Жамбыл облысының әкімі еліміздегі ең қарт ананы құттықтап барды

Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Күлбәрәм әжені арнайы құттықтап барды. Әжейге алқызыл раушан гүлдерін ұсынып, сый-сияпатын табыс етті.

— Бәрімізде өзіңіздей әжейдің тәлім-тәрбиесін алып өстік. Атасы мен әжесі аялап өсірген ұл текті болып ер жететініне, ал қыз бала қазаққа тән ибалылықты бойына сіңіріп өсетініне анық қағида. Біз сізді жақсы білеміз, ұзақ жылдар бойы қызылша алқабында еңбек еттіңіз. Жас күніңізде бейнет кешіп, қазір зейнетін көріп отырсыз. Сол еңбектің арқасында осынша жасқа келдіңіз. Ұл-қыздарыңыздан немере, шөбере, шөпшек сүйіп отырған бақытты әжесіз. Төл мерекеңізбен құттықтау үшін арнайы келдім. Отбасыңыз аман, денсаулығыңыз мықты болсын», – деген аймақ басшысы әжеймен емен-жарқын әңгімелесті.

Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы ғасырдан асқан кейуананың өмірбаянын тілге тиек етті.

Жастайынан қызылша алқабында жұмыс істеген қария бейнеттің бел ортасында жүрді. «Дарақ бір жерден көгереді» дегендей, осы салада ұзақ жылдар бойы тер төгіп, құрметті зейнетке шықты. Ақ жаулықты ана ел игілігіне бағытталған еңбекпен қатар отбасы құндылықтарына да көңіл бөлуді ұмытпады. Құдай қосқан қосағы екеуі екі қыз тәрбиелесе олардың қатары бүгінде 8 немере мен 15 шөбереге жетіп отыр.

Қуанышқа бөленген Күлбәрәм әжей арнайы басшыларға аналық алғысын айтып, ақ батасын берді.

Айта кету керек, Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылының тұрғыны Күлбарам Сүгірова тек облыс қана емес, еліміздегі ең қария ана.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі