Жаңбырлатып суару әдісінің пайдасы

Соңғы жылдары ауданымызда жаңа технологияны тиімді пайдаланып, өнім көлемін арттырып жүрген шаруалар қатары артып келеді.
Бұрын шаруалар көктемгі жаңбыр суынан кейін бір рет қана өнім алатын болса, қазіргі технология бойынша жаңбырлатып және тамшылатып суару әдістерін қолдану арқылы бір жылда екі-үш рет өнім алуға қол жеткізіп отыр. Әсіресе, жаңбырлатып суару әдісінің арқасында бұрын игерілмей бос жатқан жерлер айналымға қосылуда.
Солардың бірі – Ботамойнақ ауылдық округінде орналасқан «Шарипов Т» шаруа қожалығы. Аталған бүгінде егіс алқаптарына заманауи құрылғылар орнатып, жаңбырлатып және тамшылатып суару әдістеріне көшуде.
Апта соңында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, орынбасары Болат Сағынбеков шаруа қауымның көктемгі егістік жұмыстарының барысымен танысып қайтты.
Қожалық төрағасы өздеріне тиесілі 240 гектар жерге Түркиядан әкелінген арнайы техника арқылы жаңбырлатып суарып жатқандықтарын айтады.
Мамандардың айтуынша, жаңбырлатып суару технологиясы арқылы дақыл түріне қарай өнімділік 2-4 есеге дейін артады. Әрі суды екі-үш есеге дейін үнемдейді. Жаңбырлатып суарудың тиімділігін түсінген шаруалардың қатары да күн санап көбейіп келеді.
Сондай-ақ, осы әдісті пайдалана отырып, диқандар жазық жерде тек мал азығы дақылдарын ғана емес, жаңа технологияның көмегімен көкөніс, бақша дақылдарын да өсіре алады.
Бұл халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына да зор серпін береді.
Айта кетейік, аудан бойынша ағымдағы жылы 2150 гектар алқапқа қант қызылшасын егу жоспарланса, соның 1000 гектарына жаңбырлатып, 300 гектарына тамшылатып суару технологиясы енгізіледі деп жоспарлануда.

Байзақ ауданы әкімдігі