Тымақ

Биік төбелі, екі құлағы бар, желке, жотаны жауып тұратын артқы етегі бар жылы ерлердің қысқы бас киімі. Оны аң терісінен тігіп, сыртын берік, қымбат маталармен тыстайды. Екі құлағына ызбалы бау тағылып, етегін төбеге қайырып қою үшін, тымақтың артқы жағына тобылғыдан немесе берік ағаштан тиек жасап қадайды.
Тымақты халқымыз үшін қасиетті бас киім. Оны айырбастауға болмайды, оған аяқ тигізбейді. Жақсы кісілердің тымағы атадан балаға мұра ретінде қалып отырған.
Бұрынғы кезде қазақтар шала туған баланы неше күні кем болса, сонша күн тымаққа салып, кереге басына іліп қоятын болған. Бұл — тымақтың қадірі мен қасиетін бейнелейтін көрініс.