Ерлігі елдің есінде қалды

Барша отандастарымыз үшін мәртебесі биік, орны ерекше Отан қорғаушылар күні жақындап келеді. Бұл — шынайы патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікті, мұқалмас ержүректілікті, келісім мен достықты шынайы бейнелейтін жалпыхалықтық мереке.
Аталған мереке қарсаңында осыдан бір жарым жыл бұрын ауданымыздың Қайнар ауылы маңындағы әскери бөлімде болған алапат өрт, жойқын жарылыста ерлікпен қаза тапқан, бейбіт күннің батыры, қатардағы өрт сөндіруші Әліби Кеңестің отбасында болдық.
Түймекент ауылдық округіне қарасты Ақжар ауылындағы Әлібидің үйіне жол бастаушымыз Түймекент ауылдық округі әкімінің орынбасары Жомарт Әлімқұлов, түймекенттік қадірлі қария Күнтуған Ақназаров аға үшеуміз бардық. Бізді есік алдында Әлібидің анасы Гүлмира қарсы алды. Алдымен дастархан басында Күнтуған қария Әлібиге арнап құран бағыштап, артында қалған ата-анасы, бауырларына амандық тіледі.
Әліби Кеңес 1999 жылы Ақжар ауылында дүниеге келген. Жастайынан пысық болып өскен оның келешегі кемел еді. Мектепті жақсы оқып, Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация колледжін 2018 жылы «жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандығы бойынша бітіреді. Әскер қатарында болып, өзінің азаматтық борышын абыроймен атқарады.
2021 жылдың наурыз айында барлық сынақтан сүрінбей өтіп, Тараз қаласындағы №4 өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші болып жұмысқа қабылданады.
-Әліби балаларымның үлкені еді. Сол алапат өрт болатын күні түс қайта жұмысына кеткен. Ал кешкісін Қайнарда алапат өрт болып, жарылыс болып жатқанын көршілерден естідік. Алматы қаласындағы Аружан қарындасы Әлібиде сол өртті өшіруге кеткені туралы хабар берді. Өз телефонымен байланыса алмадық. Ертесіне өрт сөндіруге барғандарды түгендегенде қасындағы Әділет деген досы екеуі жоқ болып шығыпты. Міне содан бастап әкесі, ағайын-туыстары болып оны іздедік. Бес күннен кейін медициналық сараптаманың қорытындысы келгенде ғана әкесі Бексұлтан баласының қайтыс болғанына көзі жеткен еді,-деген Гүлмира көзіне жас алды.
Біз Гүлмираға “сені жылатайын деп емес, қайта жұбатайын деп келдік”,-деп басу айттық.
-Баламның жұмысқа тұрғанына бар болғаны 5-6 ай ғана болған еді. Тура сол өрт болған күні жұмыста кезекші екен. «Ауылымда өрт болып жатқанда мен бұл жерде қалай қарап отырамын»,- деп өзі сұранып барғаны туралы қасындағы жолдастары кейін айтты. Егер балам сонда бармай қалғанда аман қалатын еді ғой,-деген ана тағы бір ауыр күрсінді.
Әліби үйінің тұңғышы болғанымен отбасын құрып үлгермепті. Ал өзінен кейінгі қарындасы Аружан тұрмыста болса, Зере, Альбина, Сабиналар мектеп оқушылары. Оларда өздерінің батыр ағаларын мақтаныш санап, бізге Әлібидің әр кезде түскен суреттерін көрсетіп жатты.
Өз Отанын шексіз сүйіп, алапат өртті өшіруге қаймықпай қатысқан Әліби бауырымыздың ерлігі мақтауға тұрарлық. Оның бұл ерлігі бүгінгі өсіп келе жатқан жастарға үлгі-өнеге болып қалады.
Әліби Бексұлтанұлының алапат өртті сөндірудегі ерлігі III дәрежелі «Айбын» орденімен аталып өтіліп, ол ата-анасына табысталды. Бар болғаны 22 жасында ерлікпен қайтыс болған бейбіт күннің батыры Әліби Бексұлтанұлын біз де әркез мақтан етеміз.

Сүндетулла АБЫЛАШҰЛЫ,
Ақжар ауылы.