Мәжіліс төрағасы қызметіне қайта келген Нығматуллин

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттық корпус жасырын дауыс беру арқылы Президент Әкімшілігінің бұрынғы басшысы, кеше ғана депутаттық мандатына қайта оралған саясат ғылымдарының докторы Нұрлан Нығматулинді Мәжіліс спикері ретінде ресми түрде сайлап алды. Ал, халық қалаулылары Бақтықожа Салахатдинұлының отставкаға кетуін бірауыздан мақұлдаған болатын.

«Бұл мені үшін, әрине, үлкен мәртебе және үлкен жауапкершілік. Сондықтан алдағы уақытта Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және сіздердің сенімдеріңізді ақтау, Мәжілісті одан ары күшейту жолында барлық жинаған білімді, жинаған тәжірибемді осы жұмысқа жұмсайтын боламын», — деді жаңадан сайланған төраға.

Отырыс барысында экс-спикер Бақтықожа Ізмұхамбетов «Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесінің төрағасы қызметіне кететінін мәлімдеп: «Маған жүктелген міндеттерді сапалы орындау мақсатында Конституцияның 58-бабына сәйкес, Мәжіліс төрағасы қызметінен өз еркімен отставкамды қабылдауыңызды сұраймын», — деді Б.Ізмұхамбетов. Депутаттар қарсылық білдірген жоқ. Экс-спикер өз алғысын айтып, алдағы уақытта да қоян-қолтық жұмыс істейтініне сенім білдірді.

Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісінің «Нұр Отан» партиясы фракциясының жиналысына қатысып, төраға лауазымына Н.Нығматулиннің кандидатурасын қарастыру туралы ұсыныс жасаған болатын.