Есірткі құрдымға құлатады

Есірткінің талайдың тағдырын тәлкекке салғанын көріп жүрміз. Бұл кесапаттың тырнағына іліккен адам жалғанның бүкіл қызығын тәрк етіп, басыбайлы құлына айналады. Ол үшін енді ешқандай қуаныш та, қайғы да жоқ. Әлемнің тосын оқиғалары да оны таңдандырмайды. Тіпті, байлық та басын айналдыра алмайды. Өзгелер сияқты жамандық та, жақсылық та істемеуі мүмкін. Санасы уланған құр сүлде. Анасы да, әкесі де, ешқандай туысы да жоқ. Оның құны тек қана бір-ақ доза. Бүкіл өмірінің өлшемі осы.

Осылай құрдымға кеткенін өзі де байқамай қалады. Адам тәні мен жанын жоюдың бұдан өткен сорақы түрі жоқ. Зерттеушілердің пікірінше, әр нашақор жылына он бес адамды есірткі татып көруге тартады екен. Сонда осы он бестің енді қанша адамды аждаһа аузына итермелейтінін есептей беріңіз. Сөйтіп, есірткіқұмарлық тұмаудан да жылдам тарайтын індетке айналып шығады. Бұл осылай жалғасса, көп ұзамай адамзат ұрпағының жойылу қаупін тудырады.

Қазақстанда соңғы он жыл ішінде есірткіге тәуелділер саны күннен күнге өсуде. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, олардың саны 254 мың, яғни ел тұрғындарының 1,7 пайызын құрайды. Сонымен қатар, нашақорлардың көз алдымызда жасарып бара жатқаны да жасырын емес.

Еліміздегі есірткінің ең көп тараған түрлеріне – гашиш-анаша, апиын, героин, марихуана кокаин-крек, экстази, ЛСД жатады. Дегенмен, дәл қазір героиннің ықпалы күшейіп тұр. Себебі, 90 жылдары нашақорлардың 80 пайызы марихуанаға тәуелді болса, қазір оларды тек апиын мен героин ғана қанағаттандырып отыр. Негізінен есірткінің бұл түрін бойға инемен енгізу арқылы пайдаланғанымен, кейде иіскеп те еліріп жатады. Пайдаланатын адамды бірден анықтауға болады. Керекті дозасын қабылдағаннан кейін ол 15-20 минуттай ләззатты сәтін бастан өткереді. Дәл осы сәтте ол өзін дел-сал сезініп, көзінің шарасы айналып, аспанда ұшып жүргендей халде болады. Ал кейде бойында белгісіз қуат пайда болып, оның айқын-жойқын мінез көрсетуі де ғажап емес. Героиннің күші тарқағанда бүкіл ішкі дүниесі босап қалғандай әсерде болады. Адуынды да екпінді күш бүкіл тәнінде жүріп өткен нашақордың ішінде ешкімге тән емес, жалғандықтан құралған жеке әлем түзіледі. Психологиялық тәуелділік алғашқы дозадан кейін-ақ тууы мүмкін.

Негізінен аталған есірткілердің көбі қалалық жерлерде, түрлі демалыс орындарында жасырын түрде сатылады. Ірі қалалық жерлерде олардың тарату жүйесі дамыған. Сондықтан, іздеп табу да оңай. Сонымен қатар, елітуге ауылдағы жастар да қарсы емес. Мұның бәріне негізінен жұмыссыздық сеп болады десек, артық емес. Себебі, ештеңемен айналыспайтын адам ермек іздейді. Бұған рухани әлсіздігі келіп қосылады. Ең сұмдығы, ауылдық жерлерде де есірткі тасымалдайтындар бар. Тіпті, жеңіл түрлерін кез келген қолданушы өздері-ақ өндіреді.

Әрине, есірткі де тегін емес. Алғашқыда қызығушылықпен дәмін татып, кейін тәуелді болып қалғандар бастапқыда ата-аналарынан түрлі сылтаумен ақша алса, кейін есірткіге керекті ақша үшін қылмысқа барады. Тіпті болмаса, үйіндегі бағалы заттарды ұрлап сатады. Сонымен, әуелде еріккеннен, әуестіктен дәмін татқан ол біртіндеп есірткісіз тұра алмайтын халге жетеді.

Бүгінгі ұрпақ есірткі қасіретіне байланысты ақпараттарға кенде деп айта алмаймыз. Қайта күннен күнге есірткінің тигізер зияны жөнінде қаншама мәлімет алып отырсақ та сол тажалға деген сұраныс өсіп келеді. Ал, есірткіге жастарды, балаларды тартудың түрлі жолдары бар. Алғашқыда «мейірімді» ағайлар бірінші-екінші дозаларын тегін береді. Бір-екі рет дәмін көрген жас бала кейін қалай басының айналғанын сезбей де қалады. Содан кейін мағынасыз өмірдің есігі айқара ашылады. Жас нашақордың араласатын адамдары, достары күрт өзгереді.

Тұлғаның қайта қалыптасуы аяқталып, адам кейпіндегі белгісіз тіршілік иесі өмірге келеді. Қолданушылар өзін көбіне кез келген уақытта қоя алатындығымен жұбатады. Біртіндеп олар өз айтқанына жанашыр ата-аналарын, достарын сендіріп, кейде нашақордың өзі де иланып қалуы мүмкін.

Түптеп келгенде, есірткі тірі адамның өлген жаны, жатырда жатып мүгедекке айналған сәби, мыңдаған әке-шешенің көз жасы мен зары, анашаны көргенде оянатын отсыз, сәулесіз жанарлар, қарекетсіз, қызықсыз, қылмысқа итермелейтін тірлік. Сол тірліктің иесі ақырында қуыс кеуделі құр сүлдеге айналады да, көп ұзамай барар жері мүрде болады. Жастар осыны түйсігімен ұғынса екен дейміз.

Ләззат ТАҢАТБАЕВА,
облыстық психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі.