ТҮРКІСТАНДА АҚЫН ТЕМІРҒАЛИ КӨПБАЙДЫҢ ӘДЕБИ КЕШІ ӨТТІ

Бүгін Түркістан облысы мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Farab» кітапханасында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ғалым, баспагер, ақын Темірғали Көпбайдың 60 жасқа толуына орай «Жырым еліммен бірге» атты кездесу кеші өтті. Әдеби кешке Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы, сыншы, профессор Құлбек Ергөбек, сатирик-жазушы Ермахан Шайхы, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай, Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев сынды зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысты.
Кешке жиналған қауым алдымен қарымды қаламгердің өмірінен сыр шертетін бейнетуындыны тамашалады. Шығармашылық өміріне куә болған зиялы қауым өкілдері өз естеліктерімен бөлісті. Содан соң ақынның «Сабан ақша» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кеш барысында ақын естеліктерімен бөлісіп, көпшілікке алғысын білдіріп, өлеңдерін оқып берді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі