Маңғаз өлкедегі маңызды жобалар

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Бүгінде аталған бағдарламаның 2010-2014 жылдар аралығында бірінші бесжылдығы аяқталды, 2015-2019 жылдарға арналған екінші бесжылдығына көшті. Бағдарлама асында Маңғыстау облысында бірнеше ірі жобалар салынды. Индустриландыру бағдарламасының мұнайлы аймақтағы екінші бесжылдығының жүру барысы мен бірінші бесжылдығындағы нәтижелер жайын білу үшін аңғыстау облысы индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаевпен сұхбаттасқан едік.

— Нұрбек Қарасайұлы, индустрияландыру бағдарламасының алғашқы бесжылдығын Маңғыстау облысы қалай қорытындылады?

— Жобаларға мониторинг жүргізу бағытында жалпы, республикалық деңгейде индустрияландыру карталары құрылған болатын. Индустрияландыру карталары республикалық және жергілікті деңгейде де бар. Бірінші бесжылдық аясында индустрияландыру картасы 2010-2014 жылдарға құрылған болатын. Маңғыстау облысында осы индустрияландыру картасының 2010-2014 жылдар аралығында 33 жоба іске қосылды. Бұл жобалардың инвестициялық құны 220 млн. теңгені құраған болатын. Бұл — инвесторлар мен жеке кәсіпкерлердің қаражаты. Аталған сома ішінен бюджеттен қаражат жоқ. Бұл жобалар аясында 3000 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Жалпы, облыс бойынша бүгінгі күнге дейін жобалардың экономикалық өсімге қосқан үлесі 2,6 пайыз. Бұл жаңағы тауарларды шығару, өңдеу жұмыстарын есепке алатын болсақ. Осы жобалармен шығарылған тауарлардың құны 96,5 млрд. теңгені құрап отыр. Ендігі уақытта 2015-2019 жылдарға арналған индустрияландыру картасы аясында 27 жаңа жобаны енгізіп отырмыз. Бұл жобалардың құны 151,2 млрд. теңгені құрап отыр. 2500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Айта кетсем, солардың ішінде 2015 жылы 11 жоба іске қосылды. 11 жобаның құны — 49,3 млрд. теңге. Жалпы, 2015 жылы 710 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл, әрине, біздің өңірге әкелетін едәуір үлес. Айта кетсем, екінші бесжылдық аясында іске қосылған 11 жобаның барлығының сомасы 151,2 млрд.
теңгенің барлығы бұл жеке инвестициялық қаражат болып есептеледі.

— Бірінші бесжылдықта іске қосылған ірі жобаларға тоқталсаңыз…

— Бірінші бесжылдық аясында іске асырылған жобалардың ішіндегі ірі жобаның бірі — Астана және Алматы қалаларындағы әуежайлардан кейінгі 3-орында тұрған Ақтау халықаралық әуежайы. Бұл әуежай — түрік инвесторларының үлесімен іске асырылған жоба. Екінші атап өтетін маңызды жобалардың бірі — «I I» зауыты. Бұл жобаның іске асырылуына қытайлық инвесторлар қаражат бөлген. Бүгінгі күнде «I I» зауыты жол битумын шығаруда алдына жан салмайды. Маңғыстау өңірінде салынатын жолдың барлығы осы аталған зауыттың өнімі арқылы салынады. Маңызды жобамыздың тағы бірі — құрылыс саласына өз үлесін қосып отырған «Каспий цемент» зауыты. Шетпе кентінде орналасқан зауыт құрылысқа қажетті цемент шығарады. Бұл жобаның 100 пайыз үлескері — немістің «I » компаниясы. Бұл жоба осы неміс инвесторларының қаражатымен іске асырылып отыр. Бүгінгі таңда онда 400-ге жуық қызметкер бар. Олардың ішінде 280-і маңғыстаулықтар. «Каспий цемент» зауыты, жалпы, өз жұмысшыларын, оның ішінде қазақстандық азаматтарды шетелге оқыту жобасын жоспарға қойып отыр. Бұл — біздің тұрғындар да осындай ірі жобаларды басқарып, оларды іске асыруға мүмкіндік туып отыр деген сөз.

— Екінші бесжылдық аясында жоспарлап отырған қандай ірі жобалар бар және ол жобалар аясында қанша адамды жұмыспен қамту қарастырылған?

— Алдағы уақытта жоспарлап отырған жобаларымыз бар. 2016 жылы 10-ға жуық жобаны іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл жобалардың аясында мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Солардың ішінде ең ірі жобаларды атап өтетін болсам, халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту жобасы. Содан соң, арнайы экономикалық аймақта Әзірбайжан елінің инвестициясы арқылы іске асырылып жатқан «Азерсун» логистикалық орталығы. Бұл жобаның өзі біздің өңір үшін өте маңызды. Себебі осы жоба халықтың қолдануына, пайдасына жарататын тағамдарды, көкөністерді сақтау қоймасы болып есептеледі. Сонымен қатар, Құрық кентінде іске асырылып жатқан паромдық кешен. Бұл да ірі жобаның бірі. Осы Құрық кентінде іске асырылатын тағы бір жобаның барлық құжаты рәсімделуден өтті. Бұл жоба — кеме шығару зауыты. Бұл жобаға қазақстандық «Қазмұнайгаз» компаниясы мен итальяндық «ни» компаниясы үлескер. Бүгінгі күні бұл жобалардың барлығы, әсіресе теңіз жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту бағытында іске асырылып жатқан жобалардың барлығы болашақта осы Құрық кентінде теңіз сауда портын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, 2014 жылы іске асырылған теңіз ифрақұрылымына тікелей байланысты жобаның бірі — «Боржақты-Ерсай» жобасы. Бұл жобаның маңыздылығы жаңағы айтып отырған теңіз порты мен қазақстандық теміржолды байланыстыратын жаңа теміржол желісі болып табылады. Маңыздылығы соншалықты, теңіз кемелері келген тауарлардың барлығын контейнерден түсірмей, сол күйі пойызға тиеп, ары қарай Қазақстанның түкпір-түкпірі мен Түркіменстан, Өзбекстан, Қытайға да жеткізуге болады. Бүгінгі күні осындай ірі жобалар іске асырылып жатыр.

— Бұл жобалардың Маңғыстау өңіріне тигізер пайдасы қандай?

— Маңғыстау облысы бүгінгі күні транслогистикалық аймақ болып есептеледі. Сондықтан осы жобалардың өңірімізде логистиканы дамытуға қосатын үлесі зор. Сонымен бірге, қазір қарқынды жүргізіліп жатқан автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстары. Бұл — Шетпе-Бейнеу арасындағы жолдар. Онан соң, Ақтау-Жетібай арасындағы жолдар. Осы логистикалық бағыттардың барлығын жаңа жолға, жаңа қарқынға қою мақсатында осындай жобалар іске асырылып жатыр.

— Ақтау теңіз портын солтүстік бағытта кеңейту жобасы жайлы толығырақ айтып өтсеңіз…

— Ақтау теңіз портын солтүстік бағытта кеңейту жобасы — бүгінгі күні аяқталуға жақын жобаның бірі. Бұл — біздің Маңғыстау өңірі үшін маңызды жоба. Себебі осы жоба арқылы мұнайлы аймақта тауарлардың экспорт пен импорттық жұмысы жақсара түседі. Бүгінгі күні бұл жобаның өзі ескі теңіз портымен мүмкіншілік жағынан тең келіп отыр. Бұл жоба құрамында 80 000 тоннадан астам құрғақ тауарларды сақтайтын қойма бар. Онан соң баржы қайықтарға тауарларды тиейтін үлкен 3 қосымша айлағы бар. Бұл тек Маңғыстау облысы үшін ғана емес, жалпы Қазақстанның экспорттық потенциалын дамытуға өте үлкен серпін беріп отыр. Себебі Ақтау теңіз порты арқылы ары қарай Иран, Парсы шығанағына қарай тауарды тасымалдауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл жобалардың мақсаты — бүгінгі күні іске асырып, қызметін жүргізіп отырған Ақтау теңіз портының мүмкіндігін арттыру. Сонымен қатар, Маңғыстаудың импорттық потенциалын арттыруға мүмкіндік береді. Сонан соң, дәл осындай мүмкіндікті беретін жоғарыда аталған паромдық кешен. Бұл жобалардың барлығы тек Маңғыстау үшін ғана емес, жалпы, Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік беріп отыр.

—Нұрбек Қарасайұлы, өзіңіз білесіз, Маңғыстау облысының халқын азық-түлікпен қамту мәселесі күрделі. Өйткені 80 пайыз тауар сырттан тасымалданады. Ал мұның бағаға да әсері бар. Осы ретте Азерсун логистикалық орталық жобасының аталмыш жағдайға ықпалы қандай?

— «Азерсун» жобасы 2014 жылы басталған. Бұған дейін Әзірбайжан компанияларымен келіссөздер жүргізілген болатын. Бүгінгі күні бұл жоба Маңғыстау облысындағы арнайы экономикалық аймақта іске асырылып отыр. Бұл жоба бүгінгі күні аяқталу кезеңінде. Осы шілде, тамыз айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Біздің өңір үшін бұл жобаның маңыздылығы көкөніс дақылдарын, содан соң, халық пайдаланатын тауарлардың барлығын сақтауға мүмкіндік беретін ірі автоматтандырылған қойма. Біздің өңірде бұрын-соңды мұндай қойма болмаған. Содан кейін, қойма іске асып, жұмысы басталған соң, жоспар бойынша осы көкөністерді өңдейтін цех ашуды жоспарлап отырмыз. Мұның барлығы біздің өңірге келген көкөністерді, не болмаса осында өсірілген көкөністерді бірінші — сақтауға, екінші — соларды өңдеу арқылы жаңағы әртүрлі тауарларды қолдануға, жеуге жарамды тауарларды өңірге және ары қарай Қазақстан бойынша таратуға мүмкіндік береді.

—Нұрбек Қарасайұлы, тұшымды сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Айман Оңғарбайқызы