Газдандыруға әлеуметтік көмек: Қарағандыда төлем алуға кім құқылы

Қарағандыда орталықтандырылған газ жүйесіне қосуға біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіле бастады. Мөлшері 100 АЕК-ке дейін (318 мың тг.) қаражат газ жабдығын жеткізуге және орнатуға арналған нақты шығындарға байланысты төленеді.
Әлеуметтік көмек көрсету ережесі қалалық мәслихаттың шешімімен бекітілген.
Газдандыруға біржолғы әлеуметтік көмек келесі санаттағы тұрғындарға көрсетілетін болады:
— жасына байланысты зейнеткерлерге;
— мүгедек адамдарға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға;
— көп балалы отбасыларға;
— атаулы әлеуметтік көмек алушыларға;
— басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
— жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қорғаушыларына немесе қамқоршыларына.
Отбасының бір мүшесіне есептегенде орташа жан басына шаққандағы табысы 2,5 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс (қазіргі уақытта – 93 473 тг.). Газ жабдығын орнату туралы келісім-шарт жасалған сәттен бастап бір жыл ішінде көмекке жүгінуге болады.
Өтінішті Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне (Поспелов көшесі, 16) немесе электрондық үкімет порталы арқылы беруге болады.
Қажетті құжаттар:
1) жеке басын куәландыратын құжат;
2) газ жабдығын жеткізумен және орнатумен байланысты тұлғаның (отбасының) шығыстарын растайтын акт және/немесе құжат (чектердің, түбіртектердің көшірмелері, қызметтер көрсетуге арналған шарт);
3) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер;
4) мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі (зейнетақы куәлігі, мүгедектігі туралы анықтама, балалардың туу туралы куәлігі);
5) жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтардың жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;
6) Екінші деңгейдегі банктегі не «Қазпочта» акционерлік қоғамындағы банк шотының нөмірі туралы мәліметтер.
Толық ақпарат мына телефондар бойынша: 8-708-436-06-45, 30-02-24.

 Жомарт Шаймұрат