МАҢҒЫСТАУДА НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ

Наурыз – шығыс елдерінің бүкілхалықтық мейрамы. Наурыз шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтіледі. Қазақ халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды салт-дәстүрге айналдырған. 

IMG_1898

Жылдағы әдетінен жаңылмай, Маңғыстау облысындағы этномәдени бірлесіктер де әз-наурызды барлық сән-салатанатымен атап өтті. Биылғы мереке ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырып ұйымдастырылды. Мерекеге арнап теңіз жағалауында концерт ұйымдастырылды. Оған этномәдени бірлестік төрғалары мен ақсақалдар қатысты.

IMG_2018

Мұнайлы аймақтағы этномәдени бірлестіктерге арналып, теңіз жағалауында ұлттық нақыштағы киіз үй тігілді.  Этномәдени бірлестік өкілдеріне арналған киіз үйді Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тікті. Киіз үйдің алдында түрлі ұлт өкілдерінің жастары мен «Ақжарма» фольклорлық ансамблі әуелете ән шырқап, домбырада күмбірлете күй төгіп тойдың сәнін келтірді. Киіз үйдің жанына жиналған халық  Наурыз мерекесінің ең басты қағидасы бір-біріне игі тілектер айтып, көрісу рәсімін жасады. Бағдарлама барысында қазақтың «Келін түсіру» салты көрсетілді. Жаңа түскен келіннің «Бет – ашар» рәсімі жасалды. Оған аймақтың құрметті азаматтары мен Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев қатысты. Жаңа түскен келінге аймақтың сыйлы ақсақалдар бата берді. Келін түсіру рәсімінен кейін аймақ басшысы киіз үйдің ішіне кіріп, өзге ұлт өкілдерінің қарияларын наурыз мерекесімен құттықтады.

IMG_2099

-Баршаға ортақ наурыз мейрамы құтты болсын. Әрбір жанұяға молшылық, табыс, бақыт, береке тілеймін. Жылдан-жылға аман-есен жете берейік, деді облыс әкімі.

Ұлыстың ұлы күнін тойлау барысында этномәдени бірлестік жастарынан құрылған «Жас қанат» жастар ұйымы мен Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері алаңға жиналған халыққа тегін палау таратты. Игі іс «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясы аясында ұйымдастырылды. Бұған риза болған халық рахметін айтып, мерекелік тамақтан ауыз тиді. Акция барысында белсенді жастар қайырымдылық істер жазылған ақпараттық парақшалар таратты.

IMG_2149

Сонымен қатар, «Аллаяр жол» қарақалпақ этномәдени бірлестігі мен «Самур» лезгин этномәдени бірлестігі де киіз үй тігіп, халыққа дәм ұсынды. Баршаға халыққа ортақ әз-наруыз мерекесін тойлау біз үшін зор құрмет,-дейді «Аллаяр жолы» қарақалпақ этномәдени бірлестігінің мүшесі Бахадүр Құрбаниязов.-Қазақстанда Наурыз мейрамы 21-23 наурыз аралығында аталып өтіледі. Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ол Иранда 21 наурызда, Орталық Азия елдерінде және Әзірбайжанда мемлекеттік мереке ретінде, Тәжікстанда және Қазақстанда – 22 наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурыз күні аталып өтіледі. Біз жыл сайын бұл мерекені ерекше тойлаймыз. Биыл да осы мейрамға арнап, киіз тіктік. Келген адамдардың барлығына наурыз көже ұсындық. Ал, олар өз кезегінде бізге алғысын жаудыруда.

Шара соңы өнерпаздардың көңілді концертіне ұласты.

IMG_1980

IMG_1870 

Айман Оңғарбайқызы,

Маңғыстау облысы