ЖОЛДАУДЫ ҚОЛДАУ ҒАНА ЕМЕС, ТАЛДАУ ДА КЕРЕК!

Қазір ел ішінде «Газеттің болашағы жоқ» деген негізсіз пікір кең тараған. Алайда, адамзат өзі жоғалтып алған құндылықтарды белгілі бір уақыт кезеңінде қайта іздей бастайтынын тарих әлдеқашан дәлелдеп қойған. Интернет желісі өте жақсы дамыған, ақпараттық технологияның көш басында тұрған алпауыт елдерде миллиондаған газет-журналдың таралуы және оқылуы – осының айғағы.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалыптастыру бағытында БАҚ саласына жүктелетін міндет зор. Қоғамдағы ашықтықты қамтамасыз ету, бұқара мен билік арасында алтын көпірге айналу, қордаланған мәселелерді сыни тұрғыдан сараптау – бізге қойылып отырған бүгінгі күннің талабы.

Үміт шамын жаққан, көп көңіліндегі мәселелер

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жолдауының басым бөлігі әлеуметтік және экономикалық мәселелерге арналыпты. Бұл да дұрыс шығар, әлемді шарпыған дағдарыстан азуы алты қарыс мемлекеттер теңселіп жатқанда, бізге не жорық? «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен іздеу» керек қой мұндайда. Негізінде тең – теңімен, тезек қабымен болғанға не жетсін, шіркін!
«Өйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз» деген көпірме сөзден, өркөкірек пиғылдан – өрісті ой шыға қоюы екіталай.  Оны Тоқаев та терең түйсінген секілді.  Шалқып-тасыған жоқ. Арындап-алқынған жоқ.  «Анадан асамыз, мынаны белден басамыз» деп уәде де бермеді. Қалпынан да танбады, басқа амалы да қалмады…
Иә, арман  атты өзенге  құлаш ұрған дұрыс-ау, тек жүзе алсаң ғана. Әйтпесе «байтал түгіл бас қайғы» болмасыңа кім кепіл? Қазақта «Өзі болған қыз төркінін танымас» деген тәмсіл бар.  Бірақ біз, өзгелерді тамсандырар, қуанышымызға шақырып, ән салдырар деңгейге көтеріле алдық па өзі? Бәлкім ісімізден сөзіміз озып кетіп, бәзбіреулерге күлкі болып жүрген жоқпыз ба?
Келешекте «аттыға еремін деп жаяудың таңы айырылыпты» деген күлкіге қалғымыз келмесе, дамыған елдердің сапынан көрінгіміз келсе  халықтың әл-ауқаты мығым, көңіл-күйі көтеріңкі болуы басты шарт. Жолдаудың да басты мақсаты осы емес пе?
Негізі әлеуметтік мәселе мен экономикалық проблема – мемлекеттің қос қанаты секілді дүние. Егер қос қанаттың бірі қайырылса, қарыштап ұшпақ түгілі, жер бауырлап қанатын сабалауға зар болар байғұс.
Сондықтан Президенттің ең өзекті тақырыптарға назар аударуы – алдағы күндерге деген сенімді нығайтары анық. Сол себепті бізде қолымызға қалам алып, ел қолайына жаққан, үміт шамын жаққан, көптің көңіл түкпірінде жатқан жолдауға қатысты саналуан пікірлер мен өткір ойларды   рет-ретімен саралап шықпаққа бекіндік. Өйткені халықтың арасында көп жүреміз. Әңгімелесеміз. Бұқара қай заманда да өз ойын ашық айтып келген ғой. Әлі де сол бигінде тұр.
Біздің ниет: ел сөзін Президентке жеткізу. Бәлкім асырып айтармыз, бәлкім асылық айтармыз,  бәлкім ашынып айтармыз, бәлкім бас ұрып айтармыз, бәрі де егемен елдің жарқын болашағы үшін.  «Елде болса ерінге тиер, ауылда болса ауызға тиер» демей ме бабаларымыз? Бізде осы ұстанымға байланған жандармыз.
Иә, биылғы жолдау, бұрынғы жолдаулардан өзгерек болғалы тұр.  Тек жолдауды қолдаймын деп қорлап алмасақ болғаны. Елге түсіндіремін деп жүріп, күрсіндіріп алмасақ жарады. Өйткені  қазірдің өзінде «жараулы атқа жайдақ мініп алып», тақымы қанағанша борбайлап шабуға дайын шенеуніктер қарасы көп. Олар «Бір биеден ала да, құла да туатынын» ескергені абзал. Себебі  халықтың ішінде айлығы шайлығына жетпей ашынып жүргендер де, болып-толып тасынып жүргендер де жетерлік…
Айта берсек әңгіме көп. Тәуелсіздіктің отыз жылында қаншама жолдауға куә болдық десеңізші. Оның мәреге жеткені бар, жете алмай жолда шөккені бар.  Халықтың еңсесін көтергені бар, көтере алмай «өртенгені» бар. Халыққа жаққаны бар, жаға алмай далаға лаққаны бар.
Бұл жолғы жолдау әлемдік дағдарысқа  тұспа-тұс келіп тұр. Бағы ма, соры ма?  Дағдарыстың «ызғарына» бүрсеңдеп жүргенде, коронавирус деген індеттің «аязы қарып» онсыз да «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған қарапайым жұрттың берекесін қашырғанын қарасай. Жұт жеті ағайынды деген бабалар неткен көреген еді.
«Жүре берсең көре бересің» дегендей, қазірдің өзінде билік бишігін ұстап отырған шенділер арасында небір «Нострадамус», «Вангалар» пайда болды. Олар  «Коронавирустің екінші толқыны» келе жатыр деп байбалам салуда.  Халық аң-таң. Ауру айтып келмейді ғой. Шекараны нығыздап, шетел асып қаңғыратындарды «ауыздықтап» тастаса жетіп жатқан жоқ па! Осылай қорғанып, еліне шаң жуытпай отырғандар бізге неге үлгі емес?
Бірді айтып, бірге кетіп бердік-ау!  Жә, жетер!

 

ҚАТЕЛІКТІ МОЙЫНДАУДЫҢ ӨЗІ  – ЕРЛІК!

Сонымен биылғы Жолдау қоғамдағы проблемаларды дөп баса алды ма?  Президент «басқару жүйесі жаңа бағыт алу керек» деді, осы ретте Қазақстан әрі қарай қандай жолмен жүруі  керек? «Еститін Үкімет» халықтың сөзіне құлақ түріп жатыр ма? Елімізде құрылатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінен ұтарымыз не? Шетелдік компанияларға қандай талап қою керек? Зейнетақы қорындағы жинақ ақшаны алуға құқылы 700 мың адам кім? Ауыл әкімдерін халық өзі сайлаған күннің өзінде ол билік пен бұқара арасындағы кедергіні жоя ала ма?

Осы тектес сұрақтар мазалай беретіні рас. Алайда  ана ретінде бұл жолғы жолдауда маған қатты ұнағаны “Аңсаған сәби” арнаулы бағдарламасы. Бұл бағдарлама қаншама отбасыға қуаныш сыйламақ. Қаншама жүрекке жұбаныш әкелмек. Тіпті әріге кетсек, еліміздегі демографияға тасқындай болмаса да, ағынды судай әсері тимек. Шариғи тұрғыдан қарасақ,  игі іске мұрындық болған Президент Тоқаевқа да сансыз сауаптар жазылмақ.
Мен білетін мәліметте ЭКО бағдарламасы елімізде 2010 жылдан бастап медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне қосылған. Бүгінде елімізде 26 ЭКО орталық жұмыс істейді. Оның 21-і жекеменшік саналады. Қазіргі уақытта осы әдіспен 22 мыңнан астам бала дүниеге келіпті. Денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша елімізде 9 мың 467 әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр.
Қаржылық жағдайы жоқ қаншама отбасы жылап жүр. Сондай уақытта Президент жолдауынан “үміт шуағы” шашырап кеткені жақсылық нышаны деп ойлаймын. Келесі жылы іске қосылатын «Аңсаған сәби» бағдарламасына жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы бала сүюге үмітті кез келген жұптар қатыса алады екен. Бұдан артық анаға қуаныш бар ма.  Тәубә,  тәубә,  тәубә!

Жолдаудағы елді елең еткізген жаңалықтың бірі –  Президент Тоқаевтың қашықтан оқыту кезінде Үкіметтің жіберген қателігін мойындауы. Осының өзі елдегі демократияның жаңа белеске көтеріліп келе жатқанына бір дәлел!  Бұған дейін мұндай кемшілікті мойындамақ түгілі, есту арман еді ғой…
«Коронавирус індетінің салдарынан дүниежүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертуде. Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн платформа жоқ.  Осы қиын күндерде мектептерде білім берудің бірыңғай онлайн форматын жасақтай алмады… Осы тапсырманы жеделдетіп жүзеге асыруды тапсырамын!», – деді Мемлекет басшысы. Міне,  бұл халықтың көкейінде жүрген көрікті ой еді. Өйткені білім мен ғылымнан ажыраған мемлекеттің болашағы бұлыңғыр, ұлт болып қалыптасуы күмәнді.
Жаңа дәуір, жаңа технология. Олай болса мектепке деген көзқарас  та тұтастай өзгеруі керек. Білімді, білікті ұстаз – білікті  басшы керек. Өкінішке қарай, бізде екеуі де әлсіз. Екеуі де дәрменсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  жолдауы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі»деп аталуы тегін емес болар. Демек бізге, жаңашыл басшы, тың бастамаға құмар ұстаздар керек.
«Ауруды өлім әшкерелейді» дегендей  оқу-білім саласының қандай  жағдайда екенін пандемия көрсетіп берді. (өзге салалардың да жетісіп тұрғаны шамалы).  Мектептегі оқуды, білімді жөндеу үшін,сарыла білім беру үшін мұғалімдер сапасы жөнделу керек. Мектепті бар қылу да, жоқ қылу да ұстаздардың қолында.  Ендеше Президент жолдауына неге қолдау көрсетпеске?
Қысқасы, білім беруді ұйымдастыруды түбегейлі өзгертіп, мұғалім өзін біреудің қол астындағы жұмысшы сезімінен арылып, тұлғалық қасиеті қалыптаспай, мәртебесінің биіктеуіне заң да, басқа да көмектесе алмайды.
Жолдауды асықпай саралаған адамға  дағдарыстан кейінгі атқарылатын даму мақсаттары айқын көрініп тұр.
Мысалы білімге қатысты қандай тамаша тұжырымдар айтылды.  Дәрігерлердің, мұғалімдердің жалақысын арттыру, білім-ғылымға көбірек қаржы салу, кәсіп ашушыларға көмек беру,  кредитті оңды-солды беруді тоқтату жайлы толғамдар кез келген  саналы адамға ой салады.
Жолдауының басында Президент елдегі мемлекеттік бағдарламалар мен шенеуніктер санына тоқталды. Ол елдің көлемді емес, халық түсінетін ықшам мемлекеттік бағдарламаларға көшу керегін ескертті. Сонымен қатар, шенеуніктер санын 25 пайызға қысқартуды тапсырды.
«Мемлекеттік қызметтің жүйесін қайта қарау керек. Пандемия мен мемлекеттік органдағы көптеген қызметкерді қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыру мемаппаратты қысқарту керек екенін көрсетті. Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік секторын қысқарту мерзімін жылдамдатуды тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайызға қысқарту қажет. Келесі жылы тағы 15 пайызға қысқарту керек. Осылайша, шенеуніктерді 25 пайызға қысқарту тапсырмасын 2021 жылы шешіп боламыз. Нәтиже мен цифрландыруға байланысты тағы да қысқарту мәселесін қараймыз», – деді ол.
Бұл әңгіме жайдан жай айтыла салмағаны анық. Тереңірек үңілсек,  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сынаған мемқызметкерлердің әсіресе жауапты хатшылардың бір айлығы – 830 мың теңге көрінеді.  Ал сол жауапты хатшылар институты еліміздегі 15 министрлікте жұмыс істейді. Қаншама қырғын ақша!  Біреулер жылдап әрең табатын қаржыны, бәзбіреулер айына қалтасына басады екен. Бұдан асқан әділетсіздік бола ма?
«Министрліктегі жауапты хатшының жалақысы бүгінде орташа есеппен 685 мың теңгені құрайды. Жалпы, еңбекақы әркімде әртүрлі, еңбек өтіліне байланысты 815-830 мың теңгеге дейін барады. Бүгінде мемлекет басшысының берген тапсырмасы күн тәртібінде тұр. Жақын күндері нақты шешім шығарылады, – деді ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

 

ҚЫСҚАРТУ ҚАЙШЫСЫНА КІМ ЛАЙЫҚ?

НЕМЕСЕ  «БАҚЫТТЫ» 700 САЛЫМШЫ КІМДЕР?

Жә, делік. Бастама жақсы, алайда күні ертең қысқартудың қайшысына ілдебайлап күнін әрең көріп жүрген бейбақтар ілініп кетсе обалы кімге?  Қысқарт десе байғұс мамандарды қысқарта бастайды қашанда. Егер жолдау мәнін жақсы түйсінген  басшы алдымен  орынбасарлары мен көмекшілерін, кеңесшілерін қысқартуы керек! Олай етпеген күнде басшының өзін жауапқа тарту тетігін іске қосқан дұрыс.  Тіпті мұны қатаң тексеріп отыратын арнайы комиссия құрылса, жолдаудың да жоны күдірейіп шыға келер еді. Жолдауға деген елдің де сенімі күшейе түсері даусыз!

Президент министрліктердегі 15 жауапты хатшыны жұмыстан қысқартты делік. Соның өзінде министрліктерде 73 орынбасар бар екен ұмытпайық. Орынбасарлардың көптігі еңбек өнімділігін арттырып отыр ма? Мәселе осыған тіреліп тұр. «Бір қызметшіге 3 бастық.» Оны бөлек жазармыз..

Тұрғындар үшін жолдаудағы маңызды тапсырмалардың бірі – зейнетақыға қатысты. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, келер жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Бұған құлағы елең етпеген ағайын жоқ. Енді қайтсін, жиған-тергені бір жыртығын жамап жатса жаман ба?
Әйтседе «аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмастың» кебі келіп тұр. Өйткені талап өте қатаң.
Егер  Бірыңғай жинақтаушы қордан қомақты ақша алғыңыз келсе, төмендегі сомалардан бөлек қаржыңыз болуы тиіс.
Жас мөлшері бойынша айтсақ 20 жастан басталады. Бұл жастағылар 35 жасқа дейін  2 млн 518 мың теңге құюы керек зейнетақы қорына. Жас маманның осы аралықта осынша қаржыны жинауы мүмкін бе? Ол үшін жалақысы 250-300 мыңның төңірегінде болуы тиіс. Бұл абсурд.
Ары қарай кеттік: – 35 жас үшін – 2 млн 961 мың теңге;
– 40 жас үшін – 3 млн 437 мың теңге;
– 45 жас үшін – 3 млн 947 мың теңге;
– 50 жас үшін – 4 млн 495 мың теңге;
– 55 жас үшін – 5 млн 084 мың теңге;
– 59 және одан үлкен жас үшін – 5 млн 586 мың теңге.
Бұлар жинақталған соманың «жеткіліктілік шегі». Осыдан асқан соманы еркін пайдалана алады. Осы «шекті» сомаларға қол жеткізу табысы ел бойынша орташа айлық жалақы деңгейінде болатын тұрақты жұмыс істейтін азаматтар үшін қолжетімді. Сондай-ақ бұл азаматтарды табысты ашып, жарналарды толық аударуға да ынталандырады деген сөздер айтылуда.
Президент Тоқаевтың пайымдауынша, бұл реформа тұрғындарға зейнетақы жинағына ақша салуға стимул болмақ.
Иә, кім зейнет жасында шалқып жүргенді қаламайды дейсің. Алайда Президенттің жолдауындағы бұл  тапсырма қарапайым халықтың түсінде ғана көретін қиял-ғажайыбына көбірек ұқсап кетті. Ал  700 мың бақытты салымшы кім? Олардың кімдер екені айтпаса да түсінікті. Тағы  да бай-бағыландар. Ұлттық компанияда, мұндайда  жұмыс жасағандар немесе  депутаттар.  Жоғары айлығы бар шенеуніктер.  Оларға үй мен машина қат емес…
Шын қиналып жүрген адамдар тағы да тасада қалып қойған жоқ па?… «Еститін Үкімет» халық атынан сөйлеп жатқанымызды ескерер деген ойдамыз.
Айтпақшы, әлеуметтік желіге Серік Әбдіжәми деген азамат былай деп жазыпты. «Тоқаевтың жолдауын мақтап, мадақтап жатқан замандастарым бар. Мен осы жолдаудың бір ғана тақырыбына ғана тоқталайын. Осы жолдауда жағдайы төмен, қаржыға мұқтаж жандарға зейнетақы қорынан ақша алуға болады деді. Мақсаты халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру. Мен отбасылық қажеттілікке орай сәуірдің 29 күні 460 000 теңге несие алдым. Арада төрт ай уақыт өтті. Ай сайын 20 мың теңге төледім, бірақ бүгінгі күннің есебімен мен банкке әлі де 455 000 теңге қарызбын, яғни мен ай сайын 1000 (бір мың) теңгеден төлеп отырыппын, сонда қалған 19 000 теңге кімнің қалтасына кетіп жатыр?
Тоқаев мырза, халықтың әлеуметтік жағдайын расымен көтергіңіз келсе, банктің шаруасын реттеңіз. Әйтпесе, бұл жолдауыңыздың да құны халық үшін көк тиын болмақ».
Әлімсақтан әділетті қоғамда ел басқару тетігі халық қолдауымен жүзеге асып келген.. Партиялардың болмаса  құзырлы биліктің басшы сайлауы көп жағдайда халықтың қарсылығына тап болады. Өйткені халық сайламаған әкім-қараның халық алдындағы беделі жоқ. Оған қаншама рет көзіміз жетті. Президент жолдауында осы шетін мәселенің көбесі сөгілгені құптауға тұрарлық.
«Жалпы алдағы саяси реформалар халықтың басқару жүйесіне белсене араласуына бағытталуы тиіс. Қазіргі сауалнамалар көрсетіп отырғандай, қоғам ауыл әкімдерінің сайланғанын қалайды», – деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Осы орайда президент ауыл әкімдерін сайлау жүйесін толығымен зерделеп шығу қажеттігін жеткізді. Бірақ бұл бастаманы кейінге қалдыруға болмайтынын да ескертті.
«Бұл – маңызды қадам. Оған жан-жақты дайындалу қажет және біртіндеп іске асыру керек. Біз осы жүйенің қалай жұмыс істейтінін анық білуіміз керек. Алайда бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауыл әкімінің құзіреті аяқталады. Меніңше, ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу керек», – деп түйіндеді мемлекет басшысы.
Бірден айтайық ауыл әкімін сайлауда да түрлі кедергілердің алдымыздан шығуы мүмкін. Оның бірі – рушылдық дерті. Әркім өзіне тартатын жаман әдет.  Мұны қалай жоямыз? Тек әділ сайлау мен талапшыл халық қана мұны жеңе алады. Осы жағына халық дайын ба? Мәселе сонда болып тұр ғой.

ӘКІМДЕРДІ САЙЛАУ – ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫНДАУДЫҢ ТӨТЕ ЖОЛЫ

Сосын әкімдерді сайлау – билікті халыққа жақындатудың бір жолы. Билікке деген сенімді  нығайтар жол.   Ауыл әкімдерін сайлау идеясын Назарбаев та ұсынған бір заманда. Бірақ одан  нәтиже шықпады…
Сөйте тұра Президент  Тоқаев бұл мәселеге қайта айналып соғып отыр. Және де  «Ауыл әкімдері сайлауын өткізу  керек» деді нық сеніммен, әйтседе  бұл шешімді әлі де келісуі қажет-ау.
Бір жағынан, кей мәлімдемесімен қоғамға да ұнауы керек. Сондай-ақ, бұл үшін нақты саяси ерік-жігер керек секілді.
Жолдауда ел ішіне қаңқудай тараған «Жер қытайға сатылып жатыр» деген дақпыртқа да нүкте қойылды.  «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді,  бірақ үкімет қажетті дәрежеде ауыл шаруашылығы жерлерін экономикалық айналымға толық енгізуі тиіс, аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет» деді. Тоқаев сонымен бірге жергілікті және орталық атқару органдары нақты шара қабылдап, аграрлық салаға ауыл шаруашылығы мамандары мен ғалымдарды тартуы қажет деп атап өтті. Демек алаңдауға еш негіз жоқ.  Егер Президент халықты алдап жатса, һақ алдында бәрі үшін жауап беретінін есіне саламыз.
2016 жылы Қазақстанда ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы өзгерістерге халық жаппай наразы болған соң билік бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі келесі жылы аяқталатынын еске сала кетейік.
Осындайда Жүсіп Баласұғын бабамыздың: «Бектің міндеті- халыққа құт-береке келтіру, кедейді бай ету, әділ заң орнату, халық санын көбейту»  дегені ойға оралады.
Қазақтың ұлан-байтақ даласы кімдерге пана болмаған? Алайда қарапайым халық ұлтарақтай жерге зәру болып жүргенде, кейбір пысықайлар – Латифундистер қазақ даласына қазық қағып, атасынан қалған мұрадай иеленіп алыпты.  Президент жолдауында бұл мәселе ашық айтылды.
Президент «Латифундистерден, ірі жер иеленушілерден пайдаланбай жатқан жерді қайтарып алатын кез келгенін» тағы  тілге тиек етті.  Тағы деуге себеп бар.  Патшаның әмірі екі болмаса керек-ті.  Өйткені Президент былтырғы алғашқы жолдауында жерді пайдаланбайтын латифундистерден оны қайтарып алу туралы тапсырма берген болатын.  Сол жолы «Бұл өте маңызды тапсырма. Қызыл сөз үшін айтылған жоқ. Адал, еңбекқор шаруалар еш жерде жұмыс істей алмайтын, мал жая алмайтын күнге жетті. Менің тапсырмам бойынша жұмыстар өте баяу жүріп жатыр. Бұл жағдайға мүдделі адамдардың қысымына ұшырап, істі тоқтатып қойған сияқты», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қара халықтың зар-мұңына пысқырып қарамайтын латифундистер, Президенттің өзіне бағынғысы келмей ме қалай? Егер бұлай жалғаса берсе, ел ішінде билікке деген сенімге сызат түсіп,  «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» демесіне кім кепіл!
Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз», – деген екен. Дәл осы сөз бүгінгі билік басындағыларға қарап айтылғандай көрінеді маған.

 

«ЕСТИТІН ҮКІМЕТ» ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫН ЕСТІГІСІ КЕЛМЕЙ МЕ?

ТҮЙІН:  Былтыр шілде айында Үкіметтің кеңейтілген отырысын алғаш рет өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет «еститін мемлекетке» айналуы тиіс» деген болатын. Яғни халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде естіп, кері байланыс орнату қажеттігін еске салған. «Шенеуніктердің әлеуметтік желіде белсенді болуы – интернет дәуірінде – міндет» деген еді мемлекет басшысы.
Өкінішке орай Президенттің бұл тапсырмасы да ойдағыдай орындалып жатыр деу қиын. Оған дәлелім бар.
Иә, жолдаудан әркім өзіне керегін іздейді. Елге жақсылық болғанын қалайды.  Өз басым «Qazaqstan dauiri» газетінің ұйымдастыруымен барша қазақ БАҚ басшылары қолдаған бүгінгі қазақ баспасөзінің мүшкіл халі туралы, карантин кезіндегі олардың  хал-ахуалы жайлы Президентке жолданған Ашық хат пен Қазыбек Исаның 100 мыңдаған адамның қолы қойылған мемлекеттік тілге қатысты үндеуіне жауап күтіп едім, ол жайлы айтылмады. Яғни, «Еститін үкімет» біздің жанайқайымызды естімеген. Естісе де Президентке жеткізбеген.
Егер қазақ баспасөзі мен қасиетті қазақ тілінің бүгінгі жағдайы биік мінберден айтылып жатса, жергілікті халық үшін үлкен жеңіс еді. Ел ертеңі үшін алаңдаған зиялы қауым мен қалың жұрттың талап-тілегі  Президент жолдауында ескерілмегені көңілге кірбің түсіргенін жасырғаным жарамас.
Ұнжырғасы түсіп мұңаятын біз емес. Елдік мүдде жолындағы күресіміз тоқтамайды. Президент Тоқаев мырзаның атына бұл хаттарды қайтара жолдайтын боламыз. Және, әділ қолдауға ие болатынымызға бек сенімдіміз
Тоқаев былтырғы жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген еді. Биылғы жолдауда мемлекеттік тіл туралы жақ ашпады.  Әлде қазақ тілі шынымен ұлтаралық тілге айналып кетті ме?
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, қазақ тіл білімінің атасы, қазақ әліпбиінің негізін салған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бүгінгі ұрпағының сұрқын көрсе не дер еді, ә?
Аздаған өкпе-ренішті жиыстырып қойсақ, Мемлекет басшысының Халыққа жолдауын күттірмейтін істер бағдарламасы деп бағалауға болады. Меніңше әрбір Қазақстан азаматы осы үндеуден өзін мазалаған, көкейінде жүрген сұрақтарға нақты және түсінікті тілде жауап тапты деген ойдамын. Рас, көтерілген мәселердің бірталайы алдыңғы кезеңдерде де талай айтылды. Бірақ көбіне құрғақ сөзден ары кете қоймады. Бұл жолы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік орындардың жауапкершілігі мен ашықтығын қамтамасыз ететін нақты тетіктерді енгізді. Сондай-ақ экономика, әлеуметтік сала, кәсіпкерлік, басқа да бағыттарда жаңа міндеттерді жариялап қана қоймай, оған жетудің айқын қадамдарын ұсынды. Жолдауды дайындау барысында Президент-реформатордың командасы елдегі шынайы ахуалды ұғынып ұтымды жаңа шешімдерді қабылдау тұрғысында үлкен жұмыс атқарғаны көрініп тұр. Енді ең маңыздысы Жолдау науқаншылдыққа айналмай, кешенді де ауқымды істердің басы болғаны. Әлбетте, бірінші кезекте бұл биліктің жауапкершілігін алға тартады. Сонымен қатар Азаматтық қоғам да қолда бар хұқықтар мен мүмкіндіктер аясында белсенділік танытқаны, реформаның қозғаушы күшіне айналуы қажет. Онсыз ең керемет деген бастаманың өзі діттеген мақсатына жете алмайтыны анық.
Ел аралап жүріп «Жолдаудан жолдауға дейін аман-есен жетейік» деген кекесін аралас батаны да естігенбіз. Олай болса алдағы уақытта «Жолдаудан жолдауға дейін игі істердің жүзеге асқанын көрейік»  деген жылы лебізге куә болайық.
Бұл мақалада Президент жолдауын асықпай оқып шығып  көңіліме келген ойларды  бүкпесіз оқырманға ұсынуды жөн көрдім. Бәлкім, билік оқыр, бәлкім, оқымас, менікі ұрпақ үшін.  Келер ұрпақ «Бізге дейінгі ата-бабамыз  үнемі билікті қолдап бастарын шұлғи бермепті, сыни пікірлерін ашық айтыпты. Деморатияның жарқын көрінісі осыдан байқалады» дегенді есту ғана.

 

Сәуле Мешітбайқызы