КӨШПЕНДІЛЕР ФЕНОМЕНІ

Орыс патшалығының отарлауы барысында көшпелі қазақ отырықшыға айналды. Біз оқыған тарих солай деп көрсе-теді. Табиғи болмысымызды өзгерту миллиондаған халықтың қырылуына әкеліп соқты. Мойнына құрық түспеген құлынды арбаға жеккендей жауыздық. Есесіне білім келді, инновация келді. Халықтың көзі ашылды. Біз оқыған тарих солай дейді.
Жақында Мұхтар Әуезовтің шығармашылығынан үйге тапсырма алған болу керек, үйдегі кенже ағалап келді жаныма. Бізге «Көксерек» деген әңгімені оқуға берді… Ол не туралы?.. Қысқаша айтып беріңізші…
Не туралы? «Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды» дейді халық даналығы. Мектеп қабырғасында ұстаздарымыз осылай деп түсіндіретін. Солай деп қайырдым. Қайырдым да, қайран қалдым. «Абай жолын» жазған ұлы жазушы халық бір-ақ ауыз сөзбен қайыратын дүниені жазып, алтын уақытын құртқаны ма? Мейлі әңгіме болсын. Қызық екен. Бұл логикаға сыйымсыз.
Көксерек — қасқырдың күшігі. Көзін ашпай тұрып ауылға алып келген-ді. Адамдармен ит құсап, тел өсті. Жыртқыш айуан момын қозының астауынан су ішті. Адам қолымен ұсынған тамақты жеді. Бірақ әлгі кернеу. Кеуде тұстағы белгісіз сағыныш. Ген… Көксерек түбі болмысы жеңіп, жыртқышқа айналып, қатарына қосылды.
Е, солай… Бұл «Көксерек» қасқыр емес. Бұл — көшпенділердің тағдыры. Ашық жазуға кім рұқсат береді дейсіз ол кезде. Және ол ақымақтық та болар еді. Әйтпесе қабырға суретке қарап, бұндай толғаныс туар ма? Ұлы ғой…
Кенже, кідірші… Ұстазыңа мынаны да жеткізе бар… Не дейді екен…

Аян Мейраш