МӘДЕНИЕТТІҢ МӘРТЕБЕЛІ МАМАНЫ

Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан қиын жылдар екен. Ағылшынның қаржы министрі бюджетті бекіту үшін, Уинстон Спенсер-Черчилге есеп береді. Сөйтсе, мәдениетке бір тиын бөлінбепті. Черчел
«Мәдениетке неге ақша бөлінбеген?» деп сұраса, министр «Соғыс жүріп жатыр ғой, оның қажеті қанша?» дейді. Сонда Черчел » Онда біз не үшін соғысып жатырмыз?» — деген екен.
Міне, мәдениеттің құдіретін осы екі ауыз сөзге сыйдырған ұлылық бүгін Абай облысында өз жалғасын тапты. Яғни, Аягөз аудандық «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» атындағы мәдениет үйінің әртісі, режиссер Дулатов Ербол Мәдениет және өнер саласының дамуына қосқан елеулі үлесі мен мінсіз қызметі үшін «ҚР мәртебелі маманы» төсбелгісімен марапатталды.
Аталмыш іс-шара Астана қаласындағы Министрлер үйінде, 19-мамырда өтті.
Марапат өз иесін адаспай тапты деп нық сеніммен айта аламын. Олай дейтінім, Ерекең жиырма жылдан астам осы салада талмай еңбек етіп келеді. Қасиетті сахнада қандай рөлді сомдаса да жүрегімен беріле ойнап, қойылымды жандандырып жіберетін актерлық шеберлігі өз алдына, оның идея тапқыштығы, ұжымдағы абыройы бір төбе.
Жанұяда ардақты жар, қамқор әке, достарына адал серік — Ербол Дулатовтай экс-әріптесімді шын жүрекпен құттықтаймын. Қаншама қошаметке бөленсе де асып-тасып кетпейтін, қарапайым қалпынан айнымайтын, дос-ағамыздың халыққа берер жемісі әлі де көп. Осы марапат оған мотивация беріп, шабыттандыра түссе екен. Өнер адамы үшін бір ауыз жылы сөздің өзі қаншалықты? Ел біле бермейтін Ерболдың көптеген қасиеттерінің бірі ол оның қаламгерлігі. Әсіресе балалар ертегісіне жазған драмалық сценарийлері бір кітапқа толып қалғанын жанында бірге жұмыс істеген мен айтпағанда кім айтады? Ендігі кезекте компьютердің папкаларында, кабинеттің тартпаларында шашылып жатқан сол қазыналарын ұқыптылықпен жинастырып, жарыққа шығарса деген ұсынысым бар. Шабытың шарықтай берсін, мәдениеттің майталманы!
Биік шыңдарды бағындыра бер дейін десем, сен онсыз да бір биік шыңның бірегейісің.
Мынау бір төрт жол халық әнінің жағымды кейіпкері әрдайым өзіңіз сияқты болып тұрады.
Жақсылар — жақсымын деп айта алмайды,
Жамандар — жақсымын деп айқайлайды.
Жүрген соң көз алдыңда күнде көріп,
Таулардың биіктігі байқалмайды.

Қазыбек Жұмағазыұлы

«Айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» мүшесі.