Кәсіпкерлік саласында іскер әйелдер үлесі басым

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов әлеуметтік бизнес саласында жүрген бір топ іскер әйелдермен кездесті. Өңір басшысы ер азаматтармен иық тіресе еңбек етіп, қоғамның ілгерілеуіне аянбай үлес қосып жүрген нәзікжандылардың еңбегін айрықша атап өтті. Расында да, облысымызда кәсіп ашып, дөңгелетіп отырған іскер әйелдер саны артып келеді. Бүгінде олар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің 40 пайызына жауапты. – Біздің облыста нәзікжандылардың жетекшілігімен кәсіпкерлікті жүзеге асыру ерлерден кем түспейді. Өңірдегі жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 100 566 бірлікті құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 136,6 пайызға өсті. Әйелдер басқаратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 48 мың адамға тең. Бұл жалпы жұмыспен қамтылғандардың 30 пайызын құрайды. Әйелдердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту, олардың экономикалық жағдайын жақсарту – гендерлік теңдікті қамтамасыз ету тетіктерінің бірі болып табылады. Бұл ауыл мен қала халқының әл-ауқатын арттырумен тығыз байланысты. Тәжірибе көрсеткендей, әйелдерді жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуде жетекші рөл шағын кәсіпкерлікке тиесілі. Өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігі саласында атқарылған сапалы жұмыстар әйелдердің мүмкіндіктері мен құралдарын одан әрі арттырады деген сенімдемін, – деді Нұржан Молдиярұлы. Аймақ басшысы облыстық іскер әйелдер қауымдастығының да жемісті жұмысына тоқталып, игі істеріне жергілікті әкімдік тарапынан қолдаудың үзілмейтінін мәлімдеді. Кездесуде сөз алған «Өшпес мұра» қолөнершілер қауымдастығының төрайымы Гүлнар Абдуллаева мемлекеттен грант алу мәселесіне ерекше тоқталып, көкейінде жүрген сауалын қойды. «Біз осы уақытқа дейін туризм басқармасымен бірлесіп, жұмыс істеп келеміз. Бірақ біздерді, қолөнершілерді мәдениет басқармасына тіркеуді сұраймыз. Өйткені, ұлттық өнеріміз, дәстүрді дамыту бағытындағы жұмыстарымыздың барлығы осы басқармаға қарауымызды, бірлесе жұмыс істеуімізді қажет етеді», – деді ол. Ал, «Айна- Line» ұтымды өнеркәсіп қауымдастығының төрайымы өзі тұратын аумақта орналасқан «Көктал-2» каналына қатысты мәселе көтерді. «Каналдан аққан су тұрғындардың мазасын алып, бау-бақшаны, қора-қопсыны бүлдіреді. Осы мәселені қанша рет көтерсек те нәтижесіз. Осыны өзіңіз назарға алсаңыз екен», – деді. Кездесуде бұдан өзге жастардың кәсіп бастауына қатысты, мемлекеттік гранттардың бөлінуі, оны иеленіп отырғандардың шын мәнінде бизнес бастау, бастамауына қатысты, оған қойылатын талаптарға байланысты бірнеше ұсыныс, пікірлер айтылды. Облыс әкімі аймақта әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту ісін жетілдіре түсу қажеттігін, ауылдық аймақтарда мемлекеттік бағдарламалардың пайдасын, өзге де көмек түрлерін алу жолдарын түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Жауапты мамандарды осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, бірлесе еңбек етуге шақырды.

Гүлжан РАХМАН, aqjolgazet.kz