Мас күйінде көлік жүргізген Жаңатас тұрғыны 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету айлығын өткізу кезінде Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері республикалық және аудандық маңызы бар жолдарды күшейтілген режимде патрульдеуде. Сарысу ауданында айлық барысында «Нива» маркалы көлікті мас күйінде басқарған Жаңатас қаласының 57 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, жол қозғалысы ережесін өрескел бұза отырып қашып кетуге тырысқан.

— Сондай-ақ, бұрын күдіктінің сот шешімімен жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігі (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, оған сәйкес бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, — деді Сарысу АПБ бастығы Асхат Алметов.

«Қауіпсіз жол» айлығы 19 шілде мен 18 тамыз аралығында өткізіледі.
Айлық басталғаннан бері Сарысу АПБ қызметкерлері 943 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, мас күйінде көлік құралын басқарған 4 жүргізуші ұсталды. Барлығы 28 автокөлік айып тұрағына қойылды.