Mедициналық сақтандыруды енгізу мерзімі өзгерді

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мерзімі 2018 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық қызмет төлемі комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Шайхыбекова мәлімдеді.

«Қолданыстағы заңнама бойынша медициналық көмек құқығы медициналық сақтандыру жүйесінде 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап кірісе береді. Мұнымен қоса, Мемлекет басшысынан медициналық сақтандыруды енгізу мерзімін жарты жылға кейін қалдыру туралы тапсырма алдық. Яғни, жарна мен есептен шығару 2017 жылдың 1 шілдесінен басталады. Ал, медициналық көмек құқығы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады»,-деді Г.Шайхыбекова  BNews.kz студиясындағы онлайн-конференцияда.

Комитет төрағасының орынбасары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жылдың ортасында қолайсыз болғандықтан мерзімін ауыстыруға тура келгенін айтты.

«2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық ұйымдар халыққа көмек көрсетулері үшін денсаулық сақтау басқармаларымен және медициналық қызмет төлемі комитетімен келісім шарт бекітеді. Сонымен қатар жыл ортасында медициналық сақтандыру қорына тапсырыс берушілерді еріксіз ауыстыруға тура келеді. Осы тұрғыда белгілі бір тәуекелдер пайда болады. Бұл тұрақсыздық тәуекелі. Өйткені, қор медициналық қызметті сол жеткізушілерге сатып алатынына толық кепілдік жоқ. Сондай-ақ, тапсырыс берушілер ауысқан кезде медициналық көмектің дер кезінде көрсетілетініне байланысты да тәуекелдер бар. Аталмыш факторларды ескере келе, Мемлекет басшысы үкіметке тапсырма берді. Біз қазір медициналық сақтандыруды енгізу мерзімінің өзгеруі бойынша  қаралатын заң жобасын дайындап жатырмыз»,-деп түсіндірді ол.

Еске сала кетейік, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80 қадамында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу қарастырылған. Жүйенің денсаулық сақтау саласында қаржылық тұрақтылықты нығайту мемлекеттің, жұмыс беруші мен азаматтардың жауапкершілігіне негізделіп отыр.

Әзірлеген Ләззат КЕМЕЛБАЕВА