Тоқсан бес жастың белесі

Абыз ақсақал жайлы айтар тұста ойға шомып, өткенге көз жібермеу мүмкін емес. Мен үшін бүгін 95 жасқа толып отырған Баттал Жаңабайұлы – бас редакторлардың ішіндегі эталоны, үлгісі іспетті. Мен облыстық «Aq jol», бұрынғы «Еңбек туы» газетіне 1970 жылдары келгенімде Бәкеңнің қырық жастан енді асқан жігіт ағасы кезі екен. Ол кісі кімді қабылдаса да, қызметі үлкеннің алдында елпектеуді білмейтін. Өзін салмақты ұстады. Есесіне, өзінен лауазымы төменді де жатсынбай, құрметтеп сөйлескені ұнайтын.

Баттал Жаңабайұлының өзім бағалаған ерекше үш қасиетіне тоқталғанды жөн көремін. Бірінші қасиеті, кадр мәселесіне өте кірпияз болды. Сапалы кадрларды таңдай білді. Өзі «Менің кез келген бөлім меңгерушімді бас редактор қойса, жұмыс істеп кетеді», – деп қарамағындағыларды бағалап отыратын. Кадрлардың ешбірін алалаған жоқ. Қызметкерлердің ішінде оның туысы, жекжаттары да болды. Бірақ, ешкімге артықшылық берген жоқ. Ешкімді жанына жақын тартқан жоқ, алыстатып та жібермеді. Тізгінді тең ұстады.

Екінші қасиеті, қызметкерлерінің уақытын бағалауы. Мәселен, ол кезде де алыстағы Мойынқұмнан қоңырау шалып, жиналысыма тілші жіберіңізші деп өтініп жатушы еді. Сонда Бәкең «Тілші жіберу немесе жібермеу менің жұмысым. Бастысы, сіздің жиыныңызды газет бетінде жақсылап көрсетсем болды ма?» деп келісімге келіп, алыс ауданға сандалтып тілші жібермей, аудандық газеттің журналистері арқылы материалдарды алдыртып, оң шешімін тауып жататын. Ол кісі басшылардың баяндамасы бойынша жазылған есеп үшін әзірленген материалдарды өте жек көрді. Сол мекеме мен кәсіпорын басшыларына қоңырау шалып: «Одан да сізге тілші жіберейін. Орын алған мәселені көрсетіп жазсын» дейтін. Осылайша, «Еңбек туы» газетінде жарияланған сын мақала облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, талқыланып жататын.

Үшінші қасиеті, облыстық партия комитетіне: «Маған кез келгенің қожалық жасай бермеңдер» деп ашық айтып, үгіт- насихат бөлімінің (қазіргі ішкі саясат) ғана тапсырмасын тыңдап, қалған бөлімдерге жік-жаппар бола бермейтін.

Баттал Жаңабайұлының абыройының арқасында газеттің беделі өсті. «Еңбек туы» газетінің (қазіргі «Aq jol») 50 жылдығына Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы Біләл Ниязбеков арнайы қатысып, біздің басылымды «Құрмет» орденімен марапаттады. Бұл – үлкен абырой. Ол кезде облыстық газеттің қызметкерлері 2-3 жыл өтпей, пәтерлі болатын. Мен бір жыл уақыт көлемінде баспаналы болдым. Түйіндеп айтқанда, Баттал Жаңабайұлының газетті жақсы басқарғанын әріптестері бағалап, уақыт та дәлелдеп отыр.

Ол кісі өз отбасының да берекесі. Ұл-қыздары, немерелері жоғары білім алып, еліміздің әр қиырында еңбек етіп жүр. Жұбайы Фарида апайдың да ағамыздың жанын түсінгенін, үнемі қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн.

Ардақты ұстазымыз Баттал Жаңабайұлы 95 жастың белесіне жеткен екен. Сол 70 жылдары облыстық газетте еңбек еткен шығармашылық топтан екеуміз ғана қалдық. Баттал ұстазым жүз жастан аса берсін. Ол кісі алдымызда жүрсе, біз өзімізді жас сезінеміз. Алдымызда көш бастап жүре берсін! Елдің және өз ұрпақтарының ықыласына бөленіп, бақытты ғұмыр кеше берсін деп тілеймін!

Елен ӘЛІМЖАН, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, облыстың Құрметті азаматы.