Кеспемізді тұңғыш рет Ауғанстан тұтынады

Бірнеше ұлтты ұйыстырып, бір ауданда тату-тәтті өмір кешіріп  отырған Жамбыл облысы Байзақ ауданында қазір асыраушы саладан бөлек,  кәсіпкерліктің де көкжиегі кеңейген.  Мәселен, Қызыл жұлдыз ауылындағы «Rola-7» ЖШС макарон өнімдерін өндіру бойынша  тек облысымызда ғана емес, еліміздегі елеулі өндіріс орнының біріне айналып отыр. 2008 жылы тірлігін бастаған серіктестік бүгінде кеспе, жайма, макарон және ұн шығаруда алдыңғы қатарда.  Өнімдері елімізден бөлек, алыс-жақын шет мемлекеттерге де шығарылады. Сондай-ақ,  зауыт    цехтарын  Оңтүстік Кореялық технологиялармен  жабдықтап,  өнім көлемін  жыл сайын еселеп арттыруда.

Серіктестік директоры Тұрсынбек Нұрбаевтың айтуынша, биыл кәсіпорын тағы бір тың жобаны қолға алып, өнімдерін Ауғанстан еліне де шығаруды жолға қойыпты.

-Мұндай келісімге біз жақында ғана қол жеткіздік. Ауғанстан елінде өткен семинарға арнайы барып, олардың технологияларын көрген болатынбыз. Содан екі жақты келісімнің  арқасында  өз өнімізді Ауғанстанға шығару туралы мәмілеге келдік. Біз енді ең алдымен 2 вагон кеспе жіберсек деп отырмыз. Одан кейін, өзге өнімдер туралы да бітімгершілік  жасасу жоспарда бар. Бұйыртса, осы айдың аяғында зауыт өнімін тұңғыш рет ауғанстандықтар тұтынатын болады, – дейді серіктестік директоры.

Иә, бұл сөз жоқ, жанға жылу беретін ақпарат. Өйткені экспорт бар жерде табыста еселеп артатыны анық. Ал оның жемісі  ел экономикасына серпін беретіні  тағы айқын.

Өндіріс орнының өнімдерінің тағы бір ерекшелігі – мұнда кеспелердің 5-7 минутта тез пісетін түрлері шығарылады. Зауыт басшысы кеспені бұлайша дайындау тәсілін   құпия ұстап отыр.  Өйткені, елімізде жылдам пісетін мұндай кеспе дайындайтын бірде-бір  кәсіпорын жоқ көрінеді.

Қалай дегенде де,  «Rola-7» ЖШС жұмысы қазір көптің көңілінен шығып отыр. Тәулігіне  5 тонна макарон және жайма өнімдерін өндіріп, оған қоса экспорт бағытындағы жұмыстарды да жүйелеу екінің-бірінің қолынан келе бермейтін шаруа.  Бұдан бөлек, зауыт 150 адамды жұмыспен қамтып, бір мекемеде 50-ге жуық ұлттың басын біріктіріп отыр. Жұмысшылардың еңбек ақылары да көңілге қонымды. Оған қоса, зауыт қызметкерлері жұмысқа  тегін қатынап, үш мезгіл тегін аспен қамтылған. Бұл да өндіріс орнының қызметкерлерге  деген қамқорлығы мен ерекшелігін   байқатып отырғаны анық.

«Жамбыл құс» жылына 65 миллион жұмыртқа шығарады

Жамбыл ______с

Елді мекенде тұрғындардың денін жұмыспен қамтып отырған «Жамбыл құс» ЖШС-ның да жұмысын ерекше атап өтуге болады. Көктал ауылдық округінде орналасқан фабрика 2007 жылы құрылып, қазір жылына 65 млн. дана жұмыртқа шығаруда. Өнімдері облыс тұрғындарының  тұтыну деңгейінің 35 пайызын қамтып отыр. Десе де, серіктестік басшысы Макен Тұрмағанбетованың айтуынша, бұл аз, сондықтан  фабриканың жұмысын күшейту үшін қосымша қаржы керек екен.DSC_0136

-Жалпы қазір фабрикада 140 мың бас тауық бар. Тауықтар  арнайы баздарға отырғызылған. Әр тауық күндігіне 1 жұмыртқадан әкелді дегенде, күніне 140 мың жұмыртқа алуға мүмкіндік бар. Бірақ айта кететіні, қазір осы 140 мың тауықтың 55 мыңы жас балапандар болып тұр. Сондықтан олардан жұмыртқа алу келешектің ісі. Десе де, қазір тәулігіне алып жатқан өніміміз аз емес. Бірақ, бұның өзі әзірге тұрғындардың тұтыну нормасының 35 пайызын ғана қамтамасыз етуде. Сондықтан алдағы уақытта тауықтар санын арттырып, өнім көлемін көбейтсек деп отырмыз. Алайда ол үшін көп қаржы қажет. Өздеріңіз байқағандай құстарға арналған баздарымыз кеңес үкіметінен қалған ескі нысандар. Міне, осы ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа  станоктар алуымыз қажет. Қазір біз осы  олқылықтардың орнын толтыру үшін, қосымша қаржы қарастыру жағына күш салып жатырмыз, – дейді серіктестік директоры.   

Иә, үлкен фабриканың жұмысын жүйелеу оңай шаруа емес. Оны біз де көзбен көріп, мұндағы жұмысшылардың маңдай терін сезіндік. Десе де, кәсіпорын басшыларының кәсібін кеңейтуге, қиындықтарды жеңуге деген құштарлығы орасан екені қуантты. Сондай-ақ, бір фабриканың 100 адамды жұмыспен қамтып отырғаны, әрі өнімдерін халыққа қолжетімді бағамен сатып отырғаны құп көретін нәрсе.   

Біз де өз тарапымыздан серіктестік жұмысына тек сәттілік тілейміз!

 

Жамбыл облысы  

Саятхан Сатылған