Мұстафа Өзтүрік: «Барлығының елі бар, менің елім қайда?»

Қазақстандағы таэквондо федерациясының негізін қалаушы, аты аңызға айналған Мұстафа Өзтүріктің тіл туралы айтқан пікірі әлі күнге дейін өзекті. 1990-шы жылы елге оралған Мұстафа Қазақстандағы қазақ тілінің аянышты халіне қынжылыс білдіріпті. Сонымен ол не деді?

– Сіздер ел ішінде жүрсіздер. Содан да шығар Қазақстанды біз құсап сағынбайсыздар. Ал біздер шетелде жүрміз. Кейде ойлайсың, осы барлығының елі, жері бар сонда менің елім қайда деп…
Шетелде жүрген қазақтар санымыз аз. Жоғалып кетуіміз мүмкін. Сондықтан біздің ақсақалдарымыз қазақтың әдет-ғұрпын, тілін, дінін ұмытпасын деп үйде қазақша сөйлеген. Бұл бізге де әсер етті.

Қазақтың ғаламат тарихы болған. Сол тарихымызды ұмытпау үшін ақсақалдар бізге шыққан тегімізді, руымызды құлағымызға құйып, әрдайым айтқызып отырды. Мысалы, Орта жүздің ішінде найман, найманның ішінде байжігіт, оның ішінде мәмбет дейді. Әкелеріміз бізге осыны үйретті. Бірақ біз бәріміз қазақпыз.

Қазақстанға келгенде кейбір кемшіліктерді көріп қалдым. Ренжімесеңіздер, айтайын. Елге келген уақыттың ішінде көптеген жерді араладым, бауырларымызбен кездестім. Сөйтсем көптеген бауырларым тіл білмейді екен. Біз тіл білмейміз деп жүрсек, Қазақстанға келіп тіл үйренеміз деп жүрсек осы жердегі қазақтардың өздері тілден айырылып қалыпты. Ендеше біз кімнен үйренеміз? Тіл өте күшті нәрсе. Тіл жоғалса, ел жоғалады.

Дін де сондай. Дінімізді жоғалтып, Құдайымызды танымасақ, мұсылмандықтың шарттарын ұмытсақ біз онда әкемізді де, шешемізді де сыйламаймыз. Дәстүр ұмытылса, осы дәстүрді бізге жеткізген бабалар да ұмытылады. Тіл, дін және дәстүріміз бір болуы керек. Бізден кейін де ұрпақ қалады. Оларда кінә жоқ.

P.S. Бүгінде Өзтүрік бастаған жолда 11 мың спортшы бар. Тек барды кезінде қадірлемедік. 1995 жылы Мұстафа жұмбақ жағдайда бақилық болды. Бейресми ақпарға қарағанда, спортшыға у берілген. Бұған қатты ренжіген анасы ұлының сүйегін Қазақстанға жерлетпей, кері Түркияға әкеткен еді.