Мұсылманның алтын тәжін әзер дегенде алып қалдым!

Хазреті Румидің атағы көзінің тірісінде-ақ жер жарып,  даңқы шарықтап жан-жаққа түгел таралады. Оның айтқан нақыл сөздерін мұсылман жұрты жаппай жатқа соғып, рухани ләззат алып тұрды. Оның меснеуилерін естіген христианның бір ғұламасы Румиді бір көруге ынтық болады. Күндердің күнінде онымен кездесіп, сұхбат құру үшін ол Кония қаласына аттанады. Мұсылман досы оны әулиенің үйіне ертіп келе жатқанда, күтпеген жерден алдарынан Мәуләнә шыға келеді. Жол бастаушы жігіт:

-Сіз іздеп келе жатқан Хазреті Мәуләнә Руми деген ұстазымыз осы болады,-дейді.

Христиан монахы ойланбастан сол жерде Румиге 15 рет иіліп айрықша құрмет көрсетеді. Ол бола бергенде Руми де ойланбастан оның алдында 20 рет иіліп, ерекше ілтипат танытады.

Танысып болған соң христан монахы: -Менің білуімше сіздің дінде тірі адамға иіліп, сәжде етпеуші еді. Сіз неге сонша басыңызды төмен иіп, маған зор құрмет көрсеттіңіз? Әрі беріден соң мен діні бөтен христианмын, – дейді.

Мәулана: Пайғамбарымыз «Ұлық Алла: егер мені сүйгендерің рас болса, мен жаратқан барлық мақұлықты да жақсы көріңдер. Оларды мен жақсы көрем, сендер де оларға соған лайық құрмет көрсетіңдер»,- деп хадис қалдырды. Дініңіз бөлек болғанмен, сіз де Алланың жаратқан адамысыз. Бізден айырмаңыз жоқ. Сізге құрмет көрсетпесем -Аллаға қарсы шыққаным. Пайғамбардың да өсиетін құлаққа ілмеген – надан болар едім, -дейді.

Содан не керек, христиан тақуасы 3-4 күн қонақ болып, рухани сұхбатқа әбден мейірі қанып, риза болып еліне қайтыпты.

Ол кете салысымен Сұлтан әулиені сарайына алдырып:

-Тақсыр, сізге христианның ғұламасы келіпті деп естідік. Соның жаңалығын айта отырыңыз,-дейді.

Сонда Мәуләнә: Ей, сұлтаным, ол христианмен ойнауға болмайды. Ол тегін адам емес. Өзіңіз білесіз, бекзада пайғамбарымыздың біздей қарабет үмбеттеріне мирас етіп қалдырған жалғыз ғана алтын тәжі бар еді. Ол алтын тәж-әдептілік еді. Ол мені көргенде 15 рет иіліп, маған тағзым етті. Сол сынық мінезімен мұсылманның басындағы алтын тәжді шешіп алып,өзімен бірге еліне ала кетуге аз-ақ қалды. Бірақ, не де болса бізді Құдай сақтады! Маған да сол күні Алланың мейрім шапағаты мен пазыл-жәрдемі молынан жауды. Алладан пәрмен болған соң, мен де қарап қалмадым. Басым жерге жеткенше оған 20 рет тағзым етіп, мұсылманның алтын тәжін әзер дегенде алып қалдым. Болмаса, БАҚ пен БАҚЫТ христиан жұртына кеткелі-ақ тұр екен, -депті.

Дайындаған: Амантай Тойшыбай