Маңғыстау облысында сұйытылған газдың тапшылығы шешімін табатын болды

Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Қазмұнайгаз» ӨБ» бірлесе отырып, ішкі нарыққа жөнелтілетін сұйытылған газ көлемін арттыру туралы шешім қабылдады.

Бұл туралы кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Бекқали Жұбанов хабарлады. Бәріңіз білетіндей, бұрын «ҚазГӨЗ» ЖШС 12,5-13 мың тонна сұйытылған газды ішкі нарыққа, және бір мың тоннаға жуығын экспортқа шығарып отырды. Сонымен бірге, сұйытылған газдың жергілікті көтерме іске асырушысына зауыт жанармайдың 1 литрін 6 теңгеден сатты. Осы литрді өңдеудің өз құны 20 теңгені құрайды. Зауыт шығынының бір бөлігі экспорт есебінен жабылып отырды. Сондай-ақ, «ҚазГӨЗ» серіктестігіндегі жөндеу жұмыстарына байланысты, сәуір айының соңында сұйытылған газды ішкі нарыққа жөнелту 11,5 мың тоннаға дейін төмендеп кетті.

— Маңғыстау облысының әкімдігі «Қазмұнайгаз» ӨБ» АҚ басшылығына сұйытылған газды экспорттауды тоқтатып, оларды ішкі нарыққа жіберуді сұрады. «Қазмұнайгаз» ӨД» біздің ұсынысымызды қолдап, осы жылдың мамыр айынан бастап экспорттың тоқтатылуы есебінен ішкі нарыққа жөнелтілетін газ көлемі артатын болады. Бұл шамамен 14 мың тонна. Сонымен қатар, «Қазмұнайгаз Өнімдері» АҚ арқылы қосымша  сұйытылған газды басқа аймақтардан тасымалдау мәселелері талқыланып жатыр», — деді кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Бекқали Жұбанов.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта Маңғыстау облысында Энергетика министрі Қанат Бозумбаевтың тапсырысымен келген арнайы топ жұмыстанып жатыр. ҚР Ұлттық эклномикасы мен Энергетика министрлігінің сарапшылары, сондай-ақ, «Қазмұнайгаз» ӨД» АҚ өкілдері  сұйытылған газ нарығының тұрақтылығы бойынша мәселелерді талқылауда.

 

Айман Оңғарбайқызы

Маңғыстау облысы