К.Лагард: «ХВҚ Қазақстан жүзеге асырған реформаларды толық қолдайды»

Бүгін Мемлекет басшысы Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагардпен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Кездесу барысында Қазақстан мен қордың ынтымақтастығының негізгі бағыттары, сондай-ақ әлемдік қаржы-экономика жүйесінің дамуындағы маңызды үрдістер (трендтер) талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев ХВҚ-ның Өңірлік конференциясын Астана экономикалық форумы қарсаңында Қазақстанда өткізу туралы шешімнің біз үшін маңызды қолдау болғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап Халықаралық валюта қорымен ынтымақтасып келе жатқанын айтты.

– Қор қызметкерлері алғашқы жылдары техникалық және қаржылық тұрғыдан зор көмек көрсетті. Бұрынғы кеңестік өзге мемлекеттермен салыстырғанда біздің ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына дейін көп нәрсені жүзеге асыра алды. Қазіргі кезде Қазақстан экономикасы да әлемдік экономика сияқты күрделі кезеңді бастан өткеруде. Бұған бірқатар факторлар, соның ішінде шикізат ресурстары бағасының төмендеуі, қазір біз жүзеге асырып жатқан құрылымдық реформалардың кешіктірілуі, сондай-ақ Ресейге қатысты ахуал мен Қытайдағы экономикалық жағдай ықпал етіп отыр. Соған қарамастан біз ІЖӨ төмендеуіне жол бермей, оң динамиканы қамтамасыз еттік және оны биыл да сақтаймыз деген үміттемін. Біздің республика алты жылдан бері экономиканың шикізат ресурстарына тәуелділігін азайту шараларын жүзеге асырып жатыр, – деді Қазақстан Президенті.

К.Лагард бірқатар мемлекеттер үкіметтерінің экономикалық блогының басшылары алғаш рет қатысқалы отырған Өңірлік конференцияның табысты өтетініне сенім білдірді.

ХВҚ басқарушы директоры Нұрсұлтан Назарбаевқа қормен арадағы серіктестіктің жолға қойылғаны үшін алғыс айтты. Осы серіктестік аясында Қазақстанға қажетті қолдау, соның ішінде техникалық сипаттағы қолдау көрсету жалғасып келеді.

Сонымен қатар, К.Лагард елді экономикалық, индустриялық және инфрақұрылымдық дамыту жөніндегі Қазақстан жүзеге асырып жатқан реформаларды ХВҚ-ның қолдайтынын жеткізді.