Гүл топырағын қашан және қалай ауыстыру керек?

Құмырадағы топырақты қаншалықты әртүрлі тыңайтқыштармен тыңайтқанмен де егер өсімдік көп уақыт сол топырақта отырса, бәрібір ондағы қоректік заттар азайып, құрылымы өзгеріп, азады. Сондықтан топырақты жиі-жиі, негізінен наурыз айында ауыстырған жөн. Ауыстырар алдында өсімдікті бірнеше сағат бұрын жақсылап суарады, сонда топырақ құмыра қабырғасынан тез ажырайды. Егерде гүл отырғызылған ыдыс кіші болса, сол қолмен ыдыстың аузын басып, өсімдікті сындырып алмай ұстап тұрып, ыдыстың аузын төмен қаратып жеңіл затпен шетінен бірнеше рет соғады. Сөйтіп, ескі топырақты ауыстырады. Егер ыдыс ескіріп, саңылаулары бітеліп қалса, оны ауыстыру керек. Ал өсімдікті қайта отырғызар алдында оның кеуіп қалған тамырларын кесіп тастайды. Тамыр жүйесі өте көп тармақталған өсімдіктердің шеткі тамыр тармақшаларын кесу керек, ал тамыры ірі және көп емес өсімдікті тамырын аялап, жарақаттап алмауға тырысу керек. Егер жарақаттана қалса, тек сол тамырды ғана кесіп тастайсыз.

Құмыраның түбіндегі артық судың ағуына арналған тесіктің үстінен алдымен дөңес жағын үстіне қаратып құмыра сынығын қойыңыз (бұл тесіктің мүлдем жабылып қалмауы үшін керек). Оның үстіне ірі құмды майда таспен араластырып саласыз (мұны дренаж деп атайды). Сонда ғана артық су құмырадан ағып кетеді. Суды аз сіңіретін өсімдіктер үшін (пальма, алоэ т.б.) дренаж қабаты қалың, ал суды көп жұтатын өсімдіктер (алоказия, папоротниктер) үшін жұқа болу керек.
Дренаж қабатының үстіне ең әуелі өсімдік отырғызылатын бір бөлігін ғана салып, оның үстінен өсімдікті сол қолмен демеп ұстап тұрып, оң қолмен тамырларының айналасына дайындалған топырақты салып тығыздау керек. Нәзік тамырлы өсімдіктерді ептеп, ал, жуан тамырлы өсімдіктерді қаттырақ тығыздау керек.
Үлкен құмыраларда өсірілетін ірі өсімдіктер топырағын жиі ауыстырған абзал. Ол үшін ыдыстың жоғарғы жағындағы топырағын босату арқылы алып тастау керек. Сөйтіп, органикалық жаңа тыңайтқышқа бай топырақпен толтырылады. Жаңа топырақ салынған құмыраны топырағы ернеуінен бірнеше сантиметр төмендеу отыруы үшін қандыра суару қажет, бұл ыдыстың ернеуінен су ақпауы үшін керек.
Топырағы жаңадан ауыстырылған құмыра өсімдіктің тамыры әлсізденіп, өсімдік қисаяды. Сондықтан тамыры топыраққа әбден бекіп дамығанша оны салқын жерде ұстайды. Құмырадағы топырақ дымқыл ғана болсын, көп судың қажеті жоқ.

Күміс Қалтыкей