МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

Елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді. Әрбір халық өзіндік мәдениетімен, өнерімен, салт-дәстүрімен ерекшеленеді. Мәдениет пен өнер – егіз ұғым. Сондықтан, елдің өнерін алға сүйреп, ұлт мәдениетін дамытуға үлес қосып жүрген осы сала қызметкерлерінің қоғамдағы алар орны ерекше.
Ауданда 2 мәдениет және 17 клуб үйлері мен 26 кітапхана аудан тұрғындарына қызмет көрсетуде.
Бүгін аудан әкімдігінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов мәдениет саласының қызметкерлерін қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
— Біздің Сарысу өңірі де өнер қонған киелі өлке. Бұл өлкеден талай өнер қайраткерлері түлеп ұшқан. Біз атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлы, ақын Майкөт Сандыбайұлы, күйші Мәді Шәутиев, опера әншісі Амангелді Сембин, кино және театр актері Асанәлі Әшімов, сазгер Илья Жақанов, ақын Тынышбай Рақымов, әнші Сәуле Жанпейісова сияқты көптеген өнер қайраткерлерімен мақтанамыз. Аудан мәдениетінің бастауында тұрған Әбжаппар Әбдіхалықов, Мейрамбек Күздеубаев, Сәбит Нұркеев ағаларымызбен қатар, Тоғай Тұңғатов, Көпжасар Арынов, Серікбек Сатқынтегі, Рәтбек Сүлейменов, Диханбай Ақділда сияқты көптеген ағаларымыз аудан мәдениетінің дамуына өз үлестерін қосты. Төлеу Үшқоңыров, Тоғай Тұңғатов, Ынтымақ Шералиев сияқты жергілікті сазгерлер әсем де әуезді әндерімен елдің жүрегін баурады. Бүгінде аудан өркениетінің дамуында мәдениет қызметкерлеріне артылар жүк ауыр. Бұл ретте, сала мамандары мәртебелі міндеттерін абыроймен атқаруда. Ауданымыздың мәдениеті мен өнерін өрістету жолындағы еңбектеріңіз табысты болсын, — деген Сәкен Үмбетұлы кәсіби мереке иелерінің дендеріне саулық, отбастарына амандық, жұмыстарының жемісті болуына тілектестігін білдіріп, Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттады.
Өз кезегінде «Аманат» партиясының Сарысу аудандық филиалының төрағасы М. Есмұрзаев жиналғандарға өзінің ізгі тілегін арнап, бір топ азаматтарды Алғыс хатпен марапаттап, заттай сый-сыяпаттар табыс етті.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі