ХАЛЫҚ СҰРАНЫСЫ ЕСКЕРІЛЕДІ

Өткен аптаның соңғы күндері аудан әкімі Бақыт Қазанбасов өзінің халықпен кездесуін Үлгілі ауылында жалғастырды. Ауылдық клубта өткен кездесуге халық көп жиналды.
Кездесуде алдымен аудан басшысы Бақыт Қазанбасов ауданымызда биылғы жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.

-Ауданымызда ауыз толтырып айтатындай жақсы жұмыстар бар. Бүгінге дейін барлық ауылдық округтерде жиын-терін жұмыстары ұйымшылдықпен аяқталды деуге болады. Түсім жақсы. Сондай-ақ биыл 8 елді мекенге ауыз су тартылса, ауданымыздағы елді-мекендер 99 пайыз газбен қамтылған. Абай, Түймекент, Байзақ ауылдарында 20-30 келушіге, ал Сарыкемер ауылында 250 келушіге арналған емханалар салынуда. Аталған нысандардың барлығы да алдағы желтоқсан айында пайдалануға берілетін болады. Шахан, Көктал ауылдарында Мәдениет үйі салынып жатса, «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша 6 ауылдың жолдары жөнделуде. Бұл жұмыстар да желтоқсан айында түгелдей бітеді деп жоспарланып отыр. Бұлардан басқа мәдени, спорттық нысандарда соғылып, ел игілігіне берілуде. Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған пилоттық жобаға енген Қостөбе, Түймекент, осы Үлгілі ауылдық округтерінде аталған жобаны жүзеге асыру барысында да жақсы жұмыстар жүргізіліп жатқанын білеміз. Ал алдағы жылдан бастап тағы бір ауылдық округ пилоттық жобаға енеді. Бүгінде олардың құжаттары дайындалу үстінде. Осы жерде аталған жобаның V бағыты бойынша кәсіп ашып, жұмыс істеймін деген Қостөбе, Үлгілі ауылдық округтері азаматтарына да қаржы бөлінетінінде айта кеткім келеді,-деді аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы.
Кездесуде ауыл тұрғыны Оразбек Қожамжаров алғашқы болып сөз алды. Ол ауыл азаматтары суармалы егістікті пайдаланғылары келетіні жайлы айта келіп, округке қарасты Қаражыра деген жерде 250 гектар суармалы жер пайдаланылмай отырғанын жеткізді. Оның басты себебі — ол жерге егін суы бармайды. Міне осыған көмек беруді аудан әкімінен сұранды.
-Ауылда әлі де болса атқарылатын жұмыстар бар. Ауыл бойынша бар болғаны 70-ақ үй бақшасына су барады. Ауылға келген суды дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Интернет мәселесі қашан шешіледі? Көше жарықтары неге түгел жанбайды? Балалар сабақтан кеш қайтады. Көшелерде бос иттер жүреді. Ауылдағы мал дәрігерінің жұмысын да қадағалау керек. Басқа да мәселелер бар. Бір сөзбен айтқанда округ әкімі Омарғали Ибрагимов өз жұмысын ширатуы қажет,- деді ауыл тұрғыны Асылбек Мейірханов.
Зейнеткер Нағима Даусариева аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі қызметкерлеріне деген өкпесін жасырмады. Оларға қаншама рет барғанымен дұрыс жауап ала алмаған. Егін суының не шаруа қожалықтарына, не ауылдағы үй жанына егілген егіске жетпей жататынын ашына айтты. Көшедегі газ мәселесіне байланысты да айтары бар екен.
Жиында сондай-ақ ауыл тұрғындары Мінаш Омарова шаруа қожалығын ашу үшін жер сұраса, Гүлжан Уызбаева көше бойындағы газ трубасына арка орнатуды, ал Құрманкүл Жетпісбаева келініне тігіншілік кәсіп ашуға көмек сұрады.
Ауыл тұрғындарының сұраныстарын мұқият тыңдаған аудан әкімі Б.Қазанбасов оның кейбіріне сол жерде жауап берді. Ал кейбір мәселелер зерделеніп барып, орындалуына жұмыс жасалатынын жеткізді.
Аудан әкімінің қабылдауына аудандық электр жүйелерін тарату мекемесінің басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Алтынбек Жамишжанов қатысты.

Сүндетулла ӘБІЛОВ, Үлгілі ауылы.