EXPO ұлттық бояуды бойына сіңірмей, әлемді таң қалдыра алмайды

Астанада жалауын көтеретін ЭКСПО — 2017 көрмесіне санаулы айлар қалды. Дайындық қызу қарқынмен жүруде. Оның логотипі де бе кітілді. Оны жасаушылардың айтуынша, ол күн, су және жерді бейнелейді. Яғни үшеуін бірге қосқанда «Болашақ энергиясын» сипаттап тұр. Әп-бәрекелді!

Таяуда ЭКСПО-ның символикалық қуыршақтары бой көтерді. Бала кейпіндегі ма скоттар. Түрлері де қазақы. Екі қыз бен жалғыз ұл. Бір-бір үйдің еркелері іспетті. Аттары да құлаққа жағымды. Сәуле, Мөлдір, Қуат. Сәуле — басы нан күн шапағы төгілген қыз. Мөлдір — көкпеңбек су кейпіндегі ерке-тотай. Ал Қуат — жер бедерінің көрінісі, жап-жасыл аймақ, қынама камзол киген ойын баласы. Бажайлап қарасаң, үшеуі қатар сап түзеп, қолдарымен белдерін қаусырып, ойынға бас салуға дайындалған қалыптарында қатқан да қалған. Үшеуінің де жүзі жылы. Кім салса да үлкен шеберлікпен, керемет ынтамен, нақты дәлдікпен салынғаны көрініп тұр. Ертең Астанаға ағылған миллиондар тым құрығанда қазақ балаларының атын оқып, қайда келгенін пайымдар. Күн сүйген даламыздың кеңдігін, саф ауа мен таза судың қадірін, көк майса өлкенің қасиетін сезінер. Осы тұрғыдан қарағанда да құптарлық қадам. Әйтпесе, ЭКСПО жарнамаларынан мемлекеттік тілдің қауқарының жоқтығын күнде көріп жүрміз.

Маскоттар оң жағалаудағы Бәйтеректің, ЭКСПО — 2017 кеңсесінің алдына және Орталық саябақ маңына орналастырылған. Жарасымдылық со надайдан көзге ұрады. Жалғасын тауып жатса, қандай керемет! Жылт еткен саңылаудай болса да көңілге қуаныш ұялатар жаңалық қой бұл. Өкініштісі: «ойын балаларына» қазақы есім беріп, ЭКСПО-ны қарсы алуға қазақ тілінің көріне бастағаны әлеуметтік желідегі ағайынның көңіл қолайына жақпағаны аңғарылады. Үңіліп отырсаң, мысқылдары жетіп артылады. Сы нап-мінеуге құмарлық қазақ қоғамын тұңғиыққа тартып бара жатқан секілді көрінеді. «Іштен шыққан жау жаман» деген осы емес пе? Ширек ғасыр уақытта тәуелсіз елдің тілі мен діліне мойынсұнбағандардан шаршап жүргенде, өз қазағымыздың етектен тартуын жақсылық нышаны дей қою қиын. Бөркін аспанға атып қуанбаса да, іштен шүкіршілік етіп қуануға не кедергі? Әлеуметтік желілерде маскоттардың пайда болуы сол-ақ екен, әртүрлі сындар айтыла бастады. Оларды «қорқынышты» деп атап, «Чаки» қуыршағына теңегендер де табылды. «Оларды кім бекітіп жүр екен? Олар тіпті де сүйкімді емес. Неге үнемі осылай өзге елге мазақ боламыз да жүреміз? Аттары да оңып тұрған жоқ!» — депті біреу. «Қорқыныштысын-ай, бұл не мазақ?! Олар қазақтарға емес, орыс ертегілеріндегі «Баба Яга» кейіпкеріне ұқсайды», — депті екіншісі. Тағы бір желі қолданушы бұл қуыршақтарды «масқара» деп атап, оны қайта жасауды талап етіпті: «Өте сүйкімсіз. Бұлай масқара болудың қажеті не? Өтінеміз, қайта жасаңыздаршы».

Бұл жерде не айтуға болады? Бір нәрсе анық: Сыналап тілдің абыройын көтергісі келгендерді мұқатуға даяр тұрған топтар бар. Жіті қарасаң, ұлтжанды азаматтар солардан қаймығады. Даудан қашады. Солар тыныш болсын деп тасада қалады. Үндемейді. Осыны біліп алған «олар» «көп — қорқытып, терең — батыруға» әуес. Қоғамдық пікір туғызып, дүрліктіргенді қалайды. Жергілікті жұрттың тілі мен ділін ұрғаны бар. Бетбұрыс жасалып жатса, тыпыршып берекелері қашады. Ендігісі мынау. Біз осы қай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз?

 Нағашыбай Қабылбек