпты. Басқа айларда жасаған құлшылықтан сауабын сан есе артық етіп Рамазандай ұлы құлшылық айын берген мейірімді Алланың мейіріміне бөлену бақыты бұйырып тұрған осы орайлы сәтті оңтайлы пайдаланып қалуға барымызды салайық, бауырлар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Рамазан айының алғашқы он күні — мейірім, ортасы — күнәдан арылу, соңы — тозақ отынан құтылу», — деген. Олай болса, бауырлар, сансыз сауаптан салымсыз қалмауға қамданайық Сауаптың сыйы сұлулығына сөз жетпес жұмақтың сарайы болмақ. Мейірімді Алланың мейірінен айырылып, Жаратқан Ием өзі уәде еткен Жәннаттың сарайынан құр қалу — бақытсыздық. Алла тағалам ақыреттегі бақытсыздықты басымызға бермесін Ақыреттік азығымызды аямай үйіп берген берекелі Рамазан айында сүбелі сауапты сүзіп алып, қамбамызды «қазынаға» толтырайық, қадірменді халайық Алла тағала елімізге, жерімізге амандық, тыныштық сыйлап, берекесі бұзылмаған Отанымызда бейбітшіліктің бесігі тербеле бергей!  Әмин!

  Нұржан қажы Таласұлы,      

Алматы қаласы, «Таугүл-3» мешітінің бас имамы