Мұстафа — қазақтың рухын көтерген тұлға

Түйе көтерген палуанның жиені

Мұстафа Өзтүрік. Осы бір аяулы есім қазақ халқының жүрегінен ерекше орын алып, бүгіндері сағынышқа айналды. Күллі қазақтың мақтанышы болған есіл ердің жүріп өткен жолы да теп-тегіс болмапты, кедір-бұдырға толы. Шарқ ұрған жас жаны ата қонысына келіп қана жай тапқаны байқалады. Ендеше, «елім» деп еңіреп өткен азаматтың қадір-қасиетіне жете алдық па? Небәрі 41 жасында құйрықты жұлдыздай ағып түскен қыршынның дәріптелуі қалай? Шынын айтайық, ала-құла деңгейде. Нағыз қазақтың кім екенін таэквондо арқылы әлемге танытқан біртуар ұлға көрсетіліп жатқан құрметтің аздығына кейде қарнымыз Мұстафа — қазақтың рухын көтерген тұлғаашады. «Көзі жоқтың өзі жоқ» деуге қиятын азамат па еді ол?.. Қазағым деп соққан жүректің қапылыста қиылып кеткені ғана өкінішті! Әйтпесе баһадүр бауырымыздың алар асуы көп еді. Шыбын жаны шырқырап кеткен батырдың жоқтаушысы қазақтан басқа кім болмақ?! Келер ұрпақ үшін, патриоттық тәрбиені жандандыру үшін арыс ұлдарды жиі еске алып отырғанға не жетсін, шіркін!

Кеңес үкіметінің көбесі сөгіліп, одақтағы елдер әрі-сәрі күй кешіп жатқан 1990 жылы атақты спортшы, тәлімгер ұстаз Мұстафа Өзтүрік тарихи Отаны — Қазақстанға оралды. Бай, бақуатты, бағлан ұлдың туған жерге пана сұрап, атақ тілеп келмегені ақиқат еді. Онда бәрі бар болатын. Білімі де көл-көсір еді. Жеті жұрттың тілін біліпті. Cөйте тұра «өзге жерде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан» болғысы келіпті оның. Ол араға бір жыл салып ҚР Таэквондо федерациясын (WTF) құрып, елде спорттың осы түрін дамытуға кірісіп кетті. 1992 жылы Мұстафа Қазақстан азаматтығына қол жеткізіп, 1993 жылы қазақстандық федерацияның Бүкіләлемдік таэквондо федерациясының құрамына енуіне орасан үлесін қосты. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, қандастардың елге бұрылған көшінің басында өзі тұрды.

…Кеңестік қанқұйлы саясатқа төзе алмай, Алтайдан Анадолыға бет алған ұлы көш, Гималай асуындағы тау беткейінде жалғыз аяқ тар жол үстінде үлкен оқиғаның куәсі болады. Мұздан тайып құлап бара жатқан жүкті түйені салақтатып ұстап қалған әйгілі Қайысбай балуанның ерлігі әлі күнге аңыздай айтылып келеді. Мұстафа бауырымыз сол кісінің туған жиені екен.

Мұстафаның әкесі қажы Кәбен (Түркия жеріне қоныс тепкесін) сол өңірдің жамбасы жер иіскемеген палуаны атаныпты. Оның күрес өнеріне, әбжіл қимылына сүйсінген түріктер «мынау өзі түрікше күреседі екен, өзіміздің түрік» деп шуласып, Өзтүрік атап кетеді. Сол тұста туылған Мұстафаның құжатына Мұстафа Өзтүрік болып жазылады.

Дінсіз, екіжүзді қытай коммунистерінен пана таба алмай Пәкстан, Үндістан арқылы көшкен он жеті мың қазақтың Түркияға шаршап, шалдығып бес-ақ мыңы тірі жетеді. Осы бір қанды көштің ішінде Мұстафаның әкесі де болыпты.Түрік еліне табан тіреген алғашқы көшті діні мен ділі бір түрік бауырлар құшақ жая қарсы алып, бірнеше жақын аудандарға бөліп орналастырады. Түріктің қайырымды үкіметі тарапынан оларға тұрарға жай, алдарына мал беріледі. Мұстафаның ағайындары да сол қамқорлықты көріп, еңселерін көтеріпті.

 

Мұстафа — қазақтың рухын көтерген тұлға

 

Брюс Лидің өзін жеңген

 

Қытай халқының мақтанышы Брюс Лимен бірге дайындалып, жекпе-жекте оның өзін бірнеше рет ойсырата жеңгені қазір көп айтыла бермейді. Ауыр да болса айтайық, ұлттық идеологияның әлсіздігі ме, әлі күнге дейін жастарымыз қытай актеріне ұқсап баққысы келіп тыраштанып жүр. Ал Мұстафаның кино саласындағы жетістігі туралы білетіндері өте аз. Мысалы, ол басты рөлді сомдаған «Алатай» фильміндегі қайсар қазақ баласының образы керемет әсерлі. Ұлттық рухты оятардай жігері басым. Шетелде жүрсе де, ұлтына деген сәруар сағынышы бір басылмаған бозбала Мұстафаның сценарийді өзінің жазуы да көп нәрсені аңғартады. Осы фильмдегі жат қолынан сүйген қызын алып қашып, тау аңғарына жасырынған қыз бен жігітті қуып келген дұшпандардың: «Ей, жігіт болсаң шық!» — деген айқайына қазақ жігіті үндемейді. “Қорқақ болмасаң, шық!” — деп тағы дікілдейді жау әскері. Оған да жауап естілмейді. «Онда қазақ болсаң шық!» — деген өктем дауысқа намысқой жігіттің үңгірден атып шығып, айқасқа түсуі — ұлттың мерейін көтерудің жарқын көрінісі!

Журналистика мамандығын алған арда ұлдың толағай жетістіктері тікелей таэквондомен байланысты. Мұстафа Өзтүрік осы спорт түрінен әлем чемпионаттарында алты рет жеңіске жетіп, жетінші данға берілетін қара белбеуге қол жеткізген жалғыз мұсылман, жалғыз қазақ! Бұл атаққа қол жеткізген спортшылар әлемде санаулы-ақ! Мұстафа Өзтүрік Түркиядан Германияға қоныс аударғаннан кейін, Мюнхенде таэквондодан Мұстафа атындағы мектеп ашады. Тағы бір мектебі Ыстамбұл қаласында жұмыс істейді. Ал ата жұртында ашқан мектептері қаншама десеңізші! Аталмыш мектептердің шәкірттері халықаралық жарыстарда жақсы өнер көрсетіп, Мұстафаның арманына желі тартып келеді.

Еуропаны мойындатқан спортшының жекпе-жектеріндегі шеберлігіне, қимыл-қозғалысына сүйсінген режиссерлер оны киноға түсуге арнайы шақырта бастайды. Аз ғұмырында 60 шақты киноға түсіп, түрлі рөлдерді сомдауының өзі мақтануға тұрарлық табыс. Шетелде есейіп ержетсе де, қазақы қалпын жоғалтпай, тілі мен дініне берік болған Мұстафа Өзтүрік бауырымыздың өлең жазғанын, «Жұлдыздарды тілейсің бе?» атты әні мен бірнеше күйлері барын біреу білсе, біреу білмесі анық.

 

Мұстафаның әні шырқалған кеш

 

11 сәуір күні Астана қаласындағы Назарбаев орталығында әлемге әйгілі спорт шебері, елімізде таэквондо мектебінің негізін қалаушы Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығы қарсаңында «Қазақстан-Түркия достық кеші» атты концерт болып өтті.

Шараға қонақ ретінде Астана қаласындағы Жүніс Әміре, Түрік мәдени орталығының төрағасы Ибраһим Йылдырым, Түркиядағы қазақ қоғамының жетекшісі Фазыл Топлы, Түркиядағы қазақ қоғамының мәдениет бөлімінің меңгерушісі Бешір Ахмет Көсе, сондай-ақ өнер иелері — Седат Солақұлы, Ержан Тұнжер, Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов, Түрік-қазақ іскерлер қауымдастығының бас хатшысы (КАТИАД) Ахмет Аляз, «Қазақстан-ZAMAN» газеті бас директорының бірінші орынбасары Сәуле Мешітбайқызы қатысты. Көрермендердің жиі-жиі қол шапалақтап құрмет көрсетіп отыруының өзі Мұстафа Өзтүрік бауырымызға деген ілтипаттың әлі күнге биік деңгейде екенінен хабар беретіндей.

 

Орыстарға жалтақтағаны ұнамады

 

Ұлты үшін ұрандап жүріп жанып кеткен Мұстафаның 60 жылдық кешіне исі қазақ баласы шақырылмай түгел келсе де жарасар еді. Түркия жағы жандарын сала қимылдағанымен, біздің ел тарапынан ұйымдастыру жағынан олқылықтар кеткені байқалады. Ел тұтқасын ұстаған шенді-шекпенділер қатыспады десе де болады (Мәжіліс депутаты Абай Тасболатовтан өзгесін көзіміз шалмады). Сенсация іздеп шапқылайтын қазақтілді БАҚ та өте аз жүрді.

ҚР мәдениет қайраткері, дирижер, сазгер Нұрлан Бекенов: «Осы Мұстафаға арналған кеште тұңғыш рет Түркия қазақтары ән-күйлерінің нотасы жазылды. Жиырмаға жуық туынды ел жадында сақталсын деп қағаз бетіне түсірілді. Осылайша «Түркияда қазақ музыка мәдениеті дамымаған» деген жаңсақ пікірді жоққа шығардық. Бұл Қазақ елі мен Түркияның достығын көрсететін, шетелдегі қазақтардың өнерін атажұртында паш ететін тамаша концерт болды. Кеште Қазақстанда бұрын-соңды орындалмаған жаңа туындылар шырқалды. Оның ішінде Міржақып Дулатовтың күйі «Әуез», Мұстафа Өзтүріктің сөзіне жазылған Ғани Макиннің «Жұлдыздарды тілейсің бе?» атты әні және тағы басқа күйлер бар”.

Белгілі ғалым, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Әбдуақап Қара: «Біз бүгінгі марқұм Мұстафа Өзтүрік бауырымыздың 60 жылдығы қарсаңында өтіп отырған ән кешін «Қазақстан мен Түркия достық кеші» деп атадық. Түсінгенге мұның мәні зор. Ол қазақтың ғана емес, бүкіл түркі жұртының мақтанышы болатын. Өздеріңіз білесіздер, Түркиядағы қазақтарды қиын-қыстау кезеңдерде (1952 жылдары) түрік қандастар бауырларына басты. Сондықтан бүгінгі кешке Түркия қазақтарының ән-күйлерін алып келдік. Түріктің бірнеше әні де орындалады. Бүгін бізді Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қабылдады. Ол осы кешті өткізу үшін бізге қолдау білдірді».

Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов: «Мені бұл кеш керемет әсерге бөледі. Әлі есімде, 1991 жылдары Мұстафа Өзтүрік өз қаржысымен басқа мемлекеттерге бармаса да, Қазақстанға келіп, спортқа бейім жастарды таэквондоға тартып, өзінің мектебін ашып, үлесін қосқаны баршаға мәлім. Сондай патриоттық сезімі биік, нағыз қазақ баласына тән нәрсенің бәрі бойынан табылатын азамат еді. Елінің ертеңін ойлап, қазақ балаларының келешегін бажайлап қарекет еткен Мұстафа — тарих бетінде алтын әріппен жазылар тұлға. Осындай игі шараға бастамашы болып жатқан Түркия үкіметіне де алғыс айтамын».

Астана қаласы мемлекеттік тіл қозғалысының төрағасы және ҚР дипломатиялық қызметінің қайраткері Сайлау Батыршаұлы:

«Оның мына сөзі ойымда қалды. «Мен дүниенің біраз бөлігін араладым, тіршіліктерін көрдім. Бірақ қазақ даласының тұрмысы мұнша төмен деп ойламаппын. Орыстарға жалтақтап жүргендері де ұнамайды. Бір орыс кірсе, барлық қазақ орысша сөйлеп, әбігерге түседі екен. Осыған мен таң қалдым. Бұл ғадет жойылмай, ұлт болып ұйысуымыз қиын. Бұл жер — менің өз Отаным. Мен осында келемін, ұлтыма жұмыс істеймін», — деген еді бір сөзінде. Сөйткен Мұстафа кейін қазақ жастарының спорт арқылы рухтарын көтеріп кетті. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!»

 

Нағашыбай Қабылбек