Маңғыстаулық дәрігерлер көңілді команданы анықтады

  Облыс орталығында алғаш рет медицина қызметкерлерінің арасында «Денсаулық-зор байлық» тақырыбында «Жайдарман» көңілді тапқырлар  ойыны өтті.  Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 игі іс» жоспары аясында және 7-сәуір  денсаулық күніне  орай  өткізілген жайдарман ойындарына барлығы жеті команда қатысып, бақтарын сынады.

 -Бүгінгі жарысқа қолдау көрсеткен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Руслан Фаризунұлы, ұйымдастырушы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығы, демеушілік көрсетіп отырған облыстық медицина қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы. Сонымен қатар, залды тегін беруге көмектескен «Арман» жастар орталығының басшылығына алғыс айтамын. Сайыста командалар «Сәлемдесу», «Сұрақ-жауап», «Үй тапсырмасы» бойынша бақтарын сынайтын болады. Бүгін біздің мекеме 18 жасқа толып жатыр. Сондықтан да осы шара үлкен жұмыстардың алды деп есептеймін,-деген облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының директоры Нұрсұлу Мұхамедиярова алдағы уақытта медицина қызметкерлерінің арасында «Не? Қайда? Қашан?» инттелектуальды ойыны өтетінін айтты.02 

   Сайысқа Маңғыстау облыстық ауруханасының командасы,  Ақтау қалалық  №1 емханасының «Н2О» командасы,  Ақтау қалалық  №2 емханасының «Емхана жұлдыздары» командасы, облыстық психоневрологиялық диспансерінің «Сезім» командасы, облыстық наркологиялық диспансерінің «Анти Спайс» командасы,  Жаңаөзен құрама командасы «Адреналин» командасы, Мұнайлы аудандық орталық ауруханасы «Жүрек» командасы қатысты.06 Олардың өнерін облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Ақмарал Измуратова, облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Злиха Сапарова, медицина ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Кузанов, «Ақтау қалалық жастар орталығы» мәдени-демалыс кешені» директорының орынбасары Дәулет Cағынтаев, облыстық ішкі істер департаментінің қызметкері Камиль Будайчиев бағалады. Кеште командалар қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, әзілмен түйреді. Әзіл-шыны аралас тақырыптар арасында көбінесе қоғамдық мәселелер қазақ тілінің қазіргі жағдайы, ақылы медицинаның кемшін тұстары, шет елдік дәрілердің жарымжан жарнамасы, экология, жең ұшына жалғасқан жемқорлық көтерілді. Тартысты өткен сайыс көрерменнің көңілінен шығып, керемет көңіл-күй сыйлады.10

Ұтымды қалжың, өткір әзілмен ерекшеленген мұнайшылар қаласынан келген «Адреналин» командасы жарыстың бас жүлдесін қанжығасына байлады. Екінші орын облыстық наркологиялық диспансерінің «Анти Спайс» командасына бұйырса, үшінші орынға Мұнайлы аудандық орталық ауруханасының «Жүрек» командасы лайық деп танылды. Сондай-ақ, «Үздік ойыншы» аталымы облыстық психоневрологиялық диспансері «Сезім» командасының ойыншысы Азамат Наурызовқа табысталды.

Айман Оңғарбайқызы

Маңғыстау облысы