“Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар”

“Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар”-дейтін қазақ, қасқырдың өзін, үш топқа бөлген екен. “Қыңсылама”, “Ұлыма”, “Шапжарғыш”- қылып.

Қасқырдың ең қауіптісі “Шапжарғыш” оны қасқырдың сырттаны-деп те атайды екен. Ой мен түзді қорықпай, жападан жалғыз кезетін арлан, алапат күштің иесі. Түнде жорытқанда: “Мен ешкімнен мейірім күтпеймін, сол үшін де ешкімге мейірім көрсетпеймін”-дейді екен түз тағысы.

Шатқалдағы қалың бөктердің ішінде, кәрі арланның жатқанына да жетінші күн. Түз тағысы, өз бетінше аң аулауға жарамай қалды. Әлсіздігін көрсетіп, көрінгеннің көзіне түрткі болғысы да келмейді. Жапанды, жалпағынан басқан абадан үшін, бұдан өткен қорлық жоқ. Барлық күш-қайратын жинап, кәрі арлан, аспанды басына көтере бір ұлып, ішіндегі зарымен, запыранын шығарып алды.

Сүт пісірім уақыт болған жоқ, шидің арасынан бір нәрсенің басы қылт ете қалды. Арлан басын көтеріп, азу тісін, ақситып еді. “Абаданым” ұлыған үніңізді есітіп келдім. Сайда жатқан, байдың сегіз үйірі жылқысынан, семіз байталдың қарнын жарып берейін, армансыз тойыңыз қызылға. Артымнан еріңіз, абаданым-дейді жас бөрі.

Әй, жас бөрім! Қасқырдың қай атасының баласысың? “Қыңсыламаның” тұқымымын!Көңіліңе келмесін, сенің аталарыңды жақсы білемін, жас бөрім. Қойшының қорадағы қойына шабамыз-деп бір уақытта, бірге жорытқанбыз.

Қойшы қос ауызбен, мылтық атса, қорыққаннан, құйрығын бұтына тығып қыңсылап, етектегі сайға тығылған. “Қыңсылама қыңсылағанда, ұлыма ұлығанда абайла”-деген аталарымның сөзін, мен де әлі ұмытқан жоқпын.

“Қыңсылама” атаңның әруағы разы болсын, пейіліңе тойдым. Бара бер, жолыңнан қалма, жаныңа жолдас бола алмаймын, жас бөрім-деп арлан басын, өз аяғына қойды — дейді.

 

На изображении может находиться: небо и на улице

 

Араға апта салып, келген жаңа бөрі “Ұлыманың” ұрпағымын-деді. Таудың етегіндегі алқапта, алты үйір жылқы жатыр. Семіз күрең биенің, көзіне көк шыбын үймелетемін. Айтқаныңды айдап алдыңа әкелемін. Артымнан ер абаданым. Жылы — жұмсаққа бір тойдырайын дейді.

Көңіліңе келмесін, пейілі кең, жас бөрім.
Бір замандарда сенің аталарыңмен де жорыққа бірге шықтым. Айтып келген ұрыдай, жемтікті көрсе болды, біреуі ұлиды, қалғандары бөрінің көтіндей шулайды екен. Мұндай қасқырды көрсем көзім шықсын.

“Ұлыманың ұлығаны құрысын”-демекші сол күні, тәңір сақтамағанда, жон теріміз сыпырылып, керегенің көркі болып қала жаздадық. Сенімен де жолымыз, бірге емес екен, жас бөрім. Ниетіңе рахмет-деп арлан қалың бөктердің ішіне кіріп кетті.

Ертеңіне түс ауа келген бөрінің жүрісі бөлек, жотасы биік екен. Сыртқы жүнін қампайтып, азуын ақситып, құлағын қайшылап алыпты. Әй, жас бөрім, “Шапжарғыштың” баласы емессің бе? Иә, оны қайдан білдіңіз абаданым. Әкең аталас, арланым еді.

Жүрісің бөлек, сипатың ерекше екен. Ниетің қандай? Ескі сайдан, екі жылқы көрдім. Қанжығаңызды майлап, қызыл етке қарныңызды бір тойғызайын. Ізімнен еріңіз. Саған сенуге болады екен, қаны бір, аталас бөрім. Атаң абадан, жолдасын жолға тастамаған, азулы қасқыр-еді. Ізіңнен ерейін, қайратыңды көрейін.

Бірақ менің айтқанымды тыңдап, айдағаныма көнесің. Сенің қайратыңмен, менің ақылым астасса, армансыз күн кешеміз. Ақылымды алмасаң өз обалың өзіңе. Келістік. Уәде уәде.

Ескі сайда екі жылқы жайылып жүр. Саймен ауылдың арасы алыс емес. Жас бөрінің сілекейі шұбырып, көзі сайдың шетінде тұрған семіз торы байталда.

Ойыңды оқып тұрмын, жас бөрім. Торы байталдың семіз екенін де көріп тұрмын. Бірақ оған тиіспе. Оны жарып тастағаныңды көрсе, байдың жылқышылары екеуміздің де жон терімізді сыпырып, жегенімізді желкемізден шығарады.

Оданда торы байталдың жанындағы, күрең қасқа бестінің, шабын жар. Не үшін абаданым? Тісің өтпес, еті арық тарам ғой? Неге екенін уақыты келгенде көрерсің. Бағана шатқалдан шығарда, уағдаласпап па едік? Айтқанымды істе жас бөрім, қор болмайсың.

Жас бөрі, бөктерден шыға бере, кәрі арланның айтқанын есінен шығарып, байдың семіз торы байталын жарып тастады. Жанындағы күрең қасқа бесті, әккі жылқы екен. Құлағын қайшылап алып, ауылға шауып кетті.

Бір бәлені сезген бай, сайдың тасындай, сойыл соғар үш жігітін аттандырды. Ал жас бөрім, тәңіріңе сыйын, жаннан тәтті нең бар. Айтқан тілді алмадың. Ақымақ бас, аяқтың соры-деген осы. Тездет. Сайдың табанына түсіп алайық.

Көзім жетпей тұр. Бастырмалатып, жетіп қалған қай ат? Төбел торы құнан, абаданым. Бұл кәрі биенің құлыны, “Ал кеттім”-деген. Кәрі биенің құлындарының, өкпе қуысы тар болады. Ұзаққа шаба алмайды. Ал дегеннен, алдыға атып шығады. Шақырым шапса, шаршап қалады. Өрге сал, өкпесі өшсін. Абаданның айтқаны дәл келді, төбел торы құнан қыр аспай өкпесі өшіп қалып қойды.

Жанарымның ұшында, ентелеп келе жатқан қай жылқы? Кер қасқа дөнен арланым. Ау бұл қулық биенің құлыны,”Дөң асар”-ғой. Қулық биелерден туған құлындардың маңдай сүйегі жұқа болады, желдің өтіне сал. Желдің ызғары, маңдайын тесіп, желге қарай шаба алмай, ық іздейді. Ол қасқа ырғалып шауып, ық іздеймін дегенше, біз бел асамыз. Айтқаның келді сырттаным, кер қасқа дөнен, желдің өтіне шаба алмай, сайдың ығында қалып қойды.

Мына көсіле шауып, көз алдыма келіп қалған қай арғымақ? Бұл күрең қасқа бесті, абаданым.

Бағанағы ескі сайда, семіз тор байталды емес, қасындағы, еті тарам болсада, осы күрең қасқа бестінің шабын жар деп едім. Айтқан тілді алмадың. Обалың өзіңе жас бөрім.

Бұл міні жоқ, арда биенің құлыны, ”Құтқармас”-деген. Күрең қасқа бесті, шашасына шаң жұқтырмайтын жүйрік. Бағана уақыты келгенде көрерсің дегенім осы еді.

“Кәрі қалтаң, жас жалтаң”-деген. Мына дөңді асқасын мен қалт етіп, қара тастың ығында қалып қояйын. Сен жалт етіп, жазыққа шық. Аяғың мықты ғой, болашақ абаданым, мүмкін аман қаларсың. Ал, қош бол!

Қара тастың қасынан, өтіп бара жатқан, күрең қасқа бестінің қанжығасында, тісі ақсиып, сойыл тиген, басының қаны, жерге тамшылап, құйрығы жер сыпырып, ердің артында, өңгеріліп кетіп бара жатқан жас бөріге қарап. “Өзің білме, білгеннің тілін алма”-деген қарғыстың үлкені депті кәрі абадан.

Осы әңгімені маған, майын тамызып айтып берген Жолдыбайдыңұлы Ержан бауырымның құйма құлақ қасиетіне тәнті болдым.

“Кемеңгерге де кеңес керек”. Өзің білмесең, жөн білетін өзгеден сұра. Мен мендікке салына берме. Құрдымға кетесің. “Мен деген шөл, біз деген көл”. “Мен бар жерде, құдай жоқ”-деп халқымыз бекер айтпайды.

МАҚСАТ СҚАҚОВТЫҢ

фейсбук парақшасынан