КЕЛІНГЕ ТАСТАЙ БАТЫП, СУДАЙ СІҢУ ПАРЫЗ…

Жас келін кезім, ақ пен қараны ажыратып жүрген кез десе де болғандай. Көрші үйде менімен бірге түскен келін бар еді.
Сөзіміз жарасып кетпесе де сəлеміміз түзу болатын. Ата-енесі жəне атасының шешесі яғни үлкен енесі де бірге тұратын. Жас келіні үнемі атасын мақтайтын жақсы кісі деп.
Бір күні үйіне бара қалсам жас келіннің ата-анасы келіп кіріп жатыр екен.
Амандасып, қайта ізіммен қайтпақшы болғанымда үлкен ене “шəй қойып, демдеп жібер” деп бұйыра сөйледі. Ішке кірген құдаларға əп-сəтте шəй дайындадым. Құдалар ашулы, қызына араша түсуге келіпті:
– Енесі күн көрсетпейді екен. Барлық тірлігіне араласып, ақыл айтқыш көрінеді. Әр ісінен мін тауып баласына айдап салатынға ұқсайды – деп құдағи келгеннен адуындана сөйледі.
– Құдамызға əңгіме жоқ, жақсы кісі деп- сөзге араласты құда. Құдалас болғанда өзіме ұқсаған ақкөңіл жан екен- деп құдасын мақтады келіннің əкесі.
Бағанадан үнсіз тыңдаған үлкен əже “айтарларыңды тыңдадық, ал енді мені тыңда” деп даусы қатқыл шықты.
– Мақтап отырған құдаларың ол менің ұлым. Кезінде ішті, шекті, ұрды, жанжалдың түрін көрсеткен. Соның барлық жаманын жасырып, жақсы кісі болуына мына сендер жамандап отырған келінімнің үлесі зор.
Мені ене деп сыйласа ұлымды ерім деп сыйлады. Бір ауыз əй дескен жоқ бізбенен. Сондай əйел қызыңның тірлігіне араласып ақылын уйретсе мына сенің де қызың жаман қатын болмас еді.
Енеден жыю, ерінен тыю көрсе ақылды ана болары сөзсіз. Құдам өзім сияқты жақсы дейсің ғой құда, бірақ тап саған ұқсаса өзім-ақ тепкілеп тастар едім.
Аздаған қиыншылыққа шыдамаған, əрбір істі анасына əсірелеп айтқан қызға ақыл айтудың орнына, мəн- жайды анықтамай қатынның айтқанына еріп босағама ашумен келіп отырған мына саған менің балам ұқсамай- ақ қойсын.
Қатыны би үйден қыз алма деуші еді, мен еркегі би үйден қыз алдым деп үміттенемін. Осы айтқаныма көнсең шəй ішіп, ет жеп қонағым бол, көнбесең қызың əне ұстамаймын.
Маған 25 жыл қызмет қылған келінімді жамандауға құқыларың жоқ, кеше келіп төр менікі деген қызың адам болсын десең осы қатынға тапсыр. Ада болсын десең батамды берем жолы болсын- деп сөзін аяқтады.
Үнсіздіктен соң шəйға бата жасалып құда құдағи үйден шыққанша асықты. Құда қызы мен əйеліне бір ауыз сөз сөйлетпей ізіне қайтты.
Кəзір сол келіншек бақытты ана сүйікті келін. Əжеміз өмірден өтсе де сөздері əлі есімде. Осы əжедей отбасы ұйытқысы болсақ, əдемі қартайсақ кəнекей..……..
Қазақ Елі.

Мақсат Сқақовтың парақшасынан