Кәсіпкерлікке кедергі жоқ

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің өткен жылы атқарған жұмыс қорытындысы және «Бизнеске жол» жобасын таныстыру туралы баспасөз конференциясы өтті. Онда аталған департамент басшысының міндетін уақытша атқарушы Қуаныш Ахметқалиев пен департамент басшысының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Даурен Омаров салада атқарылған жұмыс нәтижесін баяндады. Қуаныш Жұмағалиұлының айтуынша, тұрғын үй саласына мониторинг жүргізу нәтижесінде кезекте тұрған 37 715 азаматтың ішінен 5 807 адам баспана кезегіне заңсыз тұрғаны анықталып, олар кезектен шығарылыпты.
– Кезектен шығарылған 3 415 азаматтың шын мәнінде басында баспанасы бар. Ал 17 азамат елден тыс жерде тұрып жатса, 257-сі қайтыс болып кеткен. 1 955 азамат кезекке тұрғаннан кейін үйленсе, 163-і біздің облыстың тұрғыны емес. Қазір осы бағытта жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.
Жер қатынастары саласында бағасы 238 миллион теңге сомасындағы 3,56 гектар жер учаскесін заңсыз берген Тараз қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс аяқталып, сот шешімімен аталған жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жер учаскелерін болашақта мектеп пен көппәтерлі тұрғын үй құрылысына беру туралы облыс әкімдігімен келісімге қол жеткіздік. Осы фактілерден басқа, ауылшаруашылығына арналған 12 846 гектар жер учаскесі де мемлекет меншігіне қайтарылды.
Т.Рысқұлов ауданының Қарақат ауылындағы мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде жұмыстың сапасыз жүргізілгені және атқарылмаған жұмыстарға 80,8 миллион теңге көлемінде қаражат төленгені анықталды. Осыған орай облыс әкімдігіне аталған дерек бойынша шара қолдану туралы ақпараттық хат жолданды. Осы нысан бойынша жұмыс тобы құрылып, қысқа мерзімде мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, бюджет қаражатын жымқыруға жол берілмеді. Оқу процесі дер кезінде ұйымдастырылды. Жергілікті атқарушы органдарға жалпы сомасы 315,5 миллион теңге көлеміндегі кемшіліктерді жою бойынша 6 ақпараттық хат жолданды, – деді Қ.Ахметқалиев.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жоспарын орындау мақсатында осы жылдың қаңтар айында сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылық дерегі туралы хабарлаған азаматтарды қорғауға арналған заң қабылданған болатын. Аталған заң сыбайлас жемқорлыққа қатысты деректі хабарлаған адам туралы ақпараттың құпиялығына толық кепілдік береді. Бір айта кетерлік жайт, көтермелеу сыйақысы соттың үкімі заңды күшіне енгеннен кейін төленетінін айта кету қажет. Өткен жылы департамент арқылы 8 адамға 1 562 130 теңге ақшалай сыйақы төленіпті. Сыбайлас жемқорлық фактісін хабарлаған Атырау облысының тұрғыны 12 миллион теңге сомасында ірі сыйақы алғанын ескерсек, жемқорлыққа жол бермеу үшін қолданылатын бұл әдістің де тиімді екені анық.
Былтыр сыбайлас жемқорлыққа жол берген 68 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның ішінде 16-сы әртүрлі деңгейдегі басшылар екен. Өткен жылы мемлекеттік органдарға жолданған 59 ұсыныс қаралып, нәтижесінде облыстағы әртүрлі ведомстволардың 35 тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
«Бизнеске жол» жаңа жобасын іске асыру аясында департамент 53 кәсіпкермен 11 жұмыс кездесуін өткізіпті. 17 кәсіпкерге нақты мәселелерді шешуде практикалық көмек көрсетілген.
Бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруда кешенді шаралар атқарылуда. Соның бірі ретінде превентивтік механизмдерді, яғни алдын алу және оған қарсы мәдениет қалыптастыру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Департаменттің бастамасымен әртүрлі мақсатты топтар арасында былтыр 330-дан астам іс-шара өткізілді. Мемлекеттік басқару академиясы арқылы 227 жас мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлаудан өткізу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы лекцияларға қатысты. Ал дәріс тыңдаушыларға Мұхаммед Хайдар Дулати, Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Асанбай Асқаров аталарымыздың өмір жолына бағытталған «Адалдық сағаты» бейнедәрістері өткізілді.
Превентивтік шаралардың тиімді әдістерінің бірі ретінде департаменттің Call-орталығына жиі түсетін анонимді хабарламалар негізінде және сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары орган қызметкерлерін тұрақты түрде түзеу мекемелерінің тынысымен таныстыруда. Есепті кезеңде түзеу мекемелерінің тынысымен 300-ге жуық қызметші танысқан.
Өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы 14 мониторинг жүргізіліп, олардың нәтижесі бойынша 30 ұсыныс берілсе, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді анықтау мақсатында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне 5 кешенді талдау жүргізіліп, 47 ұсыныс енгізілген болатын. Сонымен қатар былтырғы жартыжылдықтан бастап мониторинг жұмыстары барысында тұрғындарды толғандыратын сұрақтарды ескере отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасында көрсетілген мәселелер қамтылуда. Демек, құқықбұзушылықтың орын алғаны емес, оның алдын алуға және себеп-салдарына мән беріліп келеді. Осылайша аталған картаға ауызсу, суармалы су, жол құрылысы, заңсыз пайдалы қазбаларды игеру, тұрғын үй, жер және бизнес салаларына аса мән берілуде, – дейді Даурен Даниярбекұлы.
Сондай-ақ ол сыбайлас жемқорлықтың тәуекел картасына енгізілген сала бойынша бұдан да басқа атқарылған шаруаларға кеңінен тоқталды. Баспасөз мәслихаты барысында спикерлер БАҚ өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді.

Н.Болатұлы, arainfo.kz