Футбол алаңшасы берілді

Спорт – денсаулық кепілі, денсаулық адам өмірінің негізі десек, Кеңес ауылында ел игілігіне ұсынылған шағын спорт алаңшасы соның айқын дәлелі. Аудандық бюджет есебінен салынған су жаңа спорт нысанында сап түзеген жас спортшыларды және осында жиналған ауыл тұрғындарын аудан әкімі Бақыт Қазанбасов арнайы барып құттықтады.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек», — деп айтқан болатын. Бүгінде біз осы тапсырманы ауданымызда орындау мақсатында кешенді жұмыстар жасап келеміз. Бүгінгі ашылғалы отырған шағын футбол алаңы мен стритворкаут алаңшасы — жергілікті бюджет есебінен бой көтеріп, жас жеткіншектерімізге тарту ретінде ұсынылып отыр. Осы спорт нысанынан елге, әлемге белгілі азаматтар тәрбиеленіп, еліміздің көк байрағын биікте көтеруіне тілектеспін, — деді. Сонымен қатар, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекжасар Ермағанбетов ауылдастары атынан ризашылығын жеткізді.

Кеңес ауылында шағын футбол алаңы құрылысын жүргізіп, осы нысанды межелі уақытта ел игілігіне тапсырған жеке кәсіпкер Жеңіс Сағынбековке аудан әкімі Алғыс хатты табыс етті. Алаңшаның лентасы қиылып, ақ жаулықты аналар шашу шашқан соң, Бақыт Алпысбайұлы футбол алаңшасындағы ең бірінші футбол ойынын бастап берді. Бұл кезде дененің сәні мен сымбатын келтіретін, бойға күш-қуат жинауға аса қажет стритворкаут алаңында ауыл жастары өз өнерлерін ортаға салып жатты. Бұдан былай шынығамын, шыңдаламын деген ауыл жастары үшін бұл орындардың есігі әрдайым ашық.

Айта кетейік, жергілікті бюджет есебінен 11 миллион 339 мың теңге қаражатқа бой көтерген бұл нысан жалпы халықты дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту мақсатында жасалынып отыр. Шағын футбол алаңшасында кіші теннис столы, Стритворкаут бой көтеріп, орындықтар қойылып, автотұрақпен қамтылып, көше жарығы орнатылған.

Байзақ ауданы