Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра

Бүгін кешке жұмыстан қайтып бара жатып, Арбат жақтан Молдабек ақсақалды көріп, сәлем беріп, біраз әңгімелестік. Данакөз қарияларымыздың әңгімесін тыңдауды сағынып қалыппын. Атамыз біраз жасқа келсе де, әлі тың екен. Ішіндегі сырымен бөлісіп, шерін тарқатты. Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра, — дейді ғой дана халқымыз. Қариямыз көрген білгенін айтып, біраз жеңілдеп қалды.

— Қазіргі жастар Мұхтарды білмейді. Ол Абайды әлемге танытқан алып тұлға ғой. Әнеукүні бір жастан сұрадым: Мұхтар Әуезов атаңның қандай өлеңін жатқа білесің дедім?! Кезінде бір жаттағам, қазір есіме түспей тұр деп,- ол қысқа қайырды. Қайдан білсін Мұхтардың өлең жазбағанын…, —деп езуін ішке тартты.

Содан соң, атам мені сынап көрді. Білгенімді айтып, білмеген жерімді еш жасырмадым.

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы 1917 жылы Ералы жазығының Ойқұдығында «Еңлік-Кебек» пьесасын алғаш рет киіз үй сахнасында қойған болатын,- деп тарқатып бастадым.

— «Еңлік-Кебек» пьесасы… Ойқұдық… Сен, өзі бірдеңе біледі екенсің шырағым, тәубә. Бұл тарих. Тарихты ұмытпауыз керек. Сол кезеңде Еңліктің рөлін ойнайтын қыз табылмағандықтан, оның рөлін Мұхтардың туған ағасы Ахмет Әуезов сомдады. Әуездің үлкен әйелі Дінәсілден Мұхтардың әкесі Омархан, кіші әйелі Сақыштан Арынбек, Қасымбек, Ағзам және Ахмет туған. Бұлар бірге өседі, атасы Әуездің тәрбиесін бірге көреді. Осыны есіңде сақта шырағым,- деді.

Әрімен қарай Тұрағұл Абайұлы туралы айтты.

— Ол Шымкентке жер аударылып, сол жақта қаза болады. Қазір оның қаза болған жеріне завод салып тастады. Белгіні сол маңдағы басқа бір жерге орнатыпты. Соны бір зерттесе шіркін…,-деді.

Орталық саябақтағы Шәкәрімді де тілге тиек етті.

— Бұл ескерткіш әуел баста басқа орынға лайық еді. Қазір бұл саябақта көбіне жастар жүреді. Олар ол жерге қоқыс лақтырады, басқада ұятсыз тірліктер жасайды. Соның бәрін Шәкәрім көріп отыра ма?! Қазір айналасына фонтан орнатып біраз әсемдепті, құлаған кафелінде қалпына келтіріп жасап қойыпты, енді осыны үнемі қадағалап отырса, шіркін…,- деді.

Молдабек атамыз көгілдір экрандағы бағдарламалар, басқа да тақырыптар жайында да сөз қозғап, ойымен бөлісті. Қалай 2 сағаттың өтіп кеткенінде байқамай қалыппын, тамаша рухани кеш болды.

Әр нәрсенің өзінің түйіні болады, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін, атамыз өзінің ақ батасымен түйіндеді.

Молдабек ақсақалға тамаша әңгімесі үшін алғыс айтып, денсаулығының мықты болуын, ұрпақ қызығын көруін тіледім.

Думан Кенжеғазыұлы Кенжеғазин