Геннадий Шиповских уәдесінде тұрды

 Сайтымызға қазақ тілінде арнайы сұхбат берген депутат Геннадий Шиповских уәдесінде тұрды. Ол депутаттық сауалдарымды, министрлерге сауалдарымды тек қана мемлекеттік тілде ғана беремін деген болатын. Ертеден келе жатқан әдет бойынша әр дүйсенбі Парламенттің Мәжілісінде министрлерді қабылдау үрдісі қалыптасқан. Оны журналисттер жалпақ тілмен «Үкімет отырысы» деп атайды. Бұл жерге келген министр депутаттар алдында ағынан жарылып, жасап жатқан жұмыстарын таныстырады. Алдағы жоспарларымен де бөлісіп жатады. Жасыратыны жоқ министрлерге баяндаманы оқу қызық. Негізі сондағы толағай табыстар мен жеткен жетістіктер күш беріп, «арқаланып» кететіндері көп. Сұрақ — жауапқа келгенде маңдайларынан шып-шып тер шығып қиналғандарын көргенде аяп–ақ кетесің. Бұл жолы кезек Қалмұхамбет Қасымовқа келіпті. Ішкі істер министрі есеп бермес бұрын полицейлердің жаңа құрал-жабдықтарын көрсетіп, депутаттардың көңілін ауламақ болған. Мәжілісмендер көрмеге аса қызыға қоймады. Бірден министрге тарпа бас салды. Оның бәрін тізбелеп жатуды жөн көрмедік. Тек қана жоғары да сөз еткен мәжіліс депутаты Геннадий Шиповскихтің: — «Соңғы 8 жылдың көлемінде республика бойынша уақытша оқшаулау орталығы, бейімделу мекемелеріне 70 мыңнан астам кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер жеткізілді. Сізге сұрағым, осы көрсеткіштерді азайту үшін қазіргі кезде нақты қандай іс-шаралар қолданып жатырсыздар?», — деп төтеннен сауал жолдады. Өзге ұлт өкілінің ана тілінде қойған сауалына минстр Қасымов мемлекеттік тілде жауап беруге жарамады. Бар болғаны сасқалақтап: «Сұраққа рахмет! Рұқсат болса, мен орысша жауап берейін. Я сказал, что нам надо заниматься. Какие школы нам надо решать. Всего у нас 8 учебных заведений и всего одна спецшкола для тех, кто совершил преступление», — деді Ішкі істер министрі. Оның айтқанын сөздерін қазақтың бір ауыз сөзіне сыйғызсақ былай болып шығады. «Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың артуына бірден-бір себеп – мектеп инспекторлары жетіспейді екен. Оған қоса, тәртібі қиын балаларды оқытатын арнайы мекеме де жоқтың қасы». Тап осы сөзді айту үшін, ресми тілге жүгіну қаншалықты дұрыс. Оны енді министрдің өзінің ары мен ұятына қалдырдық. Алайда министрдің Президент ескерткен: Сұрақ қай тілде қойылса, сол тілде жауап берілуі керек деген талапқа келмей тұрғаны ғана жанға батады.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК