Вице-премьер Батыс Қазақстанда болды

Осы аптада жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов аймақтағы эпидемиологиялық ахуалмен танысты.

БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, өңірдің коронавирустың ықтимал толқынына дайындығын зерделеген вице-премьер осы мәселе бойынша кеңестер өткізіп, облыс басшылығының атқарылған жұмыс туралы есебін тыңдады. Сондай-ақ Ералы Лұқпанұлы Орал қаласындағы жоспарлы емдеуге жатқызу үрдісімен танысу үшін көпбейінді аурухананың жұмысын тексерді. Медицина қызметкерлерімен кездесуде

Е.Тоғжанов облыстық жедел жәрдем станциясына жиырма автокөлік кілтін салтанатты түрде табыс етті.

 

 

Сапар барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары ағымдағы жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарланған облыстық 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысымен танысты. Сондай-ақ делегация дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жеті мыңнан астам атауының дистрибьюторы – «Талап» АҚ дәріханасына барды. Мұнда Е.Тоғжанов халықты және денсаулық сақтау нысандарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.

 

 

Жұмыс сапарының жалғасында Ералы Тоғжанов COVID-19 жұқпасының таралуын болдырмауға бағытталған санитарлық шараларды тексеру мақсатында «Сырым» бақылау-өткізу бекетінің жұмысын тексерді. Сапар соңында өңір басшысы вице-премьерге 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында атқарылған іс-шаралардың нәтижесі туралы баяндады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы