Мақалдасу

Ассалаумағалейкум ағасы. Сәлем сөздің атасы. «Әкең өлседе, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген бар. Алдыңызға кеп жүгініп тұрған Болмастың баласы, Толмас.
– Уағалейкумассалам. «Жақсы әке жаман ұлға қырық жыл азық » деген рас-ау. Бұйымтайыңды айта отыр балам.
-«Сүт сұрай келіп шелегіңді жасырма» демекші, ойымды ашық айтайын.«Сай-сайға, бай-байға» құяды. Арманым «жоғарыға жорғалап барып, дорбалап» қайту еді.
-Әп,бәрекелді. «Жылан жымын білдірмес», Әкең мешкей еді.«Сараңнан бермес, Соқырдан көрмес» туар деген осы-ау.
-«Әке көрген оқ жонар» дегенді қайда қоясыз. Әкемнің «Жұтқан жұтамас» деген мәтелін бой тұмардай қастерлеймін ағасы.
-Жарайды. «Жұмыс қолдың кірі». «Береген қолым алаған» дегендей… Өзіңде білесің бала, «құрғақ қасық ауыз жыртады». Бұлбұлдыңда жемсауы бар екенін есіңнен шығарма.
-«Бай мен бай құда болса, ортасында жорға жүрер. Кедеймен кедей құда болса ортасында дорба жүрер». «Ымды білмеген дымды білмейді» . Бәрін қатырамын. «Сауда сақал сипағанша» .
-«Болар бала боғынан». Жарадың. Қазір кадрден қадір кетіп тұр. Жұмысқа қабілетің қалай өзі?
-Ол жағынан қам жемеңіз. «Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүргенді ұнатамын. «Текені жезде, ешкіні апа» қылу қолдан келеді.
-«Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адасуға» қалайсың?
-«Жалғыздың–жары құдай». «Көппен көрген–ұлы той» деген миыма кірмейді.
-«Қарның ашса қаралы үйге шап» демекші, өлім-жітім, той-томалаққа белсенділігің қалай?
-«Өлім-бардың малын, жоқтың–артын ашады». Беті аулақ. Тойды жақсы көрем .«Той десе–қу бас домалайды». Бірақ «Тойға барсаң тойып бармен» келіспеймін.
-Сен әкеңнен асып түскен, «өзі тойсада көзі тоймайтын» пәтшағар болдың-ау. Күн ертең «жылқыны түгімен, түйені жүгімен» жұтып, шетелге қашып кетіп жүрме антұрған.
-«Балапанды күзде санайды». «Тәрбие бесіктен» деген бар. «Қасқырды қанша асырасаңда орманға қарап ұлиды» аға.
– « Болар бала 15-де баспын дер, болмас бала 30-да жаспын дер». «Ат тұяғын тай басар». Қызметіңмен құттықтаймын балам.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК