«Көңіліме көшіп келді мың көктем…»

Журналистер одағының мүшесі, Б.Майлин атындағы қордың директоры Жұмабек Табын — жан-жақты азамат. Тарих, әдебиет, салт-дәстүр, мәдениет, өнер, ғылым, спорт дейсің бе, бәрінен хабардар екен. Ақын, «Балдырған» журналының бөлім редакторы Құл-Керім Елемес, жас ақын, «Ақ желкен» журналының жауапты хатшысы Бекзат Смадияр, күйші Еламан Елемес және осы жолдардың авторы Оңтүстік Қазақстанға жол тарттық. Еліміз тәуелсіздік алғалы облыс орталығы — Шымкенттен, аудан орталығы — Шолаққорғаннан қашық жатқан Жуантөбе ауылына ешқандай ақын-жазушы, журналистер қауымы атізін салмағанын байқаған Жұмабек ағамыз балалар басылымдарының өкілдерін өз көлігіне тиеп алып, «бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, ауыл мектебінің оқушыларымен кездесіп, бетпе-бет жүздесу үшін, жас өрендердің өнерлерін тамашалап, шығармашылықтарына жол ашу үшін бізді арнайы алып барды.

Аудан әкімі Мақсат Шамансұрұлының қабылдауында болдық. Қызметке келгеніне 9 ай ғана болған, елдің жағдайынан хабардар, жергілікті жердің ерекшелігін, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсы білетін ол бірден қызу іске кірісіпті. Алпыс мыңнан сәл ғана көп халқы бар аудан отандық уран өндірісінің 65-70 пайызын алатын болып шықты. Әкімнің айтуына қарағанда, ауданда 250 мыңдай ұсақ мал, 29 мың мүйізді мал, 10 мыңға жуық түйе, 10 мыңнан астам жылқы бар екен. Облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлының ұсынысы мен талап, тапсырмалары бойынша ауданның өз ерекшелігіне сай барынша алға қарай адымдап келе жатқаны байқалады. Осы өңірдегі 300-дей кәсіпкер әртүрлі бағытта өз шаруашылықтарын уақыт өткен сайын дөңгелетіп, дұрыс жолға қойып келе жатыр. Мақсат Шамансұрұлы өз сөзінде алдымызға болашақта орындалатын жоспарларын да жайып салды. Өзі ақкөңіл, адал, қарапайым, іскер, жан-жақты ойлайтын жан екен. Біздің кездесулерімізге сәттілік тілеп, қамқор пейілмен, қимай қоштасты.

Ертеңінде бірден ауылдағы С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектепке қарай шықтық. Ауыл азаматтары мен мектеп басшылығы бізді мектептің алдынан қарсы алды. Мектептің фойесіндегі көрмеден өзгеше әсер алдық. Бұл жерге оқушылардың қолөнер бұйымдары мен салған суреттері қойылыпты. 11 сыныптың оқушысы Әли Сүтемгеннің ауданнан жеңімпаз болып, облысқа өткен ғылыми жобасы біздің қызығушылығымызды оятты. Оның айтуы бойынша, әр тірі ағзада күш болады. Тіпті лимон, алма, апельсин, кивиден, картошка мен сәбізден де заряд алуға болады екен. Оны көзімізше арнайы тәжірибе арқылы әп сәтте-ақ дәлелдеп берді. Ізденімпаз ұланға риза болып, батамызды бердік.

Мектептің мәжіліс залына ұстаздар мен оқушылар лық толыпты. Алматыдан келген бізді әнмен, бимен қарсы алған өнерпаздар бірден өнерлерімен баурап алды. Назерке Әбдіраш, Балнұр Тыныштықбай, Тоғжан Оңалбек, Сымбат Мұқаш, Ілияс Тұрсынбай, Альбина Иманбай сияқты ақындар өз өлеңдерін жатқа оқыды. Құл-Керім Елемес олардың өлеңдеріне пікірін айтып, табыс тіледі. Бекзат Смадияр болса жастарға арнап өз өлеңдерін оқыды. Қонақтардың атынан Еламан Елемес Кетбұғының «Ақсақ құлан» күйін шебер орындады. Жұмабек Табынның туған ауылында өсіп келе жатқан таланттарға қуанғаннан көзіне жас алғанын байқап қалдым. Оқушылар «Қаражорға» мен «Достық» биін билеп, көңіл күйімізді тіпті асқақтатып жіберді. Осы сәтте мен таңертең аяқ астынан туған «Жуантөбеге» деген өлеңімді оқыдым:

Мынау аймақ жас ақынның жырындай,

Шу өзені — тарқатылған бұрымдай.

Жұмағаммен желдей жүйткіп жеткенде,

Бетбақдала қарсы алды өз ұлындай.

Мен де бұрын кең даладан таралғам,

Бұл өлкеде тоғысқандай бар арман.

Менің жаным боз жусаннан нәр алған,

Сенің жаның сексеуілден жаралған.

Алыс жатқан кептелістен, дүрмектен,

Жуантөбе, келдім саған құрметпен.

Көктемдегі Бетбақдала суреттей,

Көңіліме көшіп келді мың көктем.

Уақыт — түлкі, секунд бір-бір тазыдай,

Бүгінгі күн қыстан шыққан қазыдай.

Саған, дала, жыр толғасам арман не,

Құлшылығын кешіктірмес қажыдай.

Менің жаным бүршік атты көктемдей,

Сенің жаның жаңбыр құйып өткендей.

Кетбұғы мен Сүгірдейін үндескен,

Әр тұрғының бір-бір күй боп кеткендей.

Келдім саған жетегінде Иенің,

Әр тасыңды, әр құмыңды сүйемін.

Шөлдеп келдім мейірімге қаталап,

Мен де өмірде маң-маң басқан түйемін.

Құлап кетпей тіршіліктің жарынан,

Бүгін саған мен ағымнан жарылам.

Алматыда армансыз күй кешсем де,

Жуантөбе, сені талай сағынам!

Кездесуіміз мектептің кітапханасында дөңгелек үстелмен ұласты. Кітапхана қорында 5000-дай кітап бар екен. Ата-аналар комитетінің төрағасы, ел ағасы Алтай Сәрсен келген қонақтарға лебізін білдірді. Бұл жерде оқырмандар бізге сұрақтарын қарша боратты. Шамамыз келгенше жауап беріп-ақ жатырмыз. Оқушылардың жан-жақты білімдеріне, парасат-пайымдарына сүйсіне түстік. Дөңгелек үстелде әдебиеттің біраз көкейкесті мәселелері көтерілді. Оқырмандарға мол мағлұмат, біраз бағыт-бағдар берілді.

Түстен кейін ауыл тұрғындарымен, оқырман қауыммен ауылдың кітапханасында тағы бір шара өтті. Ауыл әкімі Анас Жайлаубай қонақтарға сөз арнап, ауыл, аймақ жайлы көсіле сөйледі. 1946 жылы құрылған бұл ауылға биыл 70 жыл толмақ екен. Күз айларының бірінде осы айтулы оқиғаны атап өту жоспарда бар болып шықты. Ауыл азаматтары бұл тойдың дайындығын бастап та кеткен екен. Динара Оңалбек жүргізген бұл шарада кітапханашы Перизат Сазанова кітап қорына шолу жасады.

Ауылдағы кәсіпкер Бауыржан Жайлаубай бүлдіршіндерге арнап ойын алаңқайын жасапты. Ол жерде сәбилердің алаңсыз ойнауларына қолайлы жағдай жасалған екен. Бауыржанмен әңгімелесудің реті туып, оған біраз сұрақтар қойдық. Осы жерге жақын екі футбол алаңы, басқа да спорт түрлеріне арналған арнайы алаңдар бар екен. Бұл алаңдарды даярлауда Бауыржан Жайлаубайға мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай кездесуге келетін түлектер де көмек қолын созыпты. Бүгінде ауыл жастары күніне бірнеше рет жиналып, футбол ойнап жаттығып жүрген көрінеді. Барлығы шетінен мәдениетті, бір-бірін итермей, шалмай, аяқтан теппей, жаман сөз айтпастан футболды шебер ойнайды. Оған ауыл жастарымен футбол ойнағанымызда көзіміз жетті.

Саят Қамшыгер,

ақын, «Серпер» сыйлығының лауреаты.