Имансыз әулет түбінде азып-тозады…

Бала тәрбиесі жөнінде Абай бабамыз: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады», -деп, осы үшеуінен баланың болашағы шешілетінін ескерткен. Бала өз өмірінің жалғасы болғандықтан, халқымыз бала тәрбиесіне баса назар аударып, өзінде бар барлық асыл сөз, даналық ойларын балаға арнап, ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған тәжірибесімен ізгі қасиеттерін, балаларының бойына сіңіруге тырысқан.

Сондай-ақ, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» — деп Мұхтар Әуезов атамыздың айтқаны бар. Күнделікті өмірден өзіміз көріп, біліп жүргеніміздей, баланың тәлім-тәрбиесі көп жағдайларда отбасының тәлім-тәрбиесімен тікелей байланысты болатындығын баршамыз жақсы білеміз. Сонымен қатар қазақ ұлтының ұрпақ тәрбиелеуде өзге ұлттардан айрықша, өзіндік ұстаным қағидалары болған. Бұл қағидалар, бір жағынан, біздің ұлттық болмысымызға негізделсе, екінші жағынан, асыл дінімізбен үндестік тауып жатады. Имандылық — бала тәрбиесінің ең басты қайнар бұлағы. Сондықтан да тәрбиені діннен бөлік алып қарауға әсте болмайды. Бала отбасында қаншалықты жақсы тәрбие көрсе де, дініне енжар селқос қарайтын, имандылық негіздеріне аса мән бермейтін ұрпақ, екі дүние де мұратына толық жете алмайды. Бақыт та, байлық та, береке де, бірлік те иманда. Имандылық әрдайым адамгершілікке жетелейді. Қазақта «Бала қымбат болса, оның тәрбиесі онан да қымбат», -деген нақыл сөз бар. Бала тәрбиелеуде өзіндік тәжірибесі бар, харам атаулыдан әрдайым аулақ жүретін ата-аналардың отбасында тәрбиеленген балалар көркем мінезді, иманды, ибалы, инабатты, көркем мінезді, өз қатарластарына үлгі-өнеге боларлықтай болатындығын өмір дәлелдеп отыр.

Ал күнәдан қорықпайтын, жаман істерді күнделікті үйреншікті тірлік деп түсініп, оны өмір сүрудің заңдылығына айналдырған отбасыдан жақсы бала шығуы екіталай. Отбасы тәртібі кемшін әулеттің ғұмыры ұзаққа созылмайды. Уақыт өткен сайын тегі әлсірей береді. «Ұрыдан қары туады», -демекші, жаманнан жақсы тумайды. Сөйтіп, ақырында бір ұрпақ, яғни әулет азып-тозып жоғалады.

222Ислам дінінің бала тәрбиесіндегі атқарар міндеті қаншалықты жоғары болса, оның ұрпақтың бойына сіңірер ұлағатты тәлімі де ұшан теңіз. «Әуелгі балаңа Құранды үйрет, қалғанын балаңа Құран өзі үйретеді» делінетіні сондықтан болса керек. Қасиетті Құран Кәрімде Аллаһ тағала Лұқман Хакімнің баласына айтқан мына бір өсиетін мысалға келтірейік. «Әй, жан балам, намазды толық орында, адамдарды жақсылыққа шақыр, жамандықтан қайтар және басыңа түскен ауыртпашылыққа сабыр ет. Шындығында болар, маңызды істерден», — деген. Көз алдымызға елестетіп көрейікші, біздің жастарымыз күнделікті бес уақыт намазын оқып жүрсе, бір-бірін үнемі жақсылыққа шақырса, көрген жамандық атаулыға тыйым сала білсе, ондағы қиыншылықтарға сабыр ете білсе, онда біздің қоғамымыз қандай жақсы қоғамға айналар еді. Сондай-ақ, бала тәрбиесінде «Бабалар сөзінің» алар орны өте ерекше. Бабалар сөзі — кешегі өткен қариялардан, ғұлама ойшылдар мен шешен-билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден мұра, мирас болып қалған ұлы тәрбие құралы. Ата-бабаларымыздан бізге жеткен көптеген ұлағатты, ғибрат аларлықтай тамаша тәлім-тәрбие берерліктей өсиет сөздер бар. Осындай ғибратты өсиет сөздерді халқымыз өткен ғасырлардан бүгінге дейін жеткізе отырып, оларды әрдайым ұрпақтарының санасына сіңіріп келген. Жас-тайынан осындай ұлағатты сөздерге қанық әрі оны зердесіне сіңіріп өскен баланың тәлім-тәрбиесі де, ой өресінің ұшқырлығы да, тіпті сөйлеген сөзінің мәнері де, қатарластарына қарағанда әлдеқайда артық болатындығы аңғарылып тұрады десек, қателеспейміз. Сондықтан да осындай қанатты сөздердің мәні мен мағынасын балаға түсіндіріп, әрдайым оның санасына құйып отыруды ұмытпаған жөн. Оған төмендегідей мысалдарды келтіріп көрелік.

— Арман дегеніміз не?

— Ақыл-ойдың шындығы. Құс — ұшсам дейді, бала — өссем дейді, қыз — көрікті болсам дейді, жігіт — бақытты болсам дейді, қарт — жүзге жетсем дейді, ұстаз — шәкіртіне үлгі болсам дейді. Арманына адаспаған жетеді, адасқан арманына жете алмайды. Арманына ақылды жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді.

— Бақыт дегеніміз не?

— Ақыл басында болса, бақыт жанында болады. Ақыл адамды азаптан да, мазақтан да құтқарады. Өмірде шын бақытты боламын десең, ақылдылықты үйрен, не ақылдыға үйлен.

— Дос табу дегеніміз не?

— Өмірде дос табу ақылдыға қиын, ақымаққа оңай. Ақылдының досы аз, қасы көп, ақымақтың досы көп болғанымен, жақсылығы жоқ. Жақсылығы жоқ достың қастығы аяқ астында жатады. Есіңде болсын, досың ақылды болса, өзің дана боласың, досың бала болса, өзің шала боласың.

— Өмірде не жетім?

— Өмірде ата-анасы жоқ болса, бала тірі жетім. Өмірде тоғыз жетім бар. Халқына сенімсіз болса — хан жетім. Ханы ақылсыз болса — халқы жетім, кеңесшісі ақылсыз болса — әкім жетім, суы жоқ құдық жетім, ұлы жоқ әке жетім, қызы жетесіз болса — ана жетім, досы жоқ жігіт жетім, шәкіртсіз ұстаз жетім. Өмірде жетім болсаң, есірме. Ақылды жетім кеңесуге құмар, Ақылсыз жетім егесуге құмар. Егескен ел болмайды.

— Үйде кім, елде кім қадірлі?

— Үйде қонақ, қарт, бала қадірлі. Елде хан, әкім, ұстаз қадірлі. Қонақты қадірлеуді бәрі біледі. Бала — үйдің патшасы, «балалы үй — базар, баласыз үй — қу мазар» деген.

— Жоқты бар, ашты тоқ ететін кім?

— Әке қанша мейірімді болса да, ананың жөні бөлек. Жоқты бар, ашты тоқ ететін, ол — ана. Анасыз бала ұйықтамайды, қатықсыз айран ұйымайды. Ана — үйдегі бақ, әке — отыратын тақ. Ана ақылды болса, үйдің қуанышы, әкенің жұбанышы.

— Үйдегі алтын қазық кім?

— Үйдегі алтын қазық — ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі қызға үлгі, әке тәрбиесі ұлға үлгі. Ана — ақылшың, әке — қамқоршың, ағаң — қорғаушың, інің — сүйенішің, қарындасың қанатың екенін ұмытпа. Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде.

— Өмір сүру үшін не қажет?

— Өмір сүру үшін су, от, тұз, қыз, ақыл қажет. Су тіршіліктің нәрін береді, от өмірдің сәнін береді, тұз астың дәмін келтіреді, қыз көңілдің сәнін келтіреді, ақыл өмірдің мәнін береді. Адам ақылмен ағайынды табады, ақылсыз адам ағайыннан безеді.

— Адамға ақыл беретін кімдер?

— Адамға ақыл беретін ата-ана, ұстаз, досы екенін ұмытпа. Ата-ана ақылын баласы мен қызына айтады, ұстаз шәкіртіне айтады. Жақсы ақыл адамды тез есейтеді. Адамға ақыл беретін — адал дос. Адал дос — ақылшың, ақылшы дос — жақының. Досы көптің табысы көп, табысы көптің жақыны көп. Достықтың көзі ақылдан басталады.

— Достықты нығайтатын не?

— Есіңде болсын, шын достың ақылдыға тән екенін ұмытпа. Өмірде дос болуды ойласаң, «Сәлеметсіз бе, кешіріңіз, рақмет, сау болыңыз, сәлем айтыңыз, рұқсат па?», -дегенді үйрен. Сәлемдесуді білген кешіре де біледі, кешіре білген рақмет те айта біледі. Жөн сөз көңіліңді өсіреді, жөнсіз сөз өміріңді өшіреді деген данагөй қарияларымыз.

ujsngb4mgk9cyzwjuntk

Міне, үнемі осындай ғибрат аларлық сөздерді үзбей балалардың санасына сіңіріп, әрі олардың естерінде сақтап, күнделікті рухани қажеттіліктеріне пайдалана отырып, дағдыланулары қажет екендігін балаларымызға айтып, қадағалауды ұмытпайық, ағайын!

Бағдал Ақынұлы,

ҚР Журналистер одағының мүшесі