Халық жер мәселесінде оң шешім күтіп отыр

Бұл мәселе бес сағатқа созылған, Алматы облысында өткізілген жиында қалай көрініс тапты?

сағынтаевТабиғаты қолайлы, топырағы құнарлы, жер жәннаты Жетісу өлкесінде жер комиссиясының   кезекті отырысы  өтті. Алматы облысының жұртшылығымен, нақтырақ айтқанда,  шаруа қожалықтары басшыларымен кездесу, пікір алмасу, қандай да бір шешімге келу жиынның басты мақсаты-тұғын. Жер комиссиясының төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша,  бүгінге дейін жер мәселесіне байланысты call-орталық арқылы 9500-ге жуық телефон қоңырауы келіп түскен. Соның 73 пайызы 10 сотық жер алу мәселесі.  Ал Алматы облысынан 500-ге жуық телефон қоңырау түссе, соның 1,3 пайызы ғана жер кодексіне қатысты болса керек. Қалғаны басқа салалар бойынша түскен сұрақтар, пікірлер. Осы отырысқа біздің арнаулы тілшіміз қатысқан болатын.  

Жер мәселесі тіл мәселесін шешкендей

Қазақта «Дала парламенті» деген ұғым бар еді. Дала парламентін ұмытып, қалың ұйқыға кеткен қазақ халқын жер дауы оятып алды десек, артық айтқандық емес.  Жер комиссиясының кезекті отырысында әдеттегідей келелі ойлар, батыл пікірлер айтылды. Хан мен қара қатар отырып, өз пікірлерін ортаға салды.  Мәжіліс депутаттары қатысқан жиындарда халықтың қоятын сұрақтары алдын ала дайындалып қоюшы еді,  жер комиссиясына қатысқан облыс әкімдері, вице-премьер, министрлердің алдында қарапайым халық өз пікірлерін батыл айта бастады. Соңғы екі жарым айдың көлеміндегі жер жиналысынан байқағанымыздай, мемлекеттік тілдің қажеттілігі артқан секілді. «100 қазақтың арасында 5 орыс отырса, орысша сөйлейтін сорлы қазақ» (Елбасы сөзі)  25 жылда өз шешімін таппаған мемлекеттік тіл мәселесін де қасиетті жер шешіп бергендей көрінеді бізге.  Жер комиссиясында орыс тілінде сөйлей бастағандар бар еді, бірден орыс тілін түсінбейтіндер де шыға келді. Олар әлгілерге бірден ескерту жасады. Бүгінге дейін тек қазақ тілінде өткен ресми жиынды бірнеше рет жер комиссиясынан ғана көріп отырмыз. «Қай тілде ойымды дұрыс жеткізе алсам, сол тілде сөйлейін» деп, кішіпейілділікпен рұқсат сұрағандары болды. Бұл да жер дауының арқасы. Саясаткер Дос Көшім «Кім орысша сөйлесе, сол орыстілділердің жауы. Кім қазақша сөйлейді, сол орыстілділердің досы» деп ұран тастады. 

komissia

Аймақтық жиын болғандықтан, алдымен облыстағы ірі шаруа қожалықтары басшысына сөз берілді. Шаруа қожалықтары басшыларының сөзін тыңдай бастағанда, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Біреуге» өлеңі есімізге түсті. Барлығы жер көлемімен, одан түскен өнімімен, шетелден алып келген маманымен, заманауи тракторымен, асылтұқымды ірі қараларымен мақтанды. «Нақақ көзден жас іздейтіндей» мұршамыз болмады.  Қатарынан 24 кәсіпкер сөйлегенде, қайсыбірінің жетістігін есімізде сақтай алмадық. Бір есімізде қалғаны «топырақта өскен қазақтар мен асфальтте өскен қазақтар». Қызығы мен шыжығы да, 24 адамның 20-ға жуығы жерді жекеменшікке өтуіне, жердің иесі болуына, пай үлесіне тиген жерлерді жекеменшікке өтуіне қарсы болмауға, жерді шетелдік азаматтарға 10-15 жылға жалға беруге, жер арқылы банктен несие алуға қарсы емес екен. Жекеменшік жер болса, банк иесі есіктен қарсы алып, төрден бір-ақ шығарады екен.     «Жекеменшікке жер сатылса, жердің иесі болады. Жердің иесі болған соң, оның күтімі болады. Жердің құны өседі. Сапасы жақсарады. Экономикалық айналымға кіреді» деп ойлайтын көрінеді. «Жер де меншікте болу керек. Кезінде жұрт қаладан небір жерлерді жекеге алды. Зауыт, фабрикаларды жекешелендірді. Орнына мейрамхана, дәмхана, дүкен салды. Ал шаруалар 40 жылдан астам өзі жұмыс істеп отырған жерін неге жекешелендіре алмайды? Мұны көтеріп жүргендер негізінен оппозиция өкілдері» дейді.  Сонымен бірге, ауылшаруашылық саласының өкілі өңірлердегі шенеуніктердің сұрқия саясатын үкімет тарапынан қатаң қадағалап отыруды сұрады.   Әдейі әуре-сарсаңға салып, неше түрлі жаққа бұрмалап, коммерция жасап алатындығын,  үкімет жоғары жақтан қадағалап, дұрыстап, арыз түсті ме, мұқият қарап отырса деген ниетте.

Ірі шаруа қожалықтарының айтқан 4 уәжі: жердің өз иесі болуы; шетелдіктердің келіп инвестиция құюы; заманауи технологияның қажеттілігі; шетелдіктерден үйренуі.

Англияның ханшайымында жер жоқ. Ал бізде ше?

Ал шағын шаруалардың түгелі дерлік ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке сатуға үзілді-кесілді қарсы. Олардың айтуынша, жерді жекеменшікке сататын болса, ауыл шаруашылығы жерлерінің басым бөлігі ірі шаруа қожалықтарының қанжығасында кетеді. Сол себепті олар 49 жылға жалға беру құқығын қалдыруды ұсынып отыр. Соның бірі Ақмарал Панабекова есімді шағын кәсіпкер өзінің ірі шаруа қожалықтары басшыларымен келіспейтінін жеткізді:   «Мына жерде отырғандар — үлкен шаруа қожалықтарының иелері. Бұл жерде не болып жатқанын көп адам білмейді. Мен жеке кәсіпкермін. Біраз жерді жалға алып, кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Қазаққа жерді жалға берсе, оны пайдаға жарата алады. Сіздер білесіздер ме, тіпті Англияның ханшайымында жекеменшік жер жоқ. Егер сіздер шынымен патриот болсаңыздар, бала-шағаларыңыздың, немерелеріңіздің  қамын ғана ойламайтын едіңіздер. Түсінемін, миықтарыңыздан күліп отырсыздар. Барлығымыз да кәсіппен айналысып жүрміз. Жер сатылмау керек. Инвестицияны үкімет алып келу керек. МТС-тер құрылу керек. Қазақ неге көтеріле алмай жатыр? Жыл сайын Ауыл шаруашылығы институтын қаншама жастар бітіреді. Сол жастардың көбі жұмыссыз жүр. Жердің жеке иесі болу деген қорқынышты жағдай. Бір жерге бара қалсаң болды, ананың жері, мынаның жері деп үркітеді. Сіздердің жетістіктеріңізге қуануға болады. Алайда сіздер бұған қалай жеттіңіздер? Бәлкім, кезінде мемлекеттік қызмет арқылы, бәлкім, таныс арқылы жасап алдыңыздар. Ал қалғандары қалай жету керек?»

айтахановСенат депутаты Қуаныш Айтаханов та жерді жалға беруге, әсіресе суармалы жерді жалға беруде абай болу ке ректігін ескертті: «Алматы облысында 69 мың шаруа қожалықтары бар екен. 480 мың гектар суармалы жер бар. Алматы облысы жер реформасына байланысты мәселелерге келгенде, суармалы жерді қалай сату керек немесе қалай жалға беру керек, осы мәселені ойлану керек. Өйткені суармалы жер дегеніміз — үлкен бір тірі организм. Суармалы жер дегеніміз — су қоймасы,  су қоймасынан шығатын каналдар, жердің өзі, жердің бетіндегі тік гренаждар, көлденең гренаждар,   ішкі шаруашылық каналдары. Осының барлығын жеке шаруашылықтарға беріп жіберетін болсақ, бір-бірімен таласып, ешқандай да тірлік болмайды. Жерді жалға бергенмен, су қоймаларының барлығы мемлекеттің қарамағында болу керек», — деді.

«Шаруа қожалықтары мемлекетке сенбейді»

 IMG_8381Саясаткер Дос Көшім де ірі шаруа қожалықтарын сынап өтті: «Мен рақмет айтқым келіп отыр. Пікірлері өте ашық. Бұрын басшы болғандар пікірлерін дайындап әкелетін. Бұрын биліктің қасында болған адамдардың көзқарасы да солай. Жерді сатуымыз керек, оны алуымыз керек деген мәселе. Олар үшін ол дұрыс көзқарас. Ал ауданның өкілдері басқаша айтып жатыр. Бірақ барлығы пікірлерін ашық айтты. Бұл — ең басты мәселе. Біз Президент айтқан ортақ шешімге келе аламыз. Ішімізде ананы да дұрыс, мынаны да дұрыс дейтіндер бар. Оларды «дуалдың үстінде отырған адамдар» дейді. Отырыс барысында ірі шаруа қожалықтардың барлығы жерді жекеменшікке сатуды қолдайтындарын білдірді. «Ондайлар егер менікі жекеменшік болса, бұл менікі, ешкім ала алмайды дейді. Ал жерді 49 жылға алып, одан кейін тағы 49 жылға ұзарту, баласына қалдыру сияқты мәселелер заңда бар. Бірақ олар оған сенбейді. Сол себепті жерге жекеменшік болуы керек деп айтады. Сонда менің көңілім тоқ болады дейді. Сонда ғана сенімді болатындай. Жерге қатысты Алашорда құжаттарының біріне қатты ырза болдым.  Олар былай депті: «Жер, жердің үстіндегі түгі, оның астындағы кені  Алаштың мүлкі табылады». Мемлекеттің емес, тағы да қайталаймын, мемлекеттің емес, Алаштың мүлкі. Ал Алаш дегеніміз, ол — халық. Жер — халықтың мүлкі. Сіздер соны сатайын деп отырсыздар». Сонымен қатар, Дос Көшім жерді шетелдіктерге жалға беру мен инвестицияны шатастырмау керектігін айтып,  жерді сату мен жалға беру кімге тиімді деген мәселені күн тәртібіне қою керек екенін алдыға тартты.

рысбекЖердің Қазақстан азаматтарына  жекеменшікке өтуіне қарсы шыққандардың бірі, «Жас Алаш» газетінің редакторы Рысбек Сәрсенбаев әлі  шықпаған жер комиссиясының шешімімен келіспек ойы бар пікірсіз шаруаларды сынға алды.   «Жерді сату дегенді мүлдем алып тастау керек. Шетелдіктерге жалға берілсін дегенді алып тастау керек. Егер Президент Нұрсұлтан Әбішұлы қазір телефон соғып,  «мына сөзімді халыққа жеткізіңіздер, жер сатылмайды, шетелдіктерге жалға да берілмейді. Осымен әңгімені доғарайық» десінші, қазір ғана осы жерде «жер сатылсын», «жер жалға берілсін» деп отырғандардың барлығы Елбасын 100 пайыз қолдап шыға келетініне сенімдімін» деп, бүгінгі қоғамның екіжүзділігін өткір сынады.

Жер комиссиясының мүшесі, депутат Ж.Дүйсебаев 180 млн. гектар жайылым жерлері бар, бірақ оны реттейтін заңның жоқтығын, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін айтты. Ал көршіміз Қырғызстанның 10 млн. гектар жайылым жері бар екенін, сол үшін арнайы заң қабылдағанын еске салды. Түркіменстанда да бір жолға қойылған. Сонымен қатар, Дүйсебаев қарапайым ауыл тұрғыны мен ірі шаруа қожалықтарын салыстырып өтті: «Үкіметтен ешқандай да көмек, бір тиын да алмай,  өз күшімен кәсібін дөңгелетіп отырған ауылды мекендер  азық-түліктің 50 пайызын өндіреді екен.  Үкімет қолайлы жағдай жасап, субсидия алып отырған ірі шаруашылықтардың өндіретіні 45-50 пайыздан аспайды екен».  Міне, қызық! Мемлекеттік қаржының жоқтаушысы қайда?  Халықпен тікелей пікірлесіп жүрген саясаткер Мұхтар Тайжан жайылым жерлердің үлкен мәселе екенін, мемлекеттің қарауында болуы қажет екенін қадап айтты: «Күнде жермен айналысатын азаматтармен кездесiп жүрмiн. Нәтижесiнде мынадай қорытындыға келдiм:  жердi реттеп алмай, жекеменшiкке жол жоқ. Бiз қазір қазақстандықтарға да жердi жекеменшiкке бермеуiмiз керек. Өйткенi жер мәселесi өте күрделi. Мысалы, жайылым жер мәселесi бар. Халық жайылымдық жер ешкiмге жалға да берiлмесiн деп отыр. Бұл жерлер тек мемлекеттiң қарауында болуы қажет».

ЖЕР сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін!

Мұхтар Тайжан:

тайжан-650x420«1. Бүгін біз АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ МАҚСАТЫНДАҒЫ ЖЕРДІ КІМГЕ БОЛСА ДА (заңды тұлға, жеке тұлға барлығына) ЖЕКЕМЕНШІККЕ САТУДЫ ТОҚТАТУЫМЫЗ КЕРЕК!

Мен жердің нақты жағдайымен, түрлі кездесулердегі жүздеген адамдардың пікірімен танысқан соң, осындай шешімге келдім. Біз қазір бұл процесте әділдік пен адалдық қамтамасыз ете алмаймыз. Қазір көп мәселе жабық есік жағдайында, жемқорлық схемалар бойынша шешілетінін барлықтарыңыз білесіздер. Сондықтан, қазір біз жер сатып алуға мол мүмкіндік беретін болсақ, онда барлығы сол бұрынғы «дәстүр» бойынша жабық жағдайда, жемқорлықпен, әділетсіз түрде жүзеге асады. Халық бұған дейін мұнайсыз, газсыз, урансыз қалғаны сияқты жерсіз қалады.

  1. БІЗ ЛАТИФУНДИЯ МЕН НЕОФЕОДАЛИЗМГЕ ШЕКТЕУ ҚОЯТЫН НАҚТЫ ЗАҢДАР ҚАБЫЛДАУЫМЫЗ КЕРЕК

Мен латифундия мен неофеодализмді қалай түсінемін? Бұл әділетсіз кәсіпкерлік формасы, мұнда адам ауылшаруашылық мақсаттағы алып аумақтарды алып алады да, өзі ештеңе істемей, әрі кетсе ол жерді субарендаға беріп қойып, пайда тауып жатады. Алайда, ол жердің жағдайына алаңдамайды, соның салдарынан бонитет балы төмендеп, эрозия артады. Бизнестің мұндай түрі — аренда мен субаренда қалалық жерлерде жүзеге асса болады. Жылжымайтын мүлік салып, оны қанша жалға берсең де бере бер. Жалға көлікті, жиһаз, басқа да меншікті беруге болады. Бірақ, жер әдеттегі жылжымайтын мүлік емес, ол халыққа бір рет және біржола берілген. Ол өндірістің негізгі құралы, экономика мен мемлекеттің негізі. Жер — халық қазынасы, бізге бабаларымыздан қан мен тер төге отырып қалған өте шектеулі ресурс. Оған сол жерде нақты еңбек ететін, өмір сүретін, қамқорлықпен қарайтын адам ғана иелік етуі керек.

Яғни, жер шектеулі ресурс болғандықтан, елде латифундистер қанша көп болса, нақты шаруалар саны да соншалықты кем болады. Ауылдарда кедейшілік, жұмыссыздық, қалаларда әлеуметтік шиеленіс орын алады. Бұдан бөлек адамдар өзде-рінің малын жаятын жер таппай қалады. Бұл — өте өзекті мәселе. Біз латифундистер мен неофеодалдардың санын қысқарту арқылы ауылды жандандыруға, ауыл шаруашылығын дамытуға негіз болатын жол ашатынымызды толық түсінуіміз қажет. Бұл — жер реформасы мен қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі шарттарының бірі. Кез келген реформа бір нәрсені түсінуден және оны өзгертуге, жақсартуға деген ниеттен басталады. Егер тек алдап, мәселені бұрмалап жіберу ниеті ғана болса, ол жақсылықпен аяқталмайды.

Бізде жаз бойы интенсивті түрде жұмыс істеп, барлығын дұрыс шешуге мүмкіндік туып тұр. Егер біздің Комиссия босаңсып кетсе, отырыстарды театрлық қойылымдарға айналдыруға көшсе, онда оның күздегі салдары өте ауыр болуы мүмкін. Ол уақытта экономикалық ахуал да одан әрі күрделене береді, жұмыссыздық артады, жылыту маусымы басталады…

Мен өзім экономист және кәсіпкер ретінде осы тақырыпты зерттей келе халқымның «ЖЕР САТЫЛМАСЫН, ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ЖАЛҒА БЕРІЛМЕСІН!» деген формула құрағандағы даналығына, ұстанымының дұрыстығына барлық жағынан көз жеткіздім».

Өмірін жер өңдеумен өткізген  мамандардың, кәсіп иелерінің пікірлері де әр алуан. Енді бірі шекара аумағындағы жер жекеменшікке мүлдем берілмеуі керек, мемлекеттің қарамағында болсын дейді.  Жерді емес, жерді пайдалану құқығын сату керек дейді. Жер иелерінің тізімі жасалуы керектігі де бірнеше рет айтылды.  Кейбіреулері әлі де болса шетелдіктерге жер жалға беру керек, бірақ билік тарапынан қадағаланып,  барлық  жұмыскерлер Қазақстан азаматы болуы керек дейді. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы институтын бітірген мамандардың мүлдем ауылға келмейтіндігі үлкен проблема екендігі де айтылды. Жиынға қатысқан кейбір мамандар Қытайдан келетін қауіпті жоққа шығармайды.

Жер сату мәселесін халықтың өзі шешсін

mels271213Мэлс Елеусізов: «Бізде жерден басқа да мәселе көп. Бірақ шиеленіс осы жер мәселесіне келгенде туып отыр. Жер шетелге беріледі дегенде ешкім бізге Германия келеді деп ойламайды. Бар мәселе көршімізде болып отыр. Қытайда елші болған Мұрат Әуезовтің Қытайдың құпия мәлімет, жоспарлары туралы айтқанын білеміз. Бізде Қытай қаупі жоғары. Ақтөбеде мұнай орындарын алған қытайлық компаниялардың қалай жергілікті халыққа тізесін батырып отырғанын көріп жүрміз. (…) Ауылда жұмыс жоқ. Мал бағайын десе, жем, шөп қымбат. Ауыл халқы қалаға келіп жұмыс істеуде. Ұлтымыз күзетшілер ұлты болып бара жатыр. Жер туралы айтқанда сол ауылды көтерудің жайын қарау керек. Ал мына жер мәселесін тек референдумда шешу керек. Биліктің бүгінде халық алдында беделі төмен, халықтың сенімі күн санап азайып барады. Сол беделді қалпына келтіру үшін де референдум жариялап, жер сату мәселесін халықтың өзі шешуіне мүмкіндік беру қажет».

Қазақстанда агробанк құру керек

 ORAZALI SABDEN 1Академик Оразалы Сәбден: «Жерді сатпайық, шетелдіктерге жалға бермейік деп жатыр, мен оны құптаймын. Дұрысы — 49 жылға жалға беріп, игеру. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ауыл шаруашылығын қалай қарқынды дамытамыз деген мәселені ойлауымыз керек. Керек болса, жобаларды жүзеге асырайық. Менің мынадай ұсынысым бар. Біз барлық мәселені талқыладық, аз отырған жоқпыз. Халық күтіп отыр. Мүмкін, Үкімет осы отырыстарды қорыта келе шешім қабылдайтын болар? Мораторий енгізілуіне байланысты жұмыс тоқтап тұр. Осыған Парламент мүмкіндік беріп, заң қабылдап жіберсін. Екінші мәселе 10 сотық жер теліміне қатысты. Мұнда да тезірек шешім қабылдап, халыққа жерін бере бастасын. Қазір бізде жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 5 пайызға жетпейді. Міне, осы көрсеткішті стратегиялық  бағдарлама арқылы 15-20 пайызға жеткізу керек. Президент шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 50 пайызға жеткізуді тапсырды. Бұл салада қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Міне, осындай мәселелерді қоя білген жөн. Тағы бір айта кетерлігі, шағын шаруа қожалықтарына қаржы жетпей жатыр. Осы мәселені шешу үшін Қазақстанда агробанк құру керек».

Елімізде аграрлық ғылым дамымаған

күрішбаевАқылбек Күрішбаев: «Бүгінгі кездесуіміз «Байсерке» ЖШС базасында өтіп отыр. Бұл қожалық бүгінде табысты жұмыс істеп отыр. Дегенмен «Неге мұндай шаруашылықтар саусақпен санарлық?» деген сұрақ туындайды. Оның екі себебі бар. Біріншіден, біздің кәсіпкерлер ауылға инвестиция тарту үшін бизнес тартымды, тиімді болуы керек. Бизнес ауыл шаруашылығына салған ақшасын еселеп қайтарып алып, табыс табатынына көз жеткізуі тиіс. Біздегі ауыл шаруашылығы жерлерінің 93 пайызы «тәуекелдік егістік» аумақта орналасқан. Сондықтан мемлекеттік қолдау жүйесін қарастыруымыз қажет.  «Аграрлық ғылым — ауыл шаруашылығының іргетасы. Ашық айтатын болсақ, бізде бұл іргетас өте аласа. Үздік ғалымдарымыз жұмыс істеп жатыр. Алайда олар аз. Бір мысал келтірейін. Еуропаның ортасында орналасқан Голландия деген мемлекеттің жері 41 мың  шаршы метр екен, біздің Алматы облысының бестен бір бөлігі. Бірақ Голландия жылына 50 млрд. АҚШ долларына ауылшаруашылық өнімдерін экспорттайды. Ал біз бүкіл Қазақстан болып 5 млрд. доллардың өнімін шығарамыз. Міне, біздің әлеуетіміз осындай. Голландияның министрлік басшыларынан мұның сырын сұрағанымда: «Біздің бір-ақ құпиямыз бар, аграрлық ғылым жақсы дамыған», — деді. Сондықтан біз аграрлық ғылымды қолға алуымыз керек».

                                                                                     **************************

Эрозияға ұшыраған жеріміз 31 млн. гектарға жетті

нысанбаевОтырыста сөз сөйлеген ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев: «2012-2014 жылдары ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу шарасы жүргізілді. Сонда 4 млн. гектар көлемінде пайдаланылмаған жерлер анықталды. Олар нарықтық айналымнан шығып қалған. Соңғы жылдардағы мәлімет бойынша Қазақстанда егістік жерлердің құнарлылық деңгейі төмендеп барады. Оның құрамындағы гумус орта есеппен 17 пайызға төмендеп кетті. 1990 жылдан бастап, топыраққа минералды тыңайтқыштар беру 4 есеге, ал органикалық тыңайтқыштар беру 32 есеге азайған.  Ал эрозияға ұшыраған жерлердің көлемі 31 млн гектарға жетті. Бұл — ойланарлық жайт. Қазақстанда жалпы жер көлемі  272,5 млн. гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы жерлері — 100,8 млн гектар. Қордағы жердің көлемі —  1, 1 млн гектар. Қазақстанда бүгінгі таңда жекеменшіктегі жердің көлемі 1 млн. 300 мың гектарды құрайды. Бұл қолданыста жүрген 100,8 млн гектар жердің небары  1,3 пайызына тең. Бүгінде ауыл шаруашылығындағы жерлердің басым бөлігі жалға алу құқығымен пайдаланылуда. Мұның ішінде шаруа қожалықтарында — 57,5 млн гектар, агроқұрылымдарда — 40,2 гектар жер бар. Оларды пайдалану мерзімі 5 жылдан 49 жылға дейін. Ал жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесіне келсек, оларға нақты шарттар қойылған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беруге тыйым салынған. Жер шекара маңынан да жалға берілмейді. Нотариаттар арқылы ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке рәсімдеуге тыйым салынған. Ал егер жер тиімді пайдаланылмаған жағдайда Жер кодексінің 92, 93, 94-баптары бойынша жалға берілген жерлер мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылады», — деп мәлімдеді.

                                                                        *******************************

Алматы облысының жер көлемі 2 0 1 5 жылдың 1 қарашасындағы жағдайы бойынша 22 млн. 358 мың гектар, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 8 млн. 632 мың гектар. Облыс бойынша 61 мың шаруашылық жүргізуші субъектілері бар. Жер көлемі 8,6 млн. гектар. Оның ішінде меншік құқығындағы жер көлемі  547,6 мың гектар немесе 6,3 пайыз. Уақытша жер пайдалану құқығындағы жер 8 млн. 88 мың гектар (93,7 пайыз).  Бұл — жиын басында облыс әкімшілігі тарапынан дайындалған ақпарат.

Бес сағатқа  созылған жер комиссиясында 73 адам сөйледі. Жетпіс түрлі пікір айтылмаса да, өз ойларын ашық айта білді. Жер саласындағы түйткілді мәселелерді көпшіліктің талқысына сала білді. Әсіресе телеарналардың осындай жиындардан біржақты ғана ақпарат беретіндігі құлаққағыс етілді. Жер кодексі қайта бұрынғы қалпына келтірілді. Жер комиссиясының алғашқы қорытындылары да шыға бастады. ИЖС-ке байланысты инфрақұрылым жасау үшін ақша бөліне бастады. Аралық шешім ретінде жерді жалға беруді 49 жылға қалдыруды ұйғарып, Парламентке жолдауды сұрады.  Әлбетте, бес мәрте өткен жер комиссиясының жұмысына сенімсіздік білдіретіндер де болды. Жер комиссиясының өзін бақылайтын қоғамдық ұйым құрып жатқандар да шықты. Бәрібір ақыр аяғында жер комиссиясы мүшелерінің бүйрегі билікке бұра ма деп қорқады.  Осы жиында жер комиссиясының төрағасы болып сайланған вице-премьер  Асқар Мырзахметов: «Билікке жақын деп, жаппай қаралауға болмайды. Биліктегілердің барлығы биліктің мүддесін ойлап отыр деп айтуға болмайды. Халықтың мүддесін ойламай отыр деп айтуға болмайды. Сіздер айтқан қауіп-қатерді білмей отыр деп айтуға болмайды. Оның барлығын біз жақсы білеміз, өйткені біз де осы елдің азаматымыз. Өткенде комиссияның бірінші отырысында айтқан болатынмын, комиссия құрылмаған жағдайдың өзінде де Ауыл шаруашылығы министрлігі ретінде қолданыстағы заңдардың кейбір кемшіліктері, шикіліктерін түзейміз, сол үшін жұмыс жасаймыз. Бұны айтудағы мақсатым да билік хабарсыз отырған жоқ», — деді.

Жиын барысында Ақылбек Күрішбаев Белоруссия елінің қалай аграрлық мемлекетке айналғанын айтты. Оған жету үшін екі-ақ нәрсе қажет болған:  біріншіден, аграрлық саладағы барлық бағдарламалар жан-жақты талданып, сараптамадан өтіп қабылданады. Екіншіден, бұл бағдарламалар сөз күйінде қалып қоймай, міндетті түрде орындалады. Сондықтан қазір бұлар белгілі бір нәтижеге жетіп отыр деді. Қарап отырсаңыз, бас қатыратын түгі де жоқ екен.   Тіпті  шетелдік инвестиция, шетелдік маман, заманауи технологияның да қажеті жоқ. Бес рет жер комиссиясы жиналысы өтті. Әлі де бірнеше аймақта мұндай жиындар өтетін болады. Бұл жиындар «Күлтөбеде күнде жиынның» кебі болмау керек. Осы жиынның арқасында нақты бағдарламаңды жаса, бағытыңды айқында. Соған қаражатты жұмса.  

Бауыржан Карипов