Таласта төрт бөлмелі үйдің кілті табыс етілді

Ақкөл ауылында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Ақкөл орта мектебінің 2012 жылы бітірген түлектерінің демеушілігімен жалғыз басты көп балалы ана Ұлжан Кейкимановаға төрт бөлмелі үйдің кілті табыс етілді.
Демеушілер есебінен сатып алынған үйдің іші және сырты толығымен жөндеуден өткізіліп, шатыры ауыстырылған.
Қоныс тойға арнайы келген аудан әкімі Қанатбек Мәдібек, ауыл қариялары мен жомарттық жасаған түлектерге ізгі тілегін айтып, үй иесіне жүрекжарды лебізін білдірді.
Айта кетейік, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен 2020 жылдан бастап, Жамбыл өңірінде қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы іске асырылып жатыр.
Жобаның мақсаты – «Асар» дәстүрін жаңғырту, халықты береке-бірлікке бастау. Баспанаға мұқтаж отбасы ауыл ақсақалдарының шешімімен анықталады. Жобада басымдық әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасыларға беріледі.
Талас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі