Германия азаматтары Қазақстанға тұрақты тұруға виза алып жатыр — Елші Болат Нүсіпов

ҚазАқпарат — Қазақстан үшін Германия Еуропадағы маңызды елдердің бірі. Бүгінде екі мемлекеттің арасында түрлі салаларда ынтымақтастық байланыстар нығайып отыр. Жақын арада ГФР Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің Астанаға ресми сапары өтеді деп күтілуде. Осы орайда Германиямен арадағы қарым-қатынастарымыз жайында егжей-тегжейлі мәлімет алу үшін Қазақстан Республикасының ГФР-дегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Нүсіповтен сұхбат алуды жөн көрдік.

— Болат Тұрарұлы, биыл Қазақстан және Германия елдері арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 25 жыл толды. Сіз осы аралықтағы екі мемлекеттің қандай жетістіктерін атап өтер едіңіз? Сонымен қатар екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастық деңгейіне баға бересіз?

— Осы дипломатиялық қарым-қатынастар жылдары ішінде орнықты саяси диалог құрылды, сауда-экономикалық байланыстар көп қырлы дамып келе жатыр, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық нығаюда. Екіжақты өзара іс-қимылдың барлық оң үрдістері мен жетістіктері көбінесе мемлекет басшылығының күш-жігерінің арқасында мүмкін болды.

2007 жылы Германия Орталық Азияға қатысты ЕО Стратегиясына бастамашылық еткені, сондай-ақ жаңа стратегияны жасауға белсенді қатысып жатқаны өзіңізге мәлім. Қазақстан өз кезегінде «Еуропаға жол» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда Германияны негізгі серіктес ретінде қарастырды.

Берлин Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығын, 2015 жылы АСЕМ ұйымында мүшелігін қолдап, Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі біздің өтінімге қолдау білдірді. Сондай-ақ Германия біздің еліміздің ДСҰ-ға мүше ретінде кіруге елеулі қолдау көрсеткен және Қазақстанның ЭЫДҰ-дағы несиелік көрсеткіштерін арттыруға ықпал етті. Қазақстан өз тарапынынан Германияның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты мүше ретінде кіру ниетін қолдауда.

Жоғары деңгейдегі екіжақты сапар алмасу қарқынды жүріп жатыр. Дипломатиялық қарым-қатынастарын орнатқаннан бері Мемлекет басшысымыз Германияға 7 ресми сапар жасады. Өз кезегінде Қазақстанда федералдық президенттер Р.Херцог пен Х. Кёлер, федералдық канцлерлер Г.Шрёдер мен 2010 жылы екі рет келіп кеткен А.Меркель болды. Бірнеше күнде біз елордамызға ресми сапармен келетін Германияның жаңа тағайындалған Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайерді Астанада күтудеміз.

Осы сапар аясында жоғары деңгейде талқылануы мүмкін мәселелер жайында айтып берсеңіз. Осы сапар аясында ұйымдастырылатын Қазақстан-Германия экономикалық іс-шараларынан қандай нәтижелерді күтесіз?

— Ресми сапар барысында дәстүрлі түрде Елбасы мен Президент Штайнмайердің келіссөздері, сондай-ақ жоғары қонақтың ЭКСПО Халықаралық көрмесі аясында Германияның ұлттық күні мен неміс павильонының ресми ашылуы рәсіміне қатысуы жоспарлануда. Неміс тарапы мемлекетімізде өтіп жатқан ЭКСПО тақырыбының барлық адамзат үшін өзектілігі мен маңыздылығын атап өтуде,

Үстіміздегі жылдың наурыз айында Германияның жаңа Федералдық президенті лауазымына тағайындалған соң, Израильден кейін сапармен баратын Қазақстан мемлекетіь посткеңестік аймақтағы ең алғашқы ел болып табылады.   Германия басшысының ауқымды делегациясына неміс депутаттары мен іскер топтарының өкілдері кіретін болады. Еліміздің басшылығымен кездесуі және жоғары мейманың екіжақты іс-шараларға қатысуы біздің ынтымақтастығымызды нығайтуға, сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша «сағат теңестіруге» мүмкіндік береді. Осы мүмкүндікті пайдалана отырып, Астанада 10-13 шілде арасында «неміс аптасы» деп аталатын, яғни бірқатар Қазақстан-Герман екіжақты іс-шаралар өтетіндігін айтқым келеді.

Атап айтқанда, Берлин Еуразиялық Клубының, Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің, Этникалық немістер мәселелері жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық жұмыс тобының отырыстары, «Неміс энергетикалық диалогы» форумы және көптеген басқа да іс-шаралар өтеді. Осы сапардың экономикалық құрамдас мақсатын атап өткім келеді. Сонымен қатар, Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің отырысы барысында шамамен 1 млрд АҚШ долларға тарта сомада экономикалық келісімдер мен жобаларға қол қою жоспарлануда. Қол қоюға ұсынылған 22 инвестициялық жобалардың бесеуі жаңартылатын энергия көздері саласында жоғары технологиялы өндірістерге жатады, қалған жобалар «неміс сапасы» атты маркасымен өнеркәсіптік өндірісті ұйымдастыруға бағытталған. Жобалардың шамамен 80% шикізаттық емес секторға енгізілмек. Менің ойымша, бұл экономикалық келісімдер сапарды сапалы түрде толықтырады.

 — Биылғы 12 шілдеде «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында неміс павильонының ашылуына орай Штайнмайер мырза Германияның ұлттық күніне қатысуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде аталған елдің Қазақстанда өткізіліп жатқан халықаралық көрмеге жоғары құрметпен қарайтынын аңғартады. Жалпы, үш айдың ішінде «ЭКСПО-2017» көрмесіне Германиядан қанша адамның келуі болжанып отыр? Мұнымен қоса, осы көрменің ГФР-да насихатталуы жайында айтып берсеңіз?

— Неміс басшылығының біздің өңірде алғаш рет өтіп жатқан халықаралық көрменің аясында  Астанаға сапарының символдық мәні бар. Германия Парижде дауыс беру барысында Астана кандидатурасын қолдап, біздің елордада көрмені дайындауға белсене қатысып келе жатыр және онда кеңінен ұсынылған. Екі ірі неміс концерні, яғни «Siemens» технология жағынан серіктес және логистикалық серіктес ретінде «ДиЭйчЭл» компаниясы демеушілік етуде, ал «Бош» компаниясы көрме техникасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету серіктесі болды. Бұл басқа да неміс компаниялары үшін жақсы үлгі болды.

Жалпы, көрмеге Германияда қызығушылық жоғары, оны осы жылдың мамыр айында Берлинде мобильдік ЭКСПО-ны таныстыру барысында байқадық, сондай-ақ Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған 2016-2017 жылдар кезеңіне Германиядағы бірнеше экономикалық іс-шаралар барысында өте жақсы көзқарастар болғанын атап өткен жөн.

Көрме тақырыбы қызықты. Жалпы энергия теңгерімінде баламалы энергия көздері үлесін ұлғайтуда Германияда «Энергетикалық серпіліс» атты бағдарлама жүзеге асырылуда. Осылайша, 2016 жылдың қорытындысы бойынша жаңаратын энергия көздерінің үлесі 31,7 пайызды құрады, ал 2050 жалға қарай бұл көрсеткішн 80 пайызға жетпек.

Көрме мен оның тақырыбына әсіресе неміс инвесторларының қызығушылығы жоғары болғандықтан, олар осы салада ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Қазақстанға ГФР-дың азаматтары визасыз барғандықтан, сол себептен бізде неміс туристерінің саны туралы жалпы статистика жоқ. Алайда  Астанадағы көрме барысында неміс делегациялары құрамындағы өкілдердің көп болатындығын айта аламыз. Біздің мәліметтер бойынша, Германиядан көрме аясында және Қазақстан-Герман екіжақты іс-шаралары кезінде 350-ден астам адам келеді деп күтілуде.

— Еуропа Одағы Қазақстанның жетекші сауда және инвестициялық серіктесі болып табылса, бұл салада қазіргі таңда біздің ел мен Германия арасындағы көрсеткіштер қандай?

— Ең алдымен, бүгін екі ел арасында мемлекеттік деңгейде сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді және нығайтуды қолдайтын едәуір институционалдық негіз құрылғанын атап өткен жөн.

Неміс статистикалық қызметінің ақпаратына сәйкес, 2016 жылы ҚР мен ГФР арасындағы тауар айналымының көлемі 4 млрд еуро құрады, ал ағымдағы жылдың 4 ай ішінде екі елдің тауар айналымы өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 30 пайызға ұлғайып, 1,6 млрд. еуроға жетті. Осы жылдың қорытындысы бойынша екі ел тауар айналымы 40 пайызға өсіп, 2013 жылғы 6,5 млрд. еуродан асып түскен рекордтық сыртқы сауда көрсеткішіне қайта оралаламыз деп күтілуде.

Қазақстан Германияның Орталық Азия өңіріндегі негізгі сауда серіктесі. 2016 жылы Орталық Азияның барлық бес елдерімен жүргізілетін сауданың 85 пайызы біздің елеміздің үлесіне тиесілі. Өзара тауар айналымының құрылымы көптеген жылдар бойы өзгеріссіз қалуда. Қазақстан экспортының 91 пайыздан астамы минералдық ресурстарды құрайды, ал қалған бөлігі қара металдар (2,4%), бейорганикалық химикаттар (2,2%), түсті металдар (1,7%), балық (0,7%), май және өсімдік дақылдары (0,6%) және басқа да өнімдерді қамтуда. Мұнай жеткізу көлемі бойынша Қазақстан Германияның бес негізгі әріптестері қатарына кіреді.

Жалпы, негізгі шикізат ресурстары бағаларының төмендеуіне қарамастан, ҚР мен ГФР арасындағы сауда айналымы орнықты сипатын көрсетуде. ГФР индустрияландыру, шикізат және технологиялық серіктестік үрдісінде Қазақстанның басты серіктесі болып қалуда. Германия индустриялды дамыған, жоғары технологиялық, инновациялық және экспортқа бағытталған ел болып табылады. Бұл жайт біздің елдер арасында өндіріс және технологиялар трансферті саласында белсенді ықпалдастығымыз үшін жағымды алғышарттарды құрайды. Бүгінде неміс инвестицияларының 90 пайызы Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторына бағытталуда, яғни қайта өңдеу өнеркәсібі, химия саласы, құрылыс заттары өндірісі, машина жасау, аграрлық-өнеркәсіп кешені мен ауыл шаруашылығына негізделген. Өзіңіз көріп тұрғандай, бұл Қазақстанның индустрияландыру бойынша мемлекеттік бағдарламасы мен «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатының міндеттеріне толық жауап береді. Осылайша, Германия негізінен мұнай-газ және энергетика секторына өз инвестицияларын бағыттайтын басқа елдерден ерекше.

Сонымен бірге, көлемі бойынша Қазақстан Германияның төртінші мұнай жеткізушісі болып саналады және ГФР мен Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде басты рөл ойнайды. Ал Германия өз кезегінде біздің еліміздің энерготиімділік және энергияны үнемдеу, дуалды кәсіби-техникалық білім беру саласындағы стратегиялық серіктесі. Қазіргі уақытта екі ел өндірістік үдерістерді автоматтандыру мен дигитализациялаудың «Индустрия 4.0» неміс бағдарламасының элементтерін біздің елімізде енгізу жөнінде белсенді ынтымақтасуда. Бұның бәрі Елбасының қаңтардағы «Үшінші жаңғыру — жаһанды бәсекеге қабілеттілік»  халыққа Жолдауының мақсаты мен міндеттеріне жауап береді.

— Соңғы жылдары Қазақстанда туризмді дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Германиядан елімізге сапарлауға қызығушылық танытқандар саны артты ма?

— Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Республикасы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту мақсатында 45 мемлекеттің азаматына, соның ішінде Германия азаматтары үшін 30 күндік визаcыз режим орнатты. Бұл ең алдымен елімізге келетін туристерді арттыруға бағытталған шара болып саналады және соңғы кезде Германиядан Қазақстанға сапарлайтындар санының күрт өсуіне ықпал етті.

Сонымен қатар Қазақстан аумағы арқылы туристік бағыттар бойынша Германиядан көп туристерді тарту үшін белгілі бір алғышарттар жасайтын, әсіресе туризм саласын қамтитын Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту жобасына ГФР-да қызығушылық артып келеді. Қазақстанда болып, этнографиялық очерктер қалдырған атақты неміс саяхатшылары Александр фон Гумбольдт пен Альфред Брем  жолдармен жүруге ниетті кейбір азаматтар жөнінде Германияда жиі әңгіме естуге болады

Германиядан келетін туристердің санын арттыруда маңызды фактор ретінде біздің елдеріміз арасындағы тығыз сауда-экономикалық ынтымақтастықты атап өтуге болады. Неміс іскер топтарының өкілдері Астана мен Алматыдан бөлек, Қазақстанның басқа да өңірлерінде көптеген жобаларды бастады. Бұл өз кезегінде елімізде қонақ үй бизнесінің дамуына оң әсер береді.  Сондай-ақ Қазақстанда тұратын неміс диаспорасымен Германияда тұрып жатқан туыстары үнемі қарым-қатынаста бір-бірін қолдап жүретіндігін атап өткен жөн. Мысалы, бұрынғы отандастарымыз Қазақстанға келгенде көптеген курорттық жерлер мен ұлттық парктерте демалуды қалайды. Менің ойымша, бұл біздің еліміздің туризм индустриясының дамуына оң ықпал етеді.

— Жақында Астанада Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы өткенін білесіз. Осы айтулы шараға Германияда тұратын қандастарымыз да келді. Олардың арасында түрлі салалардағы жоғары білікті мамандар баршылық. Бұл қандастарымыздың тарихи отанына оралуы мүмкіндігі қандай? Яғни Қазақстанға қоныс аударуға ниетті отбасылар бар ма?

— Шет елдерде тұратын қандастарды қолдау мақсатында Қазақстан Елшілігі Германия аумағындағы қандастарымызбен жұмысты жүйелі түрде жүргізуде. Атап айтқанда,  Мемлекет басшысының соңғы мерейтойлы Құрылтайда берген тапсырмасы байланысты осы бағыттағы жұмыстар өте маңызды мәнге ие болып отыр.

ГФР-де жүйелі түрде қандастарымыздың қатысуымен әртүрлі мәдени-рухани және білім беру бағытында игілікті іс-шараларды ұйымдастырудамыз. Елшіліктің көмегімен дәстүр бойынша Еуропа елдерінде тұратын қазақтардың кіші Құрылтайлары 2011 жылы Копенгагенде, 2014 жылы Берлинде, ал 2016 жылы Кельн қаласында өткізілді. Сонымен қатар Германия аймақтарында «Тоғыз құмалақ» спорт түрі бойынша жыл сайын ұйымдастырылатын жарыстарға қатысамыз, «Қазақ кітапханасы» жобасы аясында Германияда қазақ жазушылары шығармаларының оқулары ұйымдастырылады. Диаспора арасында Қазақстаннан алынатын қазақ тілі оқулықтары таратылады, сонымен қатар 2014 жылы ашылған Берлин мәдениет орталығында балалар үшін арналған қазақ тілі курстары өткізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта Германияда тұрып жатқан қазақ диаспорасының саны шамамен 1000 адамға жуық.  Олар Кёльн, Мюнхен және Берлин қалаларына шоғырланған. Диаспора өкiлдерiнің көбісі өткен ғасырдың 50-60-шi жылдары Түркиядан ГФР-ға еңбек мигранттары ретiнде келгені өздеріңізге мәлім. Қазіргі уақытта олардың арасында дәрігерлер, инженерлер, заңгерлер және басқа да жоғары білікті мамандар бар.

Қандастарымыздың елге оралуын қолдау мақсатында мемлекетіміз бірқатар іс-шаралар жасап жатқанын атап кеткен жөн. Оларға визалар тегін және 3 жылға дейінгі мерзімге беріледі, сонымен қатар білім алу үшін балаларын Қазақстанға жіберіп жатқан қандастарымызда бар.

— Өткен ғасырдың соңында Қазақстаннан Германияға этникалық немістер жаппай қоныс аударды. Ел ішінде солардың көбісі кейін қазақ жеріне қайтып оралып жатыр деген сөздер жиі айтылады. Бұл жайында статистикалық мәліметтермен бөліссеңіз?

— Қазақстанда тұратын неміс ұлтының өкілдері мен Германияға көшіп келген біздің бұрынғы отандастарымыз Қазақстан-Германия қарым-қатынастарының табысты дамуының маңызды факторы болып табылады. Өздеріңіз білетіндей,  неміс диаспорасы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында бар, олардың көпшілігі жоғары мемлекеттік лауазымдарда қызмет атқарып келеді, белсенді түрде экономикаға және біздің еліміздің дамуы мен гүлденуіне лайықты үлес қосып отыр. Біздің кейбір жерлестеріміз Германияда әлеуметтік, саяси жетістіктерге қол жеткізді. Мысалы кейіннен қоныс аударғандардың арасынан Қазақстанда туған Генрих Цертик Бундестаг депутаты болды. Неміс экономикасы және мәдениет саласында басқа да жақсы мысалдар бар.

ГФР ІІМ мәліметіне сәйкес, Қазақстаннан Германияға қоныс аударып, осы жерде тұрып жатқан этникалық немістердің саны 1 миллионға жуық. Солардың арасынан Қазақстанға қайтып оралуға ниет білдіргендер бұрыннан бар екендігін атап кеткен жөн. Мысалға, тек осы жылдың басынан 80-нен астам неміс азаматтарына Қазақстанға тұрақты тұруға виза берілді.

— Лаңкестік тақырыбында тоқтасақ, былтыр Германияда лаңкестік әрекет болды. Осы бағытта ресми Берлин мен Орталық Азия мемлекеттері арасында қандай өзара әрекеттесу бар ма?     

— Ең бастысы, мұндай ынтымақтастық үшін құқықтық базаның бар екенін атап өту қажет. 1995 жылы Қазақстан мен Германия арасында бағыттары нақты белгіленген ұйымдасқан қылмыстылыққа, лаңкестікке және басқа қауіпті қылмыстыққа қарсы күрес бойынша ынтымақтастық туралы үкіметаралық Келісімге қол қойылды.

Қазақстан мен Германияның тиісті құрылымдар арасында лаңкестікке қарсы күрес саласында белсенді әрекеттесу жүргізілуде, өзара ақпаратпен алмасу іске асырылуда.       Былтыр Германияда бірқатар жаңғырық лаңкестік әрекеттер орын алды. Бұл проблеманы өзектілігі артыпи келеді. Сирияда ДАИШ қысымның өсуіне қарай, лаңкестердің туған елдеріне қайта баруы факторының артуы мен интернет желілерінде насихаттаудың жандануына байланысты  Еуропа мен Орталық Азия мемлекеттері үшін қауіп жоғарылап отыр.   Қазақстан мен Германия арасында сындарлы құқықтық ынтымақтастық құрылған. Жыл сайын IRZ неміс құқықтық ынтымақтастық қоры Германияда қазақстандық құқық қорғау органдары мен әділет органдары үшін құқықтық реформаларға арналған түрлі семинарлар мен конференциялар ұйымдастырылады.

— Мемлекеттеріміз арасында іске асырылып жатқан саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ең қызықты жобаларды атап өтсеңіз?

— Экономикалық дипломатияның міндеттерін орындау мақсатында, сондай-ақ Орталық Азия мен Еуроодақ және Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық мәселелерінің кең спектрін талқылау үшін 2012 жылдан бері Елбасы мен ГФР-дың бұрынғы вице-канцлері, сыртқы істер министрі Ханс-Дитрих Геншердің бастамалары бойынша диалог алаңы ретінде Берлин Еуразиялық Клубы табысты жұмыс істейді. Бес жыл ішінде кезектесіп Астана, Брюссель және Берлин қалаларында Клубтың 20 отырысы өткізілді.

2007 жылдан бері Германияда «Қазақ кітапханасы» жобасы іске асырылуда. Жобаның мақсаты —  қазақ тілі мен әдебиетін неміс тілінде насихаттау. Өткен жылы Франкфурт кітап жәрмеңкесі шеңберінде «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл — Қазақ кітапханасының 25 кітабы» ұранымен бұл жобаның  тұсаукесері өтті.

2010 жылдың қазан айынан бастап Берлин Гумбольдт университетінде «Қазақстан және қазақ тілі» лектораты жобасы жүзеге асырылуда. Соңғы жеті жыл ішінде бірқатар неміс азаматтары тілдік және елдік білім алып, олар қазір екіжақты ынтымақтастық үдерістеріне белсенді түрде қатысуда. ГФР-мен бұл біздің тек кейбір өзара іс-қимылымыздың табысты үлгілері, ал жалпы алғанда, біздің елдерде ынтымақтастықты барлық деңгейлерде және барлық салаларда дамытуда зор әлеуеті бар.

— Әңгімеңізге рахмет!

inform.kz