Жауынгер – әкім қабылдауында

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев бейтаныс жанды ажалдан құтқарған ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, аға сержант Асқар Нұрғалиевті қабылдады.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлағандай, облыс әкімі аға сержант А.Нұрғалиевке көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін алғыс білдірді.

 

 

– Сіз өзіңізге қауіп төніп тұрса да, батылдықтың үлгісін көрсетіп, адам өмірін құтқарып қалдыңыз. Бұл сіздің белсенді азаматтық ұстанымыңызды көрсетеді әрі елжандылық қасиетіңіз бен ата-анаңыздың тәрбиесі деп білемін. Мұны өзіңіз ерлік деп есептемесеңіз де, бұған кез келген адамның батылы жетпес еді. Өсіп келе жатқан ұлдарыңыз да сіз секілді елге, қоғамға адал қызмет етсін. Осындай азаматтарымыз барда еліміз аман, жұртымыз тыныш болады деп санаймын. Қызметіңізге сәттілік тілеймін. Командирлеріңізге де алғысым зор, – деді Ғали Нәжімеденұлы.

Өз кезегінде Асқар Темірболатұлы: – Мен сол сәтте ештеңе ойлаған жоқпын. Бар ойым әйел адамды құтқару керек. Оны қатты ағыспен арпалысып жағаға шығардым. Жағадан полиция және медицина қызметкерлері күтіп алды. Менің орнымда болса, басқалар да осылай жасаған болар еді. Әскери қызметтегі бес жылымда мұндай жағдай бірінші рет кездесті, – деді.

Облыс әкімі әскери қызметкерге алғысхат пен бағалы сыйлық табыстады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы