ГЕРМАНИЯДА ТҰРАТЫН ТҮРКІСТАНДЫҚ ТҮЛЕК БҮЛДІРШІННІҢ ЕМІ ҮШІН КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Түркістан облысы, Келес ауданында орналасқан №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебінің 1982 жылғы түлегі Андрей Лавкард Келес ауданында тұратын 2 жастағы қыздың еміне 1 млн. теңге қаржылай көмек көрсетті. Сыныптастарымен кездесуге Германиядан келген түлектің мектеп бітіргеніне 40 жыл болған. Екі көзі дертке шалдыққан қызға Ташкентте жұмыс істейтін үндістандық дәрігер ота жасауға келісім берген. Айсараға «Абай» Келес аудандық ауруханасы ШЖҚ МКК бастауыш кәсіподақ ұйымы төрайымы Ештаева Гүлмира да көмек қолын созған.

– Кәсіподағымыз қашан да мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп тұрады. Кәсіподақ – азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі дер едім. Биыл біздің ұйым сондай-ақ, 1-сыныпқа баратын 150-ден аса оқушыға да мектеп сөмкелерін таратты. Өтініш білдірген жандарға тұрақты түрде әлеуметтік қолдау көрсетіліп тұрады, – дейді ол.

№25 С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебінің директоры Гүлжамал Былхиева осындай мектеп түлектерін мақтан тұтады

– Білім ордасы 1973 жылы салынған. Содан бері мектебімізді қаншама түлек бітірді. Мектеп түлектері қашан да оқу ордасына келіп көмек қолын созып тұрады, – дейді мектеп директоры Гүлжамал Бахтиярқызы.

Андрей Лавкард 1964 жылы Қошқарата ауылдық округі, Бесқұбыр елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі сол кездегі ауыл совхозында, ал анасы ауыл балабақшасында жұмысшы болып қызмет атқарған. 1990 жылы Германияға көшкен, қазір сол жақта тұрады. Ұлты – неміс. Сыныптасы Гүлмира Ештаеваның айтуынша Андрей Лавкард қайырымдылық шарасымен жиі айналысады. Осыдан бірер жыл бұрын сырқаттанған сыныптасын Германияға шақыртып, емдік шараларына атсалысқан. Бұл жолы 2 жастағы бүлдіршіннің еміне көмек қолын созып отыр. Германиядағы азаматтарды қайырымдылық шарасына қатыстырып, қажетті қаражатты жинап берген.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі