ЖАҢА БАСШЫНЫҢ-ЖАҢАША БАҒЫТЫ

Жан дауа қысталаң кезеңде демеу болып, аудан тұрғындарының қасынан табылатын Сарысу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерінің де құқықтық тәртіп пен қоғамның қауіпсіздігі үшін тәулігіне 24 сағат қалтқысыз қызмет атқарып, арыз-өтініштерін қанағаттандырып, алғыстарына бөленіп жүрген жайы бар. Күнделікті атқаратын жұмыстарының қиындығына қарамастан, полицейлердің табандылығы, төзімділігі, қырағылығы, қарапайымдылығы, өз істеріне деген сүйіспеншілігі кімді де болса қайран қалдыратыны анық.
Жалпы,қызыл жағалыларға қатысты бала күннен қалыптасқан бір көзқарас бар. Полиция біткеннің бәрі дойыр, дөкір, дөрекі, дарақы болатын сияқты. Біздің санамызда сондай ой қалыптасқан. Ал жол сақшыларын, тіпті, қарақшының деңгейіне дейін түсіріп жіберетініміз бар. Ондайда өзіміздің жол ережесін сақтамайтынымызды есепке алмайтынымыз өкінішті. Айыптауға жүйрік ағайын ешқашан өзін полиция қызметкерінің орнына қойып көргісі келмейді. Ал шындасақ, от пен оқтың ортасында жүретін ішкі істер органы қызметкерлерінің жұмысын екінің бірі атқара алмайтыны айдан анық.
Полиция қызметі қай кезде де оңай болмаған. Отанның тұтастығы мен халықтың тыныштығы ішкі істер қызметкерлерінің қолында. Осы аса маңызды да қастерлі міндет олардан қашанда тап-тұйнақтай жинақылықты, темірдей тәртіпті, сақадай сай дайындықты талап етеді.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Сүлейменов Жанат Қуанышұлының тарапынан да полиция бөлімінің қызметкерлеріне қойылған талап күшті.
Қоғамда билік пен халық арасында ашық диалог орнауы қажет.
Бұл ел дамуының өзегі болмақ. Президент заман талабына сай мемлекет құру үшін алдымен азаматтардың барлық өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру қажеттігін алға тартты.
Халықпен тиімді кері байланыс орнату. Ал қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару, ең алдымен, мемлекеттік органдардың міндеті екендігі айқын.
Міне, осы айтылған міндеттерді өз бағыты етіп ұстанған азамат жайлы аз-кем айтып өтсек.
Жақында ғана ауданымыздағы полиция бөліміне жаңа басшы келді. Есімі-Асхат Аманқұлұлы Алметов.
Көпшілігімізде күні-түні қызмет бабымен жүретін полиция қызметкерлерінің отбасына, бала тәрбиесіне қарауға уақыты болмайды деген пікір қалыптасқаны жасырын емес.
«Бірақ, мұндай пікірдің Асхат Аманқұлұлына қатысы жоқ» дейді оны білетіндер. Бос уақытын үнемі бала-шағасына арнайтын қамқор Асхат көпбалалы әке екен. Мақтаулы қызметкер жайлы біздің де көбірек білгіміз келді.
Бала күнінен спортқа құмар, шымыр денелі жігіт Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге алынғанда да еш қиналмағанын айтады. «Спортқа деген қызығушылығым маған көп септігін тигізді. Көптеген қатарластарым әскерден бас сауғалап, қиындыққа шыдамай жатқанда мен азаматтық борышымды абыроймен атқарып, ауылға қайта оралдым» дейді ол.
Шымыр да батыл жігіт ішкі істер органдарына да қажет еді. Осылайша жоғары білім алып, қызметке орналасады.
Білім мен біліктілік алдына тұрақты мақсат қоя білетін азаматты тек қана алға жетелеп, басшылық қызметке дейін жеткізеді.
Әріптестеріне үнемі үлгі-өнеге көрсетіп жүретін бүгінде полиция подполковнигі Асхат Алметов «жас полицейлер ең алдымен өз ісіне адал болса деймін. Кәсібіне кір келтірмеу үшін адалдық керек. Халыққа қамқор бола білсе, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста болса, «полиция – қорғаның!» деген сөзге жұрт сенер еді» дейді.
Ал, Жамбыл облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі 2019 жылдың 26 желтоқсаны күні инстаграм парақшасында: -Полиция подполковнигінің есімі Құрмет тақтасына таңбаланды. Биыл Жамбыл облысына 80 жыл толуына орай өңірде 80 нысан ел игілігіне берілді. Соның бірі — Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешені аумағында ашылған «Даңқты спортшылар алаңы». Аталған нысан әр жылдары спорт сайыстарында ел мәртебесін көтеріп, мерейін асырған спортшылардың құрметіне арнайы орнатылған. Алаңға қойылған Құрмет тақтасында Жамбыл өңірінен шыққан 145 даңқты спортшы мен еңбегі сіңген 96 жаттықтырушының есімі жазылған. Құрмет тақтасында есімі ерекшеленген Жақсылық Үшкемпіров, Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Бейбіт Ыстыбаев, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметов сынды спорт саңлақтарының қатарында Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Асхат Алметовтің де есімі белгіленді. Оның себебі, Асхат Аманқұлұлы сонау бала кезден спорттың кикбоксинг, қоян-қолтық күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатында, Халықаралық турнирлерде, Әлем чемпионаттарында өнер көрсетіп бірнеше дүркін жеңімпаз атанған. Әлемдік додаларда облыстың ғана емес, ел абыройын асқақтатқан спортшы. Ол қоян-қолтық күрестен спорт шебері болса, кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Тақтада көрсетілгендей ең үлкен жетістіктерінің бірі – 2003 жылы Афиныда өткен әлем чемпионатында кикбоксингтен қола жүлдегер атануы еді. Бұдан кейін спорттық жолын ішкі істер органдарындағы қызметіне ауыстырып, халық тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Алаңның салтанатты ашылуы кезінде ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова есімі жазылған бірқатар спортшыларға арнайы куәлік табыс етті. «Осындай мерейлі мерекеде спорт саласындағы аздаған болса да еңбегімізді бағалап, Құрмет тақтасына жазуы, арнайы куәлікке ие болу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – тарихқа таңбалап, белгілегенмен бірдей. Енді келер ұрпақ біз секілді спортшылар болғанын осы тақта арқылы біліп жүретін болады», — дейді зор ризашылықпен полиция подполковнигі А.Алметов,-деп жазады.
Бұл ел мақтаған азаматтың біздің аудандағы сақтық жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізетініне сенім артамыз.
Мұның барлығын не үшін айтып отырмыз аудандық полиция бөліміне жаңадан келген басшының адами, кәсіби қарым,қабілетін көпке таныстыру мақсатында кеңінен тоқталудамыз.
Бір ауыз сөзбен айтсақ, өзгеретін адам өзгереді. Ал, ішкі сарайы кең, өмірде түйгені мол, парасатты адам үшін қызмет, мансап дегендеріңіз кәдімгі өзі атқаруға тиіс жұмыс қана.
«Қызмет қолдың кірі» деген де сөз бар емес пе? Қысқаша айтқанда, бәрі адамның өзіне байланысты.
Бұл арада алдымен билікте жүрген кез-келген тұлға адам мүддесін бірінші кезекке қоюға тиіс. Сондай-ақ, неғұрлым халыққа жақын болуы керек.
Күнделікті жұмыстардың нәтижесінде көптеген құқық бұзушылықтар анықталуда, бұл – ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жүргізіліп жатқан ісшаралар. Аталған бағыттағы жұмыстар Полиция департаменті басшылығының ұдайы бақылауында дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Алметов. Алғашқы қадамдарын елмен бірге бастап, халықтың үніне құлақ асудан бастап жатқан жаңа басшының жұмысына сәттілік тілеп, болашағынан мол үміт күтеміз. Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы