«Зейнатақы өседі өседі» деп жатыр…

Елбасы Н.Назарбаевтың берген тапсырмасына сәйкес, биыл зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға көбейгені белгілі. Осылайша мемлекет әлеуметтік міндеттемелер бойынша тиісті шараларды толық орындап отыр. Бұл туралы 6 қараша күні Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi Светлана Жақыпова БАҚ алдындамүшелеп айтып берді.

-Қазіргі таңда елiмiзде орташа зейнетақы көлемi 56 мың теңгенi құрайды. Ал базалық зейнетақы көлемi өзгергеннен кейiн орташа зейнетақы мөлшерi 71 мың теңгеге жетедi.Бұл 35-40 жыл еңбек өтiлi бола тұра, төмен зейнетақы алатындар үшiн әлеуметтiк әдiлдiк орнатады,-деді Светлана ханым. Сондай-ақ:

-Қазақстанда зейнетақы жүйесi үш деңгейден тұрады, бiрiншi деңгей – барлығына бiрдей мөлшерде төленетiн базалық зейнетақы, оның көлемi 14 мың 466 теңгенi құрайды. Екiншi деңгей – ынтымақты зейнетақы, ол еңбек өтiлiне байланысты төленедi. Оны толық көлемде алу үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн әйелдерде 20 жыл, ер адамдарда 25 жыл еңбек өтiлi болуы тиiс. Үшiншi деңгей – 10 пайыздық зейнетақы жарналары есебiнен төленетiн зейнетақы жинақтау жүйесi. Бұл жарналарды Қазақстан азаматтары 1998 жылғы 1 қаңтардан Жинақтаушы зейнетақы қорына аудара бастаған, — дедi вице-министр.

Бүгінгі ақпараттың бастысы 2018 жылдың 1-шi шiлдесiнен бастап базалық зейнетақы жүйесiне өзгерiстер енгiзiледi. Қазіргі кезде базалық зейнетақы бәрiне бiрдей төленсе, ендi базалық зейнетақы төлемi еңбек өтiлiне байланысты тағайындалады.

-Яғни, келесi жылдан бастап бiз еңбек өтiлiн санаймыз. 1998 жылға дейiн жиналған еңбек өтiлi мен 1998 жылдың 1-шi қаңтарынан кейiн зейнетақы жүйесiне зейнетақы жарналары аударылған кезеңдер есептеледi. Осы екеуiн қосып, жиынтық еңбек өтiлiн шығарамыз. Еңбек өтiлi көп азамат сәйкесiнше жоғары зейнетақы алады»,-дейдi Светлана Жақыпова.

Вице-министрдiң мәлiметiнше, базалық зейнетақы төлемiн арттыруға республикалық бюджеттен 128 млрд теңге қарастырылған. Қазiргi зейнеткерлердiң зейнетақысы жүйеде бар құжаттары негiзiнде автоматты түрде қайта есептеледi. Сондықтан, зейнеткерлерге мемлекеттiк органға келiп, өтiнiш жазып, қайта құжат әкелудiң еш қажетi жоқ.

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігінің баспасөз орталығы бұған дейін де,Светлана Жақыпованың осы жұмыстар төңірегіндегі мәліметтерін таратқан болатын.Министрлік таратқан ресми ақпаратта:

 «2018 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ынтымақты зейнетақы көлемі (еңбектік) 8%, базалық зейнетақы, басқа да жәрдемақы түрлері сияқты 6%-ға өседі.Сонымен бірге, базалық зейнетақыны тағайындаудың әдісі өзгереді. Мәселен, бүгінде базалық зейнетақы төлемдері еңбек өтілі есепке алынбай барлығына бірдей беріліп келсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап еңбек өтіліне қарай есептеліп бөлінеді»-делінген.

Светлана Жақыпованың айтуынша, жинақтаушы зейнетақы қорына жиналған зейнетақы жарнасын ескере отырып, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі де, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі де еңбек өтілі есепке алынады.

-Мысал үшін, егер азамат келер жылы зейнеткерлікке шығады делік. Оның 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі ынтымақты зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілі 20 жыл болып, 15 жыл бойы зейнетақы жинақтау қорына үзіліссіз зейнетақы жарнасын төлеп келді. Осылайша, оның жиынтық еңбек өтілі 35 жылға тең болады. Жаңа жүйе әдісіне сай, егер еңбек өтілі 10 жылдан кем болған жағдайда, ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54% тағайындалады. Бұл сома келер жылы – 15274 теңге.Еңбек өтілі 10 жылдан асатын болса, әр жыл үшін 2% үстеме қосылады. Егер жоғарыдағы мысалда келтірілгендей, жалпы еңбек өтілі 35 жыл болатын болса, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі өмір сүру деңгейінің 100% көлемінде, егер еңбек өтілі 20 жыл болатын болса, ең төменгі өмір сүру деңгейінің 74% көлемінде тағайындалады»,-деген болатын вице-министр.

Министрліктің таратқан мәліметтеріне қарағанда қазір елімізде базалық зейнетақы алатын 2 млн 139 мың адам бар. Олардың 44,1%-ының базалық зейнетақысы екі есеге көтерілетін болады. Бұл дегеніңіз, бүгінде зейнеркерлер 14 466 мың теңге алатын болса, 1 шілдеден – 28 274 теңге зейнетақы алады.

Аталған шара еңбек өтілі көп бола тұра, аз зейнетақы алып келген зейнеткерлердің зейнетақысын айтарлықтай жоғарылатып, әлеуметтік әділеттілікті орнатады.Сонымен қатар, 1 қаңтардан бастап, ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымы да өзгереді. Бүгінгі күнгі мөлшер – 24 459 теңге. Құрылымның өзгеруі оның мөлшерін 16%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда азық-түлік себетінің ішкі арасалмағы 60-та 40%. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, мұнда азық-түлікке жатпайтын бөлік ұлғайтылып, сәйкесінше 55-те 45% болады. Нәтижесінде, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері – 28 284 теңге болады.Вице-министрдің айтуынша, барлық уақытта жинақталған зейнетақы төлемдері инфляция деңгейінен 2% артығымен төленіп отырады.

-Өткен жылдары ресми статистика бойынша, инфляция деңгейі 7% болса, біз зейнетақы көлемінің индексациясын 9%-бен есептедік,-дейді Светлана Жақыпова. Жалпы алғанда, жаңа жүйе енгізілгенде қоғамда «қанша көп еңбек етсең, сонша көп зейнетақы аласың» деген ұғым қалыптасады.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ