ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІНІҢ ЖҮГІ САЛМАҚТЫ

Іргесі берік, бірлігі бекем еліміздің іркіліссіз ілгерілеуі үшін ойы азат, танымы терең халқымыз тағдыршешті саяси науқанда тарихи таңдауын жасады.

Халықтың ауызбірлігі, қоғамдық келісім, этносаралық және конфессияаралық татулық- қашаннан ілгері жылжудың алғышарты. Осы құндылықтарды басшылыққа алатын болмысынан бітімгер жұртымыз қандай дау тумасын, соңын дабыраға ұластырмай шешуге ден қояды, ағайын араздасса араша түсіп жарастырады, тіпті ел мен елді елдестіруден де енжар қалмайды.

Бұл сөзімізге осы күнге дейін талай күрделі мәселелердің күрмеуін шешкен келелі кеңестер дәлел бола алады.

Президент өткен онжылдықтарда мемлекетіміздің қалыптасуында жасалған озық дүниенің барлығын алып, соның негізінде алға еркін қадам баса беретінімізді айтады. Сондықтан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі де өз нәтижесін көрсетіп, халық пен билік арасындағы көпір боларына сенім мол.

Биылғы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысы өтті. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Президент шетелдіктерге Қазақстанда ауыл шаруашылығына арналған жерлерді сату немесе жалға алуға тыйым салуды тапсырды.

“Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл — мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет”, — деді Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Президент тағы да шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Жердің шетелдіктерге сатылмауы мен жалға да берілмеуі – халық күтіп отырған ең басты мәселе.

Иә, саяси реформалар барлық жаңғырудың басы екені анық. Ең бастысы, мемлекет басшысы айтқандай, жаңғырудың түпкі мақсаты – әділ қоғам орнату болуы тиіс.

Президенттің бұл шешімі тарихта Қазақстанның болашағы үшін жасаған ең сәтті қадамы болып қалмақ.

А.Сейналиев,
Сарысу аудандық мәслихат хатшысы