Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Канаданың Еуроодақ пен Еуропадағы арнайы өкілін қабылдады

Маңғыстауға Канаданың Еуроодақ пен Еуропадағы арнайы өкілі, Канаданың Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Стефан Дион келді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Делегация құрамында Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алан Хэмсон, Қазақстан Республикасындағы Канада Елшілігінің Сауда және экономика консулы Эдуард Юот, Қазақстан Республикасындағы Франция Елшілігінің Бірінші хатшысы Дженна Рене Мартинуции, Қазақстандағы
Канада елшілігінің сауда және бизнес жөніндегі кеңесшісі Ғазиз Шотанов, Канаданың Қазақстандағы Елшілігінің бас саяси сарапшысы Арман Қожакелдиев болды.
Тараптар транскаспий халықаралық бағытын жүзеге асыру, логистикалық әлеуетті арттыру және Маңғыстау облысындағы энергетика саласын дамыту мәселелерін талқылады.
Өңір басшысы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды облыс әрқашан қолдауға дайын екенін атап өтті.
-Құрметті Дион Стефан мырза, Сіздерді Маңғыстау жерінде қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Бүгінгі кездесуіміз түрлі жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін бірлескен іс-қимылдардың бастауы болады деген сенімдеміз. Маңғыстау – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан Қазақстанның алдыңғы қатарлы, елеулі өңірлерінің бірі, бес мемлекетпен шектеседі. Өз тарапымнан екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдауға әрқашан дайын екенімізді атап өткім келеді, — деді Нұрлан Ноғаев.